ЭКСПО шежіресі: Париж – 1878
Бүкіләлемдік көрмелер тарихы басталғаннан бергі уақытта жетінші рет жалауын желбіреткен ЭКСПО 1878 жылы үшінші рет Парижде өткізілді. Сөйтіп, 1876 жылы Америка құрлығында алғаш рет өткізілген Филадельфия Халықаралық әмбебап көрмесінен кейін адамзат шығармашылығының жетістігі сараланатын ұлы көрме қайтадан кәрі құрлыққа ауысты.
ЭКСПО шежіресі: Париж – 1878
Бүкіләлемдік көрмелер тарихы басталғаннан бергі уақытта жетінші рет жалауын желбіреткен ЭКСПО 1878 жылы үшінші рет Парижде өткізілді. Сөйтіп, 1876 жылы Америка құрлығында алғаш рет өткізілген Филадельфия Халықаралық әмбебап көрмесінен кейін адамзат шығармашылығының жетістігі сараланатын ұлы көрме қайтадан кәрі құрлыққа ауысты.
1870-жылдардың басында Франция бастан өткерген күрделі кезеңдердің ауыртпашылығы халық еңсесін түсіріп тастаған еді. Франко-Пруссия соғысында жеңіліс тапқан, Париж коммунасының салдарынан бір-біріне қару жұмсаған қасіретті кезеңнен еңсесі түскен француздарды жігерлендіретін ерекше бір ұлттық жетістік керек болды. Осыны ескерген француз өкіметі 1878 жылдың 1 мамыры мен 31 қазаны аралығында ауылшаруашылық, өндірістік тауарлардың және көркемөнер туындыларының кезекті Бүкіләлемдік әмбебап көрмесін өткізу жөнінде шешім қабылдады. Көрме аз уақыттың ішінде соғыстан күйзеліске ұшыраған ел экономикасын қалпына келтіре білген француздардың асқақ рухын және жоғары қабілетін паш етуге тиіс еді. «Қайғы мен қасіреттің пердесін сырып тастап, бүкіл әлемді баршаға ортақ үлкен мерекеге шақыратын күн келді», деп жазды Альфред Пикар.
Көрме қалашығы нысандарын салуға дәстүрлі Марс алқабында арнайы жер бөлінді. Сена өзенінің жарлы жағалауында ЭКСПО көрмесінің орталығы – «Трокадеро» сарайы салынды. Сол кездегі сәулет өнерінің озық үлгісі болып танылған сарайдың жалпы аумағы 300 мың шаршы метрге созылды. Оның салтанатты қас бетіне аллегориялық мүсіндерден тұратын 22 «Билік бейнесі» атты ескерткіш мүсіндер орнатылды. «Трокадеро» сарайының күмбезіне жалғастырып нормандықтар үлгісімен биіктігі 83 метр болатын қос мұнара тұрғызылды. Салтанатты сарайдың құрылысы ақ құм және қызыл кірпіштен өрілді. Бұл озық сәулет туындысының авторлары архитекторлар Жюль Бордо мен Габриель Давид еді. «Трокадеро» сарайы 1937 жылға дейін тұрды. Сол жылы бұл сарайдың орнына Париж қаласында өткен кезекті Бүкіләлемдік көрме қалашығы тұрғызылды. Көрме өткізілетін алаң орыс өнертапқышы П.Яблочковтың доға түріндегі 68 электр лампаларымен өрнектелді. Самаладай жарық беретін бұл лампалар көрмеге келушілердің үлкен қызығушылығын туғызды. П.Яблочков 1875 жылы ойлап тапқан бұл лампалар осы көрмеде алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып, «орыс жарығы» деген атпен мәлім болды.
Көрме қалашығының инженерлік жетістігінің шыңы – барлық нысандарды сумен қамтамасыз ететін құбыр жүйесі еді. 4 үлкен гидравликалық насостар Сена өзенінен суды 23 шақырым қашықтыққа созылған құбырлар арқылы үздіксіз айдап, бүкіл көрме қалашығын қамтамасыз етіп тұрды. Насос күшімен ағызылған судың бір бөлігі «Трокадеро» сарайының қос мұнарасы арқылы ағызылып, жоғарыдан құлаған су күші арқылы лифтілерді қозғалысқа келтірді. Көрмені тамашалауға келген жұртшылықты қызықтырған тағы бір нысан – «Трокадеро» сарайының жанынан арнайы қазылған карьерде орналасқан алып аквариум болды. Аквариумнің сыйымдылығы 1800 текше метрді құрады. Карьердегі аквариумнің қабырғалары қалыңдығы 22 мм. болатын 2500 шаршы метр шыны қабырғалармен қоршалды. Алып аквариумде ұзын сегізаяқтар мен алып акулалар жүзіп жүрді.
1878 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік әмбебап көрмеге әлемнің барлық алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатысты. Бір айта кететін мәселе, алдында өткен соғыста Францияны күйрете жеңген Германия бұл көрмеге қатысудан ресми түрде бас тартты. Алайда, алдыңғы қатарлы неміс инженерлері мен озық ойлы өнертапқыштары әлемдік көрмеге белсене қатысты. Сөйтіп, Париж көрмесінен ресми емес деңгейде немістердің 150 техникалық және өнертапқыштық туындылары көрнекті орын алды. Көрмедегі негізгі жәдігерлердің иесі француздар болса, шетелдіктерге арналған павильондардың басым көпшілігін ағылшындар иеленді. Көрмені ұйымдастырушылар оған қойылған жәдігерлерді 9 топқа және 90 сыныпқа бөлді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін тамашалауға келген жұртшылыққа бірнеше пар ат жегілген 800 салтанатты күйме және 12 мың екіаяқты арбакештер қызмет көрсетті.
Париж қаласында өткен Халықаралық көрме аясында көптеген ғылыми басқосулар мен конгрестер өткізілді. Осы көрмеде маңызды мәселелерімен есте қалған әйел құқығын қорғау конгресінің жұмысы көпшіліктің көңілінен шықты. Сол сияқты дүниежүзінен жиналған жазушылар алғаш рет өз конгрестерін өткізді. Бүкіләлемдік жазушылар конгресіне Виктор Гюго жетекшілік жасады. Осы конгресте әдебиет саласында авторлық құқықты қорғайтын алғашқы халықаралық заң қабылданды. Осы заңның қабылдануына И.С.Тургенев бастаған орыс делегациясы үлкен еңбек сіңірді.
1878 жылғы Париж көрмесіндегі техникалық озық жетістіктер қатарында әріп теретін машина, «Зингер» компаниясы шығарған іс тігетін машиналар ерекше қызығушылық танытты. Бұл кезеңде халықаралық рынокта зор сұранысқа ие болып үлгерген «Зингер» тігін машинасы (1877 жылы 280 мың дана тігін машинасы сатылған) көрмеге келген іскер топтар арасында да зор сұранысқа ие болды. Сонымен бірге, көрмеге қойылған Теорелляның метеорографы, бір адамның басқаруымен жұмыс істейтін, күніне 10 мың дана папирос шығаратын машина ерекше қызығушылық туғызды. Сол кезеңдегі жүрдек арбаларға арналып шығарылған резеңке доңғалақтар да кәсіпкерлердің үлкен сұранысына ие болды.
Бүкіләлемдік әмбебап көрме шеңберінде жан-жақты аттракциондар ұйымдастырылды. Осы ретте инженер Жиффараның көлемі 35 мың шаршы метрді құрайтын аэростаты көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Бұл аэростат көрмені тамашалаушы көпшілікке қызмет көрсетіп, тілек білдірген жолаушыларды бір шақырым биіктікке дейін көтеріп, көрме қалашығының айналасын ұшу алаңына айналдырды.
1878 жылы Парижде өткізілген Бүкіләлемдік әмбебап көрме Франция үкіметі алға қойған мақсатты толық орындап шықты. Ұзақ жылдарға созылған соғыстан күйзелген француздар алғаш рет көрмеге қойылған жетістіктері арқылы әлем жұртшылығын қызықтырып, ұлттық рухты асқақтатты. Француздар өздерінің жан-жақты жетілген, интеллектісі жоғары, рухы биік ұлт екені дәлелдеді. Осындай жоғары деңгейде өткен бұл көрмеге 13 миллионнан астам адам қатысты.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерде: көрмеден көріністер.