• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Қаңтар, 2021

Егемендік – елдік пен мемлекеттілік арқауы

301 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы елім, жұртым деген жұрттың көңілінен шықты деп ойлаймын. Жаңа жылдық құттықтауында Мемлекет басшысы «елімізді аспен де, таспен де қорғаймыз» деген болатын.

Қазақ Қазақтың атамекенінде отыр! Біз ешкімнен жерді сыйға алған жоқпыз! Дәлел жеткілікті.

«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қа­заққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырт­тан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бү­гінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді», деді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Батыл байлам! Ұққан адамға – аталы сөз!

Біздің осы уақытқа дейін бір ол­қы тұсымыз – Қазақстан тарихын тұ­тас қам­тып жаза алмағанымыз. Прези­дент осы мәселені де тап басып айтып­ты.

«Қазақстанның академиялық үлгі­дегі жаңа тарихын жазуды дереу бас­тау керек. Бұл іске бе­делді тарихшыларымызды тарту қажет. Сонымен қатар шетел ау­диториясына арналған Қа­зақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақ­тың сан ғасырлық шынайы тари­хын әлемге танытудың бір­ден-бір жолы», деп жазады Пре­зидент.

Осы ретте өте білікті жас тарихшыларды әлемнің әр шалғайына аттандырып, арнайы Қазақ тарихын зерттеу мен зерделеу ісіне көңіл бөлу керек. Әсі­ресе, ағылшын, араб, қы­тай, үнді, парсы және Еуропа елде­рінің тілін жақсы білетін жастардан мақсатты топ құрып, шетел архивтерін үңгіп зерттеу керек.

Тарихымызды дұрыстап алу – мемлекеттік мәселе. Ұлт­тық сана тарихы сананы жаңғыр­тудан бастау алады. Осыны ескеру керек.

Осы ретте тарихи фильм­дер түсіру арқылы ұлттың жадын жаңғыртуға жол ашылады. Ұлтымыз талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Қазақтың көр­меген қиындығы, тартпаған тақ­сыреті жоқ. Мемлекет басшысы қыр­ғыздың «Құрманжан датқа» фильмі туралы текке айтып отырмаған болар. Президент елдік пен мемлекеттілікті санаға сіңіру үшін бізге тарихи фильм­дердің қажет екендігін айтты. Тарихи тақырыпқа арнап түсі­рілген алты-жеті-ақ фильм қай жыртыққа жамау болады? Пре­зидент тап­сырмасына сәйкес, мем­лекеттік тап­сырыстың белгі­лі бір бөлігі міндет­ті түрде тари­хи тақырыптарға бағыт­та­ла­тын болады. Бұл – өте жақсы ұсы­ныс!

Тіл – Тәуелсіздік тұғыры! Мем­ле­кеттік тіл – тәуелсіздіктің бір атрибуты! Осыны ескерген Пре­зидент барша қазақстан­дық­тарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отан­дас­тарға үндеу тастады. «Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді», деді Президент.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­ды­ғы. Былайша алсақ, аз уа­қыт емес. Өзі­міздің әлсіз тұста­ры­мызды өзіміз біле­міз. Тезірек ол­қының орнын толтырмақ ке­рек.

Тәуелсіздік – ұлттың бағы! Қазақ үшін бәрінен қым­бат ұғым! Прези­дент­­­тің мақала­сында елдік мұрат анық ай­қын­далған. Назар аударатын, мән бе­ре­тін мемлекеттік мәселелер бар­шы­лық.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы «Тәуелсіз­дікті жыл санап, ай санап, апта санап, күн санап, сағат санап шегелей беру керек» деген еді бір сұхбатында.

Бізге тегеурінді іс керек. Талап керек. Тағат керек. Ма­қа­ладан ойға түй­ген нәрсе көп. Есті азаматтар елдіктің жо­лында елдің арбасын алға қарай бірге тартады деп есептеймін.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты