Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Исмет Йылмазбен кездесті.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Исмет Йылмазбен кездесті.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қазіргі таңда бауырлас елдеріміз басшыларының арқасында белсенді түрде дамып келеді. Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін таныған тұңғыш мемлекет. Алғашқылардың бірі болып, Қарулы Күштерді дамытудың әртүрлі аспектілері бойынша өз тәжірибелерін бөлісуге әзірлігін білдірген болатын, деп атап өтті Ә.Жақсыбеков.
Кәсібилендіру бүгінде Қазақстан әскері үшін өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Осы бағытта Қазақстан әскери ведомствосы түрік әскерінің іріктеу жүйесін дамыту, шақыру, әскери персоналды есепке алу мен бағалау тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
Әскери білім мен ғылым қазақ-түрік әскери ынтымақтастығының маңызды бағыты болып табылады. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Түркия әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызметшілер үшін оқыту квотасын арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде дәріс оқу үшін профессорлық-оқытушылар құрамын шақыруға мүдделі. «Еліміздің әскери мекемесін жетілдірудің маңызды бөлігі білікті және дайындалған мамандар болып табылады», – деп атап өтті Ә.Жақсыбеков осы орайда.
Тараптар осыған дейін Анкарада өткен кездесу екіжақты өзара іс-қимылдың бағыттарын нақтылап, болашақтағы басымдықтарды неғұрлым айқындап бергенін атап өтті.
Ә.Жақсыбеков пен И.Йылмаз екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде әскери-техникалық өзара іс-қимыл саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Одан кейін Қазақстан мен Түркия қорғаныс ведомстволарының басшылары электронды-оптикалық құрылғылар өндіретін «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнының ашылу рәсіміне қатысты. Қазақстандық мамандар осы зауыттың өнімдерін әртараптандыру мүмкіндігін қарастыруда.
Ә.Жақсыбеков И.Йылмазға Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Түркия Қазақстан үшін халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықта сенімді әріптестер қатарында қала беретінін жеткізді.
«Егемен-ақпарат».