Бүгін, яғни 10 қаңтарда елордада 2 199 астаналық туған күнін атап өтті. Оның үстіне бұл күні 31 адам кәмелет жасына толып отыр. Ал сайлауға 16 316 қала тұрғыны алғаш рет қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Әкімдіктің ресми сайтының мәліметінше, бүгін елорданың жас тұрғыны Бауыржан Ақшабаевтың өмірінде екі маңызды оқиға болып отыр. Бұл күні ол кәмелет жасына толып қана қоймай, алғаш рет дауыс берді.
«Сайлауға неліктен қатысу керек? Мен үшін оның жауабы өте қарапайым. Әр азамат өз елінің өміріне араласуы керек. Бұл — ерекше сезім. Қазақстан азаматы екендігіме және тарихи сәттерге араласатыныма қуанып әрі мақтанып отырмын», дейді Бауыржан.
Ол туған күнінде №87 учаскеге барып, өзінің ересек өміріндегі алғашқы азаматтық борышын орындады. Сондай-ақ, Бауыржан құрдастарына өзінен үлгі алуға және болашаққа сеніммен қарауға кеңес берді.
«Әлемді өзгерту үшін өзгерісті алдымен өзіңнен бастау керек. Сайлау — азаматтық жауапкершілікті көрсету және еліміздің тағдырын өзгерту үшін ең қолайлы сәт», деді жас сайлаушы.
Бауыржан Ақшабаевқа алғашқы сайлаудан естелік ретінде Абайдың кітабы сыйға берілді.