• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2013

Қазақстан – беделді энергетикалық ұйым төрағасы

350 рет
көрсетілді

Өткен аптада Кипрдің астанасы Никосия қаласында Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның 24-ші сессиясы болып өтті. Осы сессияда Қазақстан 2014 жылдың қараша айында Астана қаласында өтетін Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның төрағасы болып сайланды.

Өткен аптада Кипрдің астанасы Никосия қаласында Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның 24-ші сессиясы болып өтті. Осы сессияда Қазақстан 2014 жылдың қараша айында Астана қаласында өтетін Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның төрағасы болып сайланды.

Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның Никосияда өткен 24-ші сессиясында осы ұйым төрағалығының жаңа жүйесі бекітілді. Бұл жүйе бойынша енді Конференцияға мүше мемлекеттер Хартияның жұмысына бұрынғыдан да белсенді түрде қатысады. 2014 жылдан бастап әрбір мүше мемлекет жыл сайын кезектесіп Конференцияға төрағалық ететін болады. Сөйтіп, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның алғашқы төрағасы міндетін атқарады.

Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференция – халықаралық энергетикалық секторда құқықтық негіздер белгілейтін Энергетикалық Хартия халықаралық ұйымының жоғарғы басқару органы болып табылады. Бұл ұйымға бүгінде Еуразияның 52 мемлекеті мүше болып отыр. Қазақстан Энергетикалық Хартия Келісімшартына 1995 жылы қосылған болатын.

2011 жылдан бері еліміздің Мұнай және газ министрлігінің кепілдемесі бойынша Энергетикалық Хартияға Қазақстан тарапынан «Kazenergy» ассоциациясы келіссөз үдерістеріне қатысатын өкіл міндетін атқарып келеді. Конференцияның 24-ші сессиясынан кейін «Kazenergy» ассоциациясы төрағасының орынбасары, бұдан былай, сонымен бірге, Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференция төрағасының да орынбасары болып табылатын Жанболат Сәрсенов осы бір халықаралық беделді ұйымға тұңғыш рет Қазақстанның төрағалық етуі аса зор бедел екендігін атап көрсетті.

– Біздің еліміз Еуразия құрлығының нақ орталығында орналасқан. Ол осы өңірдегі энергетикалық қауіпсіздік пен энергетикалық тұрақтылықты сақтауда үлкен рөл атқарады. Қазақстан осы салада өзінің сенімді де тәжірибелі халықаралық серіктес екендігін айқын дәлелдеді. Осы халықаралық беделді ұйымға төрағалық ету кезеңінде Қазақстан бүкіләлемдік энергетика саласында Хартияның шешуші де белсенді ұйым болуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды, – деді сессияда сөйлеген сөзінде Жанболат Сәрсенов.

Төраға орынбасарының айтуы бойынша, Қазақстан бұл ұйымға төрағалық жасаған кезеңде энергетикалық салаға және энергетикалық шикізат тасымалдау жүйесіне инвестиция тарту мәселесіне басымдық беретін болады. Сонымен бірге, алдағы уақытта 1991 жылы қабылданған Энергетикалық Хартияның ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесі де жауапты жұмыстардың бірі болмақ. Сессиядан кейін Жанболат Сәрсенов Энергетикалық Хартияның бас хатшысы Урбан Руснакпен екіжақты кездесу өткізді. Онда келесі жылы Астана қаласында өтетін Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның кезекті сессиясында қаралатын мәселелер белгіленді. Өз кезегінде бас хатшы Қазақстанды келесі жылы Конференция төрағасы болуымен құттықтады.

Энергетикалық Хартия жөніндегі Конференцияның 2014 жылғы сессиясы Астанада өтсе, 2015 жылғы сессия Грузияда, 2016 жылғы сессия Жапонияда өтеді. Қазақстан осы халықаралық беделді ұйымға төрағалық ету кезеңінде энергетикалық шикізат тасымалының жаңа тиімді де, қауіпсіз бағытын қалыптастыруға басымдық беретін болады. Бұл ретте энергетикалық шикізат транзитінің жаңа бағыты – «Жаңа Жібек жолы» транзиттік бағытына баса маңыз берілмек. Сөйтіп, Қазақстан ХХІ ғасырда жоғары қарқынмен дамитын жаңа энергетикалық рынокта Қытай мен Еуропа арасын жалғастыратын алтын көпірге айналмақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар