туралы қойылым қазақ зиялыларының тағдырын бейнелейді
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры Қостанай көрермендеріне «Мәриям мен Ілияс» атты спектакльді ұсынды. Көрермендер онда тек ақын Мәриям Хакімжанова ғана емес, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаров және аса ауыр трагедиялық тағдыр иесі Алма Оразбаева, ақын Зияш Қалауовамен де жүздеседі. Мәриям Хакімжанова қазақ әдебиетіндегі қазақ қыздары арасында жазба әдебиетті бастаған ақын ғана емес, адамгершіліктің, азаматтықтың, зиялылықтың биігіне көтерілген тұлға екенімен де өте қымбат есім.
туралы қойылым қазақ зиялыларының тағдырын бейнелейді
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры Қостанай көрермендеріне «Мәриям мен Ілияс» атты спектакльді ұсынды. Көрермендер онда тек ақын Мәриям Хакімжанова ғана емес, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаров және аса ауыр трагедиялық тағдыр иесі Алма Оразбаева, ақын Зияш Қалауовамен де жүздеседі. Мәриям Хакімжанова қазақ әдебиетіндегі қазақ қыздары арасында жазба әдебиетті бастаған ақын ғана емес, адамгершіліктің, азаматтықтың, зиялылықтың биігіне көтерілген тұлға екенімен де өте қымбат есім.
21 жасында күйеуі өліп жесір қалса, отыз бір жасында екінші отасқан жолдасы, сүйікті жары Серғали саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады. Өзі Бейімбеттің қамқорлығын көрсе, Мәриям апаның аналық мейірімін кімдер сезінбеді?! Спектакльде қазақтың қайсар әйелінің ақындығынан бұрын оның ана, азамат ретіндегі тұлғасы көрінеді. 30-шы жылдары Серғалидан айырылғанымен қоймай, оны, балалары, бұрынғы әйелінің 90 жастағы әкесі, өзінің іні-сіңлілері барлығы жеті жетім Мәриям апаның қолына қарап қалады. Өзінің басында осынша қайғы тұра, жазықсыз атылып кеткен әдебиеттегі ағаларының отбасыларына да қарасады, жанын шүберекке түйіп жүріп, түнімен оларға шанамен сексеуіл тасыған күндерді бастан кешті. Серғалидың басын жұтқан Шәріптің «қиқаңына» да әйелдік ар-намысының жоғарылығымен жауап береді. Өзінің жерлесі жас Ілиясты – қоғам қайраткері, қазақ өнері мен әдебиетінің керемет білгірі, жанашыры Ілияс Омаровты мама қаздай бауырына тартып, жөн сілтеді, өзінің туған бауырындай, баласындай көрді.
Мәриям апаның соғыс жылдары қаржы тауып, Мұрын жырауды сонау Ақтаудан алдырып, «Қырымның қырық батыры туралы» жырды қағазға түсіріп алуын ерлік деп неге айтпаймыз? Қазірде бір экспедиция жасайтын істі апамыз бір өзі ғана тындырған. Осындай ірі тұлғаның әйел ретінде тағдыры қалай ауыр болды десеңші. Мен осыны көрсеткім келді, – дейді пьесаның авторы әрі режиссері, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай.
– Бүгінгі ұрпақ қазақ зиялыларының тағдырын біле бермейді. 60-80-жылдардың өзінде Мәриям апаның қамқорлығын көрмеген, мейіріміне шомылмаған қазақ ақын-жазушыларының ішінде кісі аз. Апамыздың атында Қостанайда бір мектеп, бір көше бар. Содан басқа жұрт ол туралы не біледі? Зияш Қалауовадай жанып тұрған ақын қыздың болғанынан хабарсыздар да жеткілікті. Ал зиялылар өмірінің танымдық жағын жастарға айтып отыруымыз керек, – дейді ақын Серікбай Оспанов.
Қойылымда Мәриям Хакімжанованың тұлғасын сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаһарбану Есенғұлованың сахнадағы шеберлігі мен шынайылығына көрермен тәнті болды. Келер жылы өзі де жетпіске толғалы отырған Шаһарбанудың сахнадағы тұлғасының өзін Мәриям апаға ұқсатқандар аз болмады.
– Шаһарбанудың өзі де кешегі Өзбекәлі Жәнібековтің тәрбиесін, Хадиша, Сәбира, Шолпан, Серағаң, Қапандардың көзін көрген кеудесі алтын сандық адам ғой. Ол сахнада Медеядан бастап, талай әйелдің бейнесін сомдады. Бірақ Мәриям апа рөлінің Шаһарбану үшін орны бөлек деп ойлаймын. Актрисаның талантын бұл рөл бұрынғыдан да бетер алмастың қырындай аша түсті. Залдың Шаһарбану-Мәрияммен бірге күліп, бірге жылап отыруының өзі осыны көрсетсе керек, – дейді режиссер Ерсайын Төлеубай.
Спектакльде Мәриям апаның қолында болған жас Зияштың бейнесін жас актриса Диана Рахметова сәтті алып шықты. Сонымен қатар, театрдың белгілі актері Қабділмәжит Иманов Шәріптің, Бақытжан Таңатқанұлы Ілиястың, Гүлмира Уәлиева Алманың, Зәмзәгүл Бегайдарова Ғұснидың образын сенімді сомдады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.