Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Кеден одағының ақпараттық жүйесін құру, электрондық құжаттар алмасу және банкроттық мәселелеріне арналған заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, бірқатар заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Кеден одағының ақпараттық жүйесін құру, электрондық құжаттар алмасу және банкроттық мәселелеріне арналған заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, бірқатар заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Депутаттар «Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамуы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Осы келісім Кеден одағының кеден аумағындағы сыртқы және өзара сауданы тиімді реттеуге, сондай-ақ, экономикалық интеграция үдерістерін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім 2010 жылғы 19 қарашада Еуразиялық экономикалық қоғамның Мемлекетаралық кеңесінің шешімімен мақұлданған. Мұндай жүйе кедендік, салықтық, көліктік, фитосанитарлық, ветеринарлық және санитарлық бақылауды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Қазақстанның Ұлттық шлюзі ақпараттық жүйесі Кеден одағының сырттай және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесінің сегменті ретінде толығымен әзірленгені де атап айтылды. Және Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссиясының сегменттерімен интеграциялануға дайын екендігі көлденең тартылды. Заң жобасын қабылдау 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды мемлекетаралық ақпарат алмасу арқылы Кеден одағының аумағында өзара сауда мүмкіндігін жоғарылатуды және мемлекеттік бақылауды нығайтуды қамтамасыз етеді.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Сәкен Жылқайдаровтың Ұлттық шлюзді құруға қанша қаражат жұмсалды деген сұрағына орай жауабында министр жүйені қалыптастыру үшін 3,4 миллиард теңге көзделгендігін, қазіргі кезде соның 2 миллиарды игерілгендігін айтты. Ал қалған қаржы келесі жылы игерілмек. Ақпараттардың қолжетімдігі туралы Ерсұлтан Бектұрғанов сұрады. Министрдің сөзіне қарағанда, ақпараттарды тек мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар, заңды және жеке тұлғалардың тегін алуларына болады екен. Виктор Киянский Кеден одағы комиссиясымен келісімге қол қойылғандығын, қазір оның жоқтығын, енді Еуразиялық экономикалық комиссия болғалы келісімдер қаншалықты заңды саналады деген сауалын көлденең тартты. А.Жұмағалиевтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағы комиссиясының заңды жалғасы болып табылатындықтан, қол қойылған келісімдер де заңды күшінде қала бермек. Айгүл Соловьеваның сұрағына орай жауабында ақпараттық қауіпсіздік мәселесі толықтай тексерістен өткеннен кейін ғана жүйе іске қосылатынын министр жан-жақты жеткізді.
Депутаттар келесі кезекте «Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Егер әрбір тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес құжатты жазбаша ресімдеу талап етілсе, онда Кеден одағының комиссиясы айқындайтын құжаттау қағидалары мен талаптары бойынша ресімделген электрондық құжат осы талапқа сәйкес келеді деп есептеледі. Электрондық құжат комиссия нақтылаған талаптар мен ережеге сай ресімделсе, оны мөрмен растау талап етілмейді. Комиссияның ресімделген электрондық құжаты заңды күші жағынан электрондық құжатты жасаушының қойған қолымен және мөрмен расталған қағаз жеткізгіштегі ұқсас құжатпен тең деп танылады.
Сонымен қатар, палата «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында банкроттықтың қазіргі жүйесін әлемдік стандарттар деңгейінде жетілдіру қамтамасыз етіледі және кепілді кредиторлар мүдделерінің басымдығы белгіленген. Бұл өз кезегінде Дүниежүзілік банктің «Кредит алу» және «Төлем қабілеттілігін шешу» индикаторлары бойынша «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позициясын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендетіп, елдегі бизнес-ахуалды жақсартады және мемлекеттің инвестициялық тартымдылығын арттырады деп күтілуде.
Заң жобасын қарау барысында депутаттар кредитордың борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне мүмкіндік беретін мерзімді ұлғайту; банкроттықтың алдында борышкермен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін негіздерді кеңейту және нақтылау; әкімшіні өз өкілеттіктерін орындаудан шеттету, сондай-ақ, оны тіркеу есебінен алу үшін негіздердің тізбесін толықтыру; әкімшіге қосымша сыйақы төлемдерінің шарттарын нақтылау бөлігінде бірқатар нормаларды қайта сүзгіден өткізген. Заң жобасын қарау барысында депутаттар банкроттық кезіндегі заңсыз әрекеттер, әдейі және жалған банкроттық үшін санкциялар бөлігінде, сондай-ақ, әкімшілердің міндеттерін синхрондау мен оларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бөлігінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірқатар нормаларын да қайта қарап шыққан. Сөйтіп, банкроттық кезіндегі әдейі және жалған банкроттықты жасауда кінәлі деп танылған адамдардың белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды; банкроттық кезіндегі заңсыз әрекеттері үшін сотталған адамдардың тіркелуіне (қайта тіркелуіне) заңды тұлғаның тыйым салуын; банкроттың мүлкі мен істерін басқару бойынша барлық өкілеттіктерді атқарушы органдардан әкімшіге ауыстыруды; банк құпиясын қамтитын, банкроттар туралы мәліметтерді оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға беру тетігін; борышкер банкрот деп танылған күннен бастап борышкердің салық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудің тәсілдерін қолданбауды көздейтін түзетулер енгізіліп отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».