• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Желтоқсан, 2013

Пьеса телесериалға айналды

442 рет
көрсетілді

 Көрнекті жазушы Дулат Исабековтің пьесасы негізінде түсірілген «Әпке» телесериалының алғашқы бөлімдері «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жүріп жатыр. Жуырда осы телехикаяның тұсаукесер рәсіміне орай брифинг ұйымдастырылды.

Көрнекті жазушы Дулат Исабековтің пьесасы негізінде түсірілген «Әпке» телесериалының алғашқы бөлімдері «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жүріп жатыр. Жуырда осы телехикаяның тұсаукесер рәсіміне орай брифинг ұйымдастырылды.

«Әпке» өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдары дүниеге келген шығарма. Содан бері заман өзгерді, ұрпақ ауысты. Құндылықтарға деген түрлі көзқарастар пайда болды. Руханиятты нарыққа бейімдеу туралы ойлар да айтыла бастады. Бірақ, адамзатпен бірге жасасып келе жатқан негізгі адамгершілік заңдары қоғамдық өзгерістерге ешқашан да тәуелді болмақ емес. Өйткені, ол тұтас халықтың сұра­нысына ие, күнделікті тұтынуға қажетті «шикізат». Біз үшін тұтас халықтың сұранысына лайық сондай шығарманың бірі – «Әпке». Өз тағдырынан бауырларының қамын биік қойған абзал жанның маңайында өрбитін оқиға, яғни, «Әпке» пьесасы екі сағатқа лайық­талған. Ол 36 жылдан бері М.Әуезов атындағы академиялық драма театры мен басқа да облыстық театрларда қойылып келеді. Ал, соның негізінде жасалған «Әпке» – 16 се­риядан тұратын, жаңа заманға лайық­талған кинотуынды.

Жазушы Дулат Исабеков өз шығармасының телехикаяға арналып, қалың көрерменге жол тартқаны үшін алдымен «Қазақстан» ұлттық арнасының басшылығына ризашылығын білдірді. Фильм ұлт­тық арнаның тапсырысымен, Нұргелді Сәдіғұлов, Мұрат Бидо­сов, Батырхан Сазаханов, Жә­мит Көшербаев сынды режис­сер-сценаристердің, фильм­ге қа­тысы бар тағы басқа да жандар­дың еңбектерінің арқасында дү­ниеге келді. «Қазақта көш жүре түзеледі дейтін жақсы сөз бар. Өйткені, біз сериал түсіруді енді ғана қолға алып жатырмыз. Сол үшін кемшіліктер жоқ емес. «Әп­кеге» қатысты алғанда оның ба­ға­сын кейіннен киносыншылар айта жатар. Мен бүгін бұл туын­дымның шеруі тоқтамағанына риза­шылығымды білдіргім келеді. Сахнада алғаш әпке рөлін сомдаған Фарида Шәріпова еді. Қазір арамызда жоқ. Одан кейін әпке боп сахнаға шыққандардың да алды әже боп кетті. Міне, енді жаңа заманның кинодағы «әпкесімен» кездесейін деп отырмыз. Жалпы, туынды бір жанрдан екінші жанрға өткенде мазмұндық, көркемдік жағынан бір нәрселерді жоғалтып, екінші бір нәрселерді тауып жатады. Оның үстіне телехикая басқа заманда түсіріліп отыр. Киноны алдын ала көргенім жоқ. Мен де ел қатарлы көріп шығатын боламын», – деді Дулат Исабеков.

«Қазақстан» РТРК» басқарма төрайымының орынбасары Қайнар Олжай ұлттық арнада бір ай бұрын түрік пен корейдің сериалдары тоқ­­тағанын, олардың орнына бұ­дан былай отандық өнімдер ұсы­ны­латынын жеткізді. Қазақ драма­тур­гиясының көшін бастап келе жатқан белгілі қаламгердің «Әпке» туындысы халыққа ұсы­нылып отырған ал­ғаш­қы сүбелі дү­ние екенін, бұны түсі­руге кино және теле­визия саласында белгілі бір жетіс­тікке жеткен мамандар тар­тыл­ғанын баяндады.

Айта кетейік, «Әпке» фильміне Рита Күмісқалиева, Қуаныш Ке­рім­құлов, Дарын Шыныбек, Айдана Асқар, Әли Тұрсынханов, Бақытжан Әлпейісов, Шынар Асқарова, Ерлан Біләл, Айзада Сатыбалдиева, Жалғас Толғанбай және тағы басқа актерлер мен актрисалар түскен.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».   

 

Соңғы жаңалықтар