• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2021

Қазақстан жастары сайлауда белсенділік танытуда – Польша Сеймасының депутаты

344 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына тәуелсіз бақылаушы ретінде тіркелген Польша Сеймасының депутаты, «Азаматтық платформа» партиясының өкілі Томаш Ленц жергілікті жастардың белсенділігін жоғары бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz

Саяси додаға Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен келген Томаш Ленц таңертеңнен бері Нұр-Сұлтан қаласындағы үш сайлау учаскесіне барғанын атап өтті.

– Сайлау учаскелері ашылған алғашқы сағаттарда-ақ халықтың белсенділігі ерекше байқалды. Әсіресе, жастардың белсенділігі сүйсінтті. Өйткені «жастар саясатқа қызықпайды» деген тәмсіл бар. Қазақстан жастары осы тұжырымды теріске шығарғандай. Олардың саяси белсенділігі тым жоғары. Демек, олар елдің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайды, – деді Томаш Ленц.

Польша Сеймасының депутаты биылғы Парламент сайлауының қазақстандықтар үшін маңызы жоғары екенін жеткізді.

– Сайлауға 5 саяси партия қатысып жатыр. Тізімде де жаңа есімдер көп. Халық қандай партиялардың Парламенттен орын аларын да білмейді. Демек, бұл жолғы сайлаудың маңызы жоғары, – деді ол.

Тәуелсіз бақылаушы қазақстандықтардың сайлауға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді.

– Аңғарғаным, биылғы сайлауда қазақстандық бақылаушылардың саны өте көп. Әр учаскеде әр партияның өкілі саяси доданы бақылап отыр. Бұл халықтың саяси белсенділігін көрсетеді. Әрине, КОВИД-19 пандемиясына байланысты шетелден келген бақылаушылардың саны аздау. Бірақ жергілікті бақылаушылардың өзі жағдайды мұқият назарда ұстайтыны анық, – деді Томаш Ленц.