• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2021

Филомена дауылы: Испанияда қыс қаһарына мінді

289 рет
көрсетілді

Филомена дауылы Испанияның бір бөлігін қалың қармен жауып тастады. Сенбі күні елдің жарты аумағында дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz тілшісі bbc.com сайтына сілтеме жасап.

Биыл Испанияда қыс қаһарына мініп тұр. Екі күн бұрын ғана елдегі ауа температурасы -34,1 °C көрсеткені туралы ақпарат тараған еді. Ауа райының қолайсыздығы әзірге тұрақталатын емес. Алдағы 24 сағатта 20 см-ге дейін қар жаууы мүмкін деген болжам жасалып отыр.

Қазірдің өзінде қалаларды қардан тазарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қалың қардың салдарынан жұма күні кешке бірнеше автокөлік ел астанасына кіретін автожолда тұрып қалған.

Кептеліп қалған жүргізушілерге көмек көрсету үшін өрт сөндірушілер шақырылды. Кейбір аудандарда жолдарды тазартуға көмектесу үшін әскер жұмылдырылған.

Билік адамдардан алыс сапарға шықпауды ескеріп жатыр.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Мадридте мұндай жағдай 40 жыл бұрын ғана болған көрінеді. Сондықтан да болар AEMET метеорологиялық агенттігі қардың «ерекше және тарихи болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

«Мадридтегі атақты Пуэрта-дель-Соль алаңында бірнеше адам қыс қызықтарынан ләззат алып, серуендеп жүргені байқалады. Тіпті олардың саны көбейе бастағандықтан қаладағы үлкен саябақтар сақтық шарасы ретінде жабылды» , - деп хабарлайды AFP агенттігі.

Мұндай қысты көрмеген испандықтар әйгілі Гран-Виа көшесінде шаңғымен сырғанап жүр.

Батыс Еуропаның ең үлкен кедейлеу қаласы Каньяда-Реал тұрғындары жылыну үшін көшеде от жағуға дейін барған.

Демалыстан кейін суық ауа райы сақталады, ал бейсенбіде Мадридтегі температура -12 градусқа жетеді деп болжануда.