• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Қаңтар, 2021

Мектеп медицинасының мәселелері қаралды

691 рет
көрсетілді

Жуырда Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың тө­рағалығымен мектеп меди­ци­­насының проблемалық мәсе­ле­лері бо­йынша онлайн-жұмыс конференциясы өтті. Отырысқа «Мектеп медицинасы» өңірлік бағдарламасының үйлестірушісі, аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары мен бейінді қауымдастық өкілдері қатысты.

«Біз мектеп медицинасы саласын­да­ғы пробле­малық мәселелерді талқы­лау, ескеру және келесі жылы қажет болған жағдайда нормативтік-құқық­тық актілерге өзгерістер енгізу, қаржыландыру мәселелерін және басқа да проблемаларды шешу үшін жиналдық. Балалардың денсаулығы – біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі», деді Ажар Ғиният.

Ана мен бала денсаулығын қор­ғау департаменті Балалар мен жасөспі­рімдер денсаулығын қорғау басқар­ма­сының бастығы Жанар Садуованың айтуын­­ша, 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін республика мектептерінде оқитындардың саны 9%, ал бір мектеп медбикесіне жүктеме 6%-ға артқан.

«2017 жылдан бастап мектеп дәрігерлері денсаулық сақтау жүйесіне көшкелі медицина қызметкерлері арасында біліктілігін арттырғандар қатары 2 есеге көбейді. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша да оң динамика бар. Үш жыл ішінде медициналық кабинеттерді жабдықтау 2017 жылғы 52 пайыздан 2019 жылы 96 пайызға дейін жақсарды, сондай-ақ қаржыландыру 27 пайызға артты: 2019 жылы 7 млрд теңгеден астам, 2020 жылы 18 млрд теңгеден астам бөлінді, 2021 жылы 18 млрд теңге бөлу жоспарлануда», деді Ж.Садуова.

Жүргізілген скрининг саны артқан: орындау пайызы 2017 жылы 89% және 2019 жылы 100% жетті. Көру органдары патологиясының 1,4%, неврологиялық патологиялар 1,2%, стоматологиялық патологиялар 1% төмендеуі байқалады, тірек-қимыл аппаратының патологиясын анықтау 4%-ға өсті.

Оқу кешендеріндегі гигиеналық норматив пен тамақтану стандарттарының сақталуына жасалған мониторинг барысында 1-5 сынып оқушыларында рюкзак салмағы бойынша нормативтің 2-2,5 есеге дейін асып кеткені анықталды, ал жеке шкафтармен бар болғаны 25,8% жабдықталған.

«Егер мектептегі денсаулық сақтау жүйесіне жиынтық талдау жүргізсек, онда өндірістік қағидат бойынша сауықтырудың төмен екені байқалады. Яғни тұрғылықты жері мен оқу орны арасында айырмашылық болған кезде емханалар арасындағы сабақтастық, медициналық ақпараттық жүйелерді енгізудің жеткіліксіз деңгейі және мектептердегі медициналық пункттер компьютерлер жетпегеннен зардап шегуде», деп атап өтті Ж.Садуова.

Сондай-ақ медициналық кабинет­тер­ді жабдықтау стандартталды, BLS оқумен және «мектеп медицинасы» циклімен қамтылған, мектептегі медицина қызметкерлерінің санаттылығы артты, мектеп оқушыларының тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар әзірленді және медициналық ақпараттық жүйелерді мектептің ден­саулық сақтау жүйесіне кезең-кезеңі­мен енгізу көзделді.

«Мектептегі медицина қызмет­кер­ле­рінің білік­тілігін уақтылы артты­руды жоспарлау, оқушы­ларды про­фи­лак­тикалық тексеру жағын дамытуға болады. Сондай-ақ меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдарды жасақтауды, мемлекеттік медициналық ұйымдарды «Мектеп медицинасы» сертификаты бар дәрігерлермен қам­та­масыз ету қажет», деді Ж.Садуова.

Іс-шарада Нұр-Сұлтан қаласының мектеп медицинасы үйлестірушісінің және Медициналық сақтандыру қо­рының талдау және болжамдау де­парта­менті өкілінің баяндамалары тың­далды.

Вице-министр А.Ғиният жоғарыда көрсетіл­ген­дерді ескере оты­рып, жер­гілік­ті денсаулық сақтау басқар­ма­ларына, құрылымдық бөлімшелер мен министрлікке қарасты медициналық ұйым­дарға түйткілді мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырмалар берді.