Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян үшжақты кездесу өткізіп, Таулы Қарабақ мәселесін талқылады.
Үшжақты кездесу жабық есік жағдайында өтті. В.Путин жиын басталар алдында көпшілік алдында сөз сөйледі. Ресей президенті Әзербайжан және Армениямен тату көршілік қарым-қатынасты жақсы бағалайтынын, сондай-ақ Әзербайжан мен Армения тарапының Ресейдің Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату жөніндегі әрекетіне қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді.
Ресей президенті 2020 жылдың қарашасында жасалған келісімдер рет-ретімен жүзеге асырылып жатқанын және осы әрекеттің Таулы Қарабақтағы шиеленісті Армения мен Әзербайжан халқының мүддесіне сай, әділ реттеуге мүмкіндік беретініне тоқталды.
Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары ортақ мәлімдемеге қол қойды. Онда Таулы Қарабақтағы инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселесі қамтылған. Атап айтқанда, аймақтың экономикалық және көлік қатынасы мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылады. Оған үш елдің премьер-министрлерінің орынбасарлары жетекшілік етіп, 30 қаңтарға дейін кездесуі тиіс.
Жиын аяқталған соң журналистерге сұхбат берген Ильхам Әлиев келіссөздердің жемісті болғанын жеткізіп, Таулы Қарабақ түйіні тарқатылып келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, аймақтағы инфрақұрылымды жандандыру мәселесі барлық тараптың мүддесіне сай келеді.
Сондай-ақ И.Әлиев Әзербайжанның Нахичеван автономиялы республикасымен тікелей қатынас жасауға мүмкіндік туғанына ерекше екпін берді. Әлиевтің сөзіне қарағанда, Армения тарапына да Әзербайжан арқылы Ресей, Иранға шығуына жол ашылады.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян әлі де талқылайтын мәселелердің көп екеніне тоқталды. Оның пайымдауынша, атысты тоқтатудың өзі зор жетістік болды. Қазір аймақтағы көлік қатынасын жандандыру күн тәртібінде тұр. Енді Таулы Қарабақтың мәртебесін айқындау қажет.
Естеріңізге сала кетсек, былтырғы қыркүйекте Таулы Қарабақ аймағында қақтығыс өршіді. Әзербайжан мен Армения жағдайдың ушығуына бір-бірін айыптады. Баку мен Ереван ара ағайын елдердің көмегімен бірнеше рет атысты тоқтату туралы келісімге келген. Бірақ көп ұзамай қақтығыс қайта жалғасты.
Ақыры Ресейдің араға түсуімен Армения мен Әзербайжан соғысты тоқтату жөніндегі келісімге келді. Сөйтіп 10 қарашада 44 күнге созылған қақтығыстың нүктесі қойылды.
Келісімге сәйкес, Әзербайжан соғыс кезінде азат еткен Таулы Қарабақтың бір бөлігін және Армения басып алған 7 ауданды өзіне қайтарды. Армения аумағынан Әзербайжанның негізгі территориясын Нахичеван аумағымен жалғайтын дәліз берілді. Сонымен қатар Таулы Қарабақты Армениямен байланыстыратын дәліз құрылды.