• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2013

Жаңа зауыт іргетасы қаланды

347 рет
көрсетілді

Кеше «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағында (ЕЭА) әскери және азаматтық мақсаттағы арнайы техникалар шығаратын жаңа зауыттың алғашқы қадасын қағу рәсімі болып өтті. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков болашақ зауыттың іргетасына арнайы капсул салды.

Кеше «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағында (ЕЭА) әскери және азаматтық мақсаттағы арнайы техникалар шығаратын жаңа зауыттың алғашқы қадасын қағу рәсімі болып өтті. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков болашақ зауыттың іргетасына арнайы капсул салды.

Аталмыш жоба шеңберінде 2015 жылға қарай «Астана – жа­ңа қала» ЕЭА-ға кіретін Индус­трия­лық парк аумағында жылына 120-дан 360-қа дейін брондалған дөңгелекті машина шығаратын технологиялық кешен салу жоспарланып отыр. «Қазақстан ин­жиниринг» ұлттық компания­сы» АҚ, «Қазақстан инжиниринг Дистрибьюшн» ЖШС және «Парамаунт групп» компаниясы (ОАР) ағымдағы жылғы қараша айында Қазақстанда әскери доңғалақты машиналар шығару өндірісін салу және оларға техникалық қызмет көрсету туралы меморандумға қол қойған болатын.

Бұл жоба Орталық Азияда алғаш рет қолға алынып отыр. Сондай-ақ, ол қорғаныс және машина жасау индустрия­сын сапалы ілгерілеушілікті қам­тамасыз ететін табысы жоғары бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндік береді. Заманауи роботтандырылған құрылғылар мұндай жұмыстардың толық циклін, бронды темір тақтайларды кесу мен дәнекерлеуді, машиналарды сырлау мен жинауды, сапалы шығу бақылауларын жүргізуді іске асырады. Зауытта тек әскери техникалар өндірісі ғана емес, сонымен қатар, қалалық автобустар шығару да қарастырылған.

Жаңа зауыт іске қосылған кезде онда шығарылатын машиналардың 50 пайыз қосалқы бөлшектері мен агрегаттары Қазақстанда және Кеден Одағы елдері аумағында  өндірілуі тиіс. Сонымен бірге, жаңа зауытта 150-ден астам жұмыс орнын ашу, 50-ден астам инженерлер мен техникалық және технологиялық саладағы мамандарды Қазақстан мен шетелдерде оқыту қарастырылған. Зауытта конструкторлық бөлім мен қызмет көрсету орталығының болуы тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес машиналарға одан әрі жаңғыртулар жүргізу мен техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Зауыттан шығарылатын барлық техникалар Қазақстанның өңірлеріне және жақын шетелдерге таратуға мүмкіндік беретін халықаралық стандарттарға сәйкес болады. Қазақстанда өндіруге ұсынылып отырған брондалған дөңгелекті машиналар барлық көрсеткіштері бойынша өз санатында үздіктердің бірі болып табылады. Ағымдағы жылғы мамыр-маусымда аталмыш техника түрлері Қазақстан Қорғаныс күштерінің  әскери бөлімшелерінің түрлі полигондарында жан-жақты сынақтан өткізілді.

Қазір Индустриялық парк аумағында жалпы инвестиция көлемі  181 млрд. теңге болатын 49 жоба тіркелген. Оның ішінде жалпы инвестиция көлемі 44 млрд. теңгені құрайтын 11 өндіріс 2009-2012 жылдары іске қосылды. Бұл кәсіпорындар қызмет істей бастаған жылдар ішінде 197 млрд. теңгенің өнімдері шығарылды және қызметі көрсетілді. Кәсіпорындар жұмыс істей бастаған кезеңде 18 млрд. теңге, оның ішінде 2013 жылы 8 млрд. теңге көлеміндегі салықтар мен салық төлемдері түсті. 1718 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретте: болашақ зауыттың құрылыс алаңына капсул салу.

Суреттерді түсірген

Ерлан Омаров.

Соңғы жаңалықтар