Бұқтырма су қоймасындағы өткелдің жайы күрмеуі шешілмейтін мәселеге айналып, жылдар бойы Күршім, Марқа, Үлкен Нарын өңірі халқының облыс орталығымен қатынасуын қиындатып келе жатқан еді.
Кешегі кеңес дәуірінде Ертіс өзені – Бұқтырма су қоймасы арқылы өткел қызметін атқарып тұрған «Ертіс», «Енисей» атты екі үлкен паром жарты ғасырға жуық жөндеу көрмей пайдаланылғандықтан әбден ескіріп, жол прокуратурасы тарапынан жүзуіне тыйым салынған болатын.
Бұқтырма су қоймасындағы өткелдің жайы күрмеуі шешілмейтін мәселеге айналып, жылдар бойы Күршім, Марқа, Үлкен Нарын өңірі халқының облыс орталығымен қатынасуын қиындатып келе жатқан еді.
Кешегі кеңес дәуірінде Ертіс өзені – Бұқтырма су қоймасы арқылы өткел қызметін атқарып тұрған «Ертіс», «Енисей» атты екі үлкен паром жарты ғасырға жуық жөндеу көрмей пайдаланылғандықтан әбден ескіріп, жол прокуратурасы тарапынан жүзуіне тыйым салынған болатын. Олардың орнына көмір-құм сияқты сусымалды материалдар тасымалдауға арналған тіркемелі «Самай» мен «Сұңқар» атты шағын екі баржа келген еді. Меншік иелігіндегі шағын паромдар жел көтерілсе, қабыршық мұз түссе, жүре алмайды. Ондай кезде Өскеменге тура жол жабылатын. Екі жағада улап-шулап қалған халықтың жағдайын түсіну қиын емес. Айналма жол Зырян, Зайсан қалаларын басып өтетіндіктен, облыс орталығы тіпті алыстады. Жол шығыны еселеп артып, қаншама уақыт зая кететін болды. Өзі би, өзі қожа меншік иелері «қашан жүрем, қашан тоқтаймын өзім білемін» деп кергіді, қалайда пайда табу үшін тасымал құнын өсірді. Неше жыл бойы, амал жоқ, өңір халқы оған да көнді. Жығылғанға жұдырық дегендей, «іштен шыққан» таксистер жол ақысын асырып, 220 шақырымдық Өскеменге дейін 5000 теңгеден «такса» қойды. Тауардың, тамақтың, құрылыс материалдарының бағасы еріксіз-ырықсыз айға шапты.
Сөйтіп жүргенде, жақында елдің шетіндегі, желдің өтіндегі халықтың көзі ашылды.
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың пәрменді көмегімен дизельді «Енисей» электроходы коммуналдық меншікке өтіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткен соң «Күршім» деп аты қазақшаланып, қайта пайдалануға берілді. Қазір «Қызыл ту» паром өткелінің барлық мәселесімен айналысатын «ОблШығысжол» мекемесі базасында жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды.
«Күршім» паромының іске қосылуына орай салтанатты шара өткізілді. Айтулы шарада өңір басшысы Бердібек Сапарбаев күршімдіктерді жағымды жаңалықпен құттықтап, ауданның өркендей түсуіне тілек білдірді. Паромның жеке меншіктен мемлекет меншігіне өтуі Біріккен Араб Әмірліктерінен келген іскерлік серіктестіктердің демеушілігінің арқасында, 80 млн. теңге грант бөлініп, жүзеге асқандығын атап, оларға ризашылығын білдірді.
60 жеңіл көлік сыятын, 185 тонна жүк көтеретін паромның 6 балдық штормға, қолайсыз ауа райына да төтеп беретіндігі қатынастың қауіпсіздігіне кепіл болмақ. Екі жағадағы ұзын-сонар кезек келмеске кетті.
Сонымен, тура жолдың көлік қатынасы ретке келтірілді. Тасымал бағасының төмендеуі де қуантады. Паром бекітілген кесте бойынша таңғы сағат 6-дан кешкі сағат 9-ға дейін күніне 16 рейс жасайды. Электроход қалыңдығы 25 сантиметрге дейінгі мұзды жарып жүре алады.
– Сәт сапар саған, «Күршім» паромы! – дейді бүгінде аудан халқы асқан ризашылықпен.
Күршім, Марқакөл өңірінің тұрғындары атынан:
Е.Ақтекенов, Н.Қайыров, Н.Қалитова, С.Ысқақов, А.Шалабаев.
Шығыс Қазақстан облысы.