Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы дәрігерлерге «салғырттықтары кісі өліміне әкеліп соқты» деген айып тағылып,істері сот отырысында қаралған болатын. 3 дәрігер рақымшылыққа ілініп, сот залынан босап шықты. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Өткен аптадағы ақпарымызда Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлеріне байланысты сот отырысы басталғанын жазғанбыз. Осыған қатысты қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылса да, марқұмның анасы осы жолы әділ шешімнің болатынына үмітін үзбеген еді..Алайда, іс жүзінде олай болмай шықты. «Айыпкерлерге қатысты рақымшылық қолдануға құқымыз бар. Бұған прокурор да қарсылық білдірген жоқ. Дегенмен, сот процесінің аяқталуы дәрігерлерді жауапкершіліктен құтқармайды. Олар әлі де айыпкер ретінде қарастырылады.»,-дейді Ақтау қалалық сотының судьясы Марет Ковраева.
Бұл шешім дәрігерлердің емдеу мекемесінде жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін көрінеді. Жәбірленуші тарап тағы шағым жазуға әзірленіп жатыр. Өйткені, дәрігерлер кінәлі екендіктерін сотта мойындады.
Осыдан 3 жыл бұрын Данияр Имашев жол апатына түсіп, түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен болатын. Сол кезде оған ота жасаған дәрігерлер оның бір аптадан кейін сауығып кететінін айтқан. Ол 7 сағаттан кейін көз жұмғанында, дәрігерлер мұның себебін жүрегі кенеттен тоқтап қалуымен байланыстырды. Ал сараптама қорытындысында өкпеге қан кетуінен жағдайы нашарлағаны көрсетілген.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы.
.