Павлодар облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің хабарлауынша, бұрнағы жылдары киіктер өңірде 10-15-тен ғана топтанып жүрсе, қазір түз еркесінің саны 8 мыңға жеткен. Бұл – киіктерді сақтау жолындағы қатаң жауапкершіліктің нәтижесі.
Еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми мақсаттардан басқа, 2023 жылға дейін киіктерді атуға тыйым салу туралы мораторий енгізгені белгілі. Мақсат – браконьерлікпен күресті күшейту, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғауды өңірдегі «Орман және жануарлар дүниесін қорғау аймақтық мемлекеттік инспекциясы» мен «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» жүзеге асыруда. Сонымен қатар облыс аумағында «Аңшылық» шаруашылығының арнайы мекемесінің тірек бекеттері орналасқан. Мекеме 123 млн гектардан астам орман аумағын тәулік бойы бақылайды. Қазір тіпті қасқырды ату үшін де арнайы рұқсат қағазы талап етіледі.
Жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төленбаевтың айтуынша, былтыр елікті заңсыз аулаудың екі оқиғасы тіркеліпті. Орманшылар Аққулы ауданы, Бесқарағай орман шаруашылығында полиция қызметкерлерімен бірге елік атқан үш браконьерді ұстаған. «Бұл құқықбұзушылық үшін айыппұл мөлшері 350 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Киіктер ерекше қорғалатын орман аумағында атылғандықтан, табиғат байлығына қол тигізгендер 2 млн теңгеден астам қаражат төлейді», дейді инспекция басшысы.
Киіктерді заңсыз ату немесе зиян келтіргені үшін, жануардың еркегін атқандар үшін 500 АЕК, ал аналық киік пен төлін атқандарға 350 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жыл сайын желтоқсанның 1-інен 31-іне дейін «Киікті қорғау» шарасының қысқы кезеңі өтеді. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін биыл киік санағына МИ-2 ұшағы тартылды.
Орманшы Қажмиден ағамыздың айтуынша, желтоқсан айында еркек киіктер едәуір әлсірейді, бұл браконьерлер мен жыртқыштар үшін оңай олжа. Ал киіктердің жаппай қырылу уақыты көбінесе мамыр айында, яғни төлдеу кезінде болады.
«Киік дейміз, елік те дейміз, қазір қасиетті жануарларды қорғау шаралары жүргізілуде. Бұл жануардың төлдеуі де қызық. Алғашқы төлдеуінде бір лақ, ал екінші төлдеуінде екі-үш лаққа дейін туа береді. Құралайдың салқыны түскенде, мамыр айының 10-15-і күндері төлдеуі басталады», дейді орманшы.
Бұл күндері басқарма мамандары өңірдегі Орман және жануарлар дүниесін қорғау аймақтық мемлекеттік инспекциясы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшыларымен бірлесіп, Май және Баянауыл, Аққулы аудандарының аумағындағы ормандарда киіктерді қорғау шараларын тұрақты жүргізуде.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау жергілікті полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Мысалы, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында былтыр полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасындағы 760 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 324 адам балық аулау ережесін және 365 адам аң аулау ережесін бұзған. Жалпы сомасы 5,2 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салыныпты. Инспекция қызметкерлері «Атылған киіктерді сатып алу және сату бойынша» әлеуметтік желілердегі хабарландырулардың таралуына тұрақты түрде мониторинг жасап, бақылауға алған. Киік мүйізінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтіліп, оны елден тыс жерлерге әкетуге тосқауыл қойылған.
Павлодар облысы