• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2013

Еліне еңбегі сіңген

2140 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, күні бүгінге дейін төл тарихымызды қайта жаңғырту жолында көптеген жұмыстар атқарылғаны баршамызға аян. Дей тұрғанмен, әлі де болса зерттеуді талап ететін тақырыптар, зерделеуге зәру дүниелер, ұлт үмітін сөндірмей өткен тарихи тұлғаларымыздың өмір жолы туралы мәселелер жетерлік.

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, күні бүгінге дейін төл тарихымызды қайта жаңғырту жолында көптеген жұмыстар атқарылғаны баршамызға аян. Дей тұрғанмен, әлі де болса зерттеуді талап ететін тақырыптар, зерделеуге зәру дүниелер, ұлт үмітін сөндірмей өткен тарихи тұлғаларымыздың өмір жолы туралы мәселелер жетерлік.

Ұлан-байтақ жерімізде туып-өсіп, ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың қай-қайсысының да еңбегін ескерусіз қалдырмай, қайта жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болары анық. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу – ел алдындағы абыройлы міндет. Ендеше, ата-бабаларымыздың үлгі-өнегесі мен мол мұрасын келер ұрпаққа жеткізу – елім-жерім деп жүрегі соғатын әрбір қазақстандық азаматтың борышы.

Тарихшы ғалымдар ел тарихының жан-жақты жүйеленуін жеке тұлғалардың зерттелуімен тығыз байланыстырады. Осы мәселені зерделеу жолында тарихшы ғалымдардың алар орны ерекше. Өйткені, ата-бабаларымыздың өнегелі өмір жолы мен ғылыми мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жоғалмай жетіп отыруы ұлтымызға тән қасиет.

Кеңестік кезеңде бұл тақырыпта сөз қозғауды армандамайтын да едік. Тәуелсіздікпен келген мүмкіндіктер арқасында зерттелген қазақ қоғамы қайраткерлері туралы дүниелер жазылуы – мақсатымыздың орындалғаны.

Адамзат мәдениетінің дамуында халық игілігіне қызмет етуде, қазақ зиялыларының да ұрпақ мүддесіне қосқан өз үлесі бар. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Осы сөзімізді қазақ тарихы мен мәдениетінің дамуы жолында өзіндік із қалдырған, Қостанай өлкесінен шыққан, есімі әлі де болса белгісіз тарих ғылымдарының докторы, профессор Әмір Қанапинге арнап айтсақ қателеспейміз. Қайта одан біз тарихымыздың, мәдениетіміздің, ұлы­­­ларды ұлықтай алатын асыл қасиетіміздің бір өскендігінің белгісін көреміз.

Әмір Қанапияұлы 1913 жылы 31 желтоқсанда Қостанай облысы, Қостанай ауданының «Бірлік» ауылында (қазіргі Алтынсарин ауданындағы Сатай ауылында) Қанапия Барлыбаев деген шаруаның отбасында өмірге келген.

Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдік тауқыметін тартқан Әмір Қанапияұлы сегіз жасынан бастап Қостанайдағы балалар коммунасында тәрбиеленеді. Қостанай балалар коммунасы қазіргі қала орталығында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып табылады. «Әліппенің» атасы болған Ыбырай бабамыздың өзі іргетасын қалаған бұл мектеп, талай-талай таланттар мен алуан-алуан алғырларды, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» мыңдаған ұрпақты үлкен өмір сүрлеуіне түсірген аталы да баталы шаңырақ.

Осындай білімді, зиялы азаматтарды тәрбиелеп шығарған ортада білім алған азаматтың бойында адамгершілік, адами парасаттылық қасиеттері қалыптаса отырып, оның ғылым әлеміндегі көзқарасы да дамыды.

Білімге құштар жас жігіт 1930-1932 жылдар аралығында қаладағы мұғалімдер курсын ойдағыдай бітіреді. Бұл жерде өмірлік ұстанымы мен бағытын анықтаған ол одан кейін ұстаздық жолында аянбай еңбек етіп, білімін жетілдіру мақсатымен Қостанай қазақ оқу-ағарту институтына оқуға түседі. Бұл жерде екі жыл оқып, математика және әлеуметтік-экономикалық пәндері бойын­ша мұғалімдік диплом алып шығады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, Әмір Қанапин өзінің өмірлік мамандығы ретінде болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып, олардың сауатын ашатын, өзіндік көзқарасын қа­лып­тастырып, үлкен азамат етіп шыға­ра­тын қасиетті мектепте білім беретін ұстаз­дықты таңдайды. Ұстаз бола жүріп, 1927 жылы комсомол қатарына қабыл­да­нады.

Ол өзінің еңбек жолын 1932 жылы Таулы-Алтай автономиялық облысының Ойрот колхоз институтында қоғамдық пәндер оқытушысы болып бастайды. Өзінің алғыр да, талаптылығымен көзге түскен болашақ тарихшы өз білімін Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде 1935-1938 жылдар аралығында, одан әрі білімін 1948 жылы КОКП ОК-тің жанындағы Жоғары партия мектебінде жалғастырады.

Оны ойдағыдай бітірген соң, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанын­дағы Қазақ республикасының Тұрақты өкілдігіне қызметке орналасады. Респуб­лика оқу-ағарту халық комиссариатында басқарма бастығы, оқу-ағарту комис­сарының орынбасары болып істейді.Университет қабырғасында оқып жүр­генде биология факультетінде білім алып жүрген болашақ жары – Елена Қанапина-Мед­ведевамен танысады.

1941 жылдың қаңтарында Ә.Қанапин “Социалистік Қазақстан” (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы болып бекітіледі. Бұл жерде ол бір жылдай істеп, 1942-1945 жылдар аралығында Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшылығы лауазымын атқарады.

Осы уақыттарда ол ағартушылық қызметте ғана емес, сонымен бірге, қоғам­дық өмірде де белсенділік танытты. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары респуб­лика комсомолының басшысы болды, қазақ жастарымен бірлесе отырып жұмыс жасады. Ол кезең баршамызға белгілі соғыс салған ауыр зардаптар мен сызды жаралардың орны әлі жазыла қоймаған, әр үйде әкесін жоғалтқан бала, баласынан айырылған ананың зарлы үні басылмаған ауыр да қиын тұстар еді. Сондықтан да жастарды қайрап, олардың рухының төмен түспеуі үшін, қайта жалындап жануы үшін, аянбай еңбек еткен, олардың әлеуметтік жағдайларын қалпына келтіріп, бейбіт өмірдің білімді, тәрбиелі ұл-қыздарын тәрбиелеп шығару жолында ұстаздық етті, комсомол жетекшісі болды, жастармен тығыз байланыста, қоян-қолтық жұмыс жасады.

Ол кезеңде жалпы халықтың, соның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайы керемет болған жоқ. Жастардың біразы соғыстан оралмаса, кейбіреулері орта білімді азаматтар еді. Олармен тіл табысып, әр қайсысының қабілетіне қарай қоғамдық іске жұмылдыру кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені даусыз.

1945-1951 жылдар аралығында Қазақстан ЛКЖО (Лениндік Комсомол Жастар Одағы) орталық комитетін басқарып, құрмет пен беделге ие болады. Осы уақыттар аралығында халқына елеулі еңбек сіңіріп, ерен істер жасады.

Осылайша, ұстаздық мамандық алып, ғылымның әр саласында, қоғамдық қызметтерде еңбек еткен Әмір Қанапин­нің қоғамдық дүниетанымы өте кең әрі жан-жақты дамыды. Ол қалам тарт­қан тақырып қазақ тарихы мен қазақ халқының мәдениеті мен өнері жайында сөз қозғайды. Ғылыми қызметпен бірге республиканың саяси өміріне де белсене араласып отырған Әмір Қанапин 1951-1954 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1954 жылдың ақпан айынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты дирек­торының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. 1955-1961 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрі болып тағайындалады. Министрлік қызметте жүрген Әмір Қанапин 1958 жылы кеңестік делегация мүшесі ретінде Бельгияның Брюссель қаласында өткен әлемдік көрмеге қатысады.

1953 жылы КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріледі. 1966 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі үшін «Культурное строительство в Казах­стане» атты тақырыпта диссертациясын қорғайды. Байқап отырғанымыздай, тарихи зерттеу мәселесі қазақ халқының өнер мен мәдениет тарихына арналады. Осы тақырыпта жазған еңбектері көптеп саналады. Еңбегі ескерусіз қалмаған аза­матқа 1968 жылы КОКП тарихы кафе­дра­­сының профессоры ғылыми атағы беріледі.

Өмірінің соңғы кезеңін оқытушылық қызметке арнаған Әмір Қанапияұлы 1962 жылдан бастап Алматы шетел тіл­дері институтында, кейін КОКП тари­хы кафедрасының меңгерушісі қызмет­терін атқарды. Үлкен лауазымды қызметтерден кейін ұстаздыққа ауыс­қан Әмір Қанапияұлы жас мамандар даяр­лауға, ғылыми кадрларды жетілдіруге лайықты үлес қосты. Оның ғылыми жетекшілігімен 22 аспирант дайындалып, өздерінің ғылыми диссертацияларын сәтті қорғап шықты.

Әмір Қанапияұлы барынша мейірбан, мейірімді, айналасындағыларға ойлы жанарынан шуақ төгіп, ешкімге дауыс көтермейтін, жайдарлы, жұмсақ мінезді адам еді.

Қоғамдық өмірде үлкен еңбектер атқарған ол халықтық университеттер жұмысы бойынша республикада алғаш рет ғылыми-әдістемелік кеңес құруға бас­тамашы болды. 1969 жылдан ол респуб­ликалық халықтық университеттер кеңесі төрағасының орынбасары, сонымен бірге бір уақытта осы университеттердің орта­лық кеңесінің мүшесі болып қызмет етті.

Осы елеулі қоғамдық-саяси және ғылыми-педагогикалық қызметі үшін Әмір Қанапияұлы Қанапин Кеңес Одағының бес орденімен марапатталды, соның ішінде Ленин ордені де бар.

Ә.Қанапин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комите­тінің мүшесі, екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің, төрт мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Ғұмырының соңғы жылдарын ұстаз­дық жолға арнаған тарихшы, ғалым 1988 жыл­дың 21 қаңтарында 74 жасқа қараған ша­ғында Алматы қаласында дүниеден өтті.

Ғалымның өзі өмірден өтсе де, өлмей­тін артында мол мұрасы қалды. Ол кісінің 200-ге тарта еңбегі, соның ішінде 6 монография­сы, 16 брошюрасы, 21 ұжымдық еңбектері мен бүкілодақтық және республикалық басылымдарда жарияланған 50-ге жуық мақалалары бар.

Көзі тірісінде жазып кеткен «Қазақ­­­стан мәдениеті жаңа кезеңде» (1968), Л.И. Варшавскиймен бірлесе жазған «Искусство Казахстана» (1958), А.Янда­ровпен бірлесе жарыққа шығарған «Рас­цвет культуры казахского народа» (1977), «Развитие личнос­ти и культура» (1986) және т.б. ғылыми ең­бек­терінің келешек ұрпақ үшін берері мол.

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Нұрлыбек ЕЛКЕЙ,

тарих магистрі.

ҚОСТАНАЙ.

 

Соңғы жаңалықтар