• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

534 рет
көрсетілді

УРАНҒА ОРЫН ЖОҚ Украина президенті Виктор Янукович өздерінде сақталып қалған байытылған қарулық уран­ды 2012 жылға дейін жою жө­нінде шешімге келгенін хабар­лады. Мұны жұртшылық Вашин­гтон­да өткен ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі саммиттің шешіміне жедел үнқосу деп қабылдады. Бұл елде әлі күнге сақталып қал­ған 90 кило­грамм байытылған уран бар екен. Одан бірнеше атом­дық оқтұмсық жасауға мүм­кіндік бар көрінеді. ЛАҢКЕСТЕРДІ АЙЫПТАДЫ Сауд Арабиясында шариғат талаптарын сараптайтын дін­ба­сы­лар – Жоғарғы үлемдер кеңесі өзінің үш күнге созылған жабық мәжілісінде лаңкестікке нақты анықтама беріп, мұндай әрекет­тер жөнсіз деп тауып, діни тұр­ғы­дан қарағанда оны қаржы­лан­дыруға тыйым салынатынын жа­риялады. Бұл енді шын мәнінде кейбір ислам атын жамылған лаң­кестік ұйымдарға айтарлық­тай соққы болмақ. Жоғарғы үлемдер кеңесі өз шешімдерінің тек Сауд Арабиясы ғана емес, басқа елдерде де күші барлығын мәлімдеді. КҮТПЕГЕН ЖЕҢІМПАЗ Ұлыбританияда парламент сай­­лауының науқаны жаңаша өтіп жатыр. Сайлауға түскен же­текші партиялардың көсемдері алғаш рет телепікір сайысына тү­сіп, өз бағдарламаларын қорғады. Бұл жолы дәстүрлі билік үшін кү­ресетін екі партия – лей­бо­рис­тер мен консерваторларға қоса, телесайысқа либерал-демократ­тар көсемі Ник Клегг те жібе­ріл­ген еді. Көрермендердің бағасы бойынша сол Клегг жеңіске же­тіп, жұртты таңдандырды. Кон­серватор Дэвид Кэмерон екінші болса, биліктегі лейбористер пар­тиясының көсемі Гордон Браун бәрінің соңында қалды. БАКИЕВТІ ШАҚЫРАДЫ Әдеттегіше Белоруссия прези­ден­ті Александр Лукашенко то­сын мәлімдеме жасады: өз елі би­ліктен қуылған Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевті қабылдауға әзір деді. Күні кеше Бакиев қайда барарын білмей тұрған кезде мұны неге айт­паған дейсің-ау. Қазақстан көр­ші елде қантөгіске жол бер­меу үшін биліктен айырылған Ба­киевті уақытша Таразға әкелгені белгілі. Қазір ол Қазақстанды тастап шыққаны да мәлім. КЕПІЛДІККЕ ҰСТАҒАН Таиландта қызыл жейделілер деп аталатын оппозиционер­лер­дің қарсылық акциясының бас­тал­ғанына, міне, айдан асты. Олар үкіметпен келіссөзге отырса да, өз райларынан қайтар емес. Парламентті таратуды талап ете­ді, демек, қазіргі үкімет те кетуге тиіс. Олар жаңа әрекеттерге кө­шіп­ті – жұма күні полицияның жо­ғары шенді екі офицерін ке­піл­дікке алыпты. Сондағы айта­тындары – оппозиционерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Енді бұл – өркениетті талапқа келмейтін, заңға мүлде сыйыс­пайтын, лаңкестер пайдаланатын жол. КҮНДІ КӨЛЕГЕЙЛЕГЕН КҮЛ Исландияда аса қуатты жа­нар­тау атқылауынан Ұлыбрита­ния­ның әуе кеңістігіне ұшқан күл бұлты аспанға жайылып, авиа­цияның ұшуына кедергі жасады. Балқыған магма мұзға жайылғанда, содан пайда болған бумен қоса аспанға қалың күл бұлты көтерілген. Күл-бұлт ай­тарлықтай биікке көтерілген­дік­тен, ол адамның тыныс алуына оншалықты қиындық келтірме­ген­мен, сол биіктікте ұшақ­тар­дың ұшуына қауіпті екен. Қазір бүкіл Еуропа әуе компаниялары дерлік ұшақтарын ұшыра алмай, миллиардтағы еуро зиян шексе, жолаушылар жолдан қалып отыр. ЖЕР АСТЫМЕН КІРМЕК Египеттің қорғаныс күштері өз елі мен Палестина автономия­сының Газа секторының ара­сын­да контрабандалық мақсатта жа­салған 10 тоннель барлығын анықтапты. Мұндай тоннель­дер­дің барлығы бұрындары да ай­тылатын. Тіпті оған жол бермес үшін шекара бойына жер астына тереңдетіп кедергі де қоймақ болған. Сөйтсе де тоннель қалай да Мысырдың бір жерінен шығады ғой. Соны анықтаудың қиын болғанына таңданасың. Шекарашылары тым қамсыз болған-ау деген ой келеді. ЗІЛЗАЛАНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ ­Өткен сәрсенбіде Қытайдың солтүстік батысында тіркелген зіл­заланың салдары ауыр болып отыр. Қаза тапқандардың саны 1079 адамға жетті, жоғалғандар 300-дей, жарақат алғандар 11,5 мың­­дай болса, олардың 1180-інің жағ­дайы аса қиын екен. Қираған үйлердің астынан әлі де тірі қал­ған адамдар табылып жатқан кө­рі­неді. Ал құтқару жұмысына 7 мың­нан аса адам жұмылды­ры­лыпты. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.