«Егемен Қазақстан» маған несімен ұнайды? Ең алдымен, бұл басылым – елдіктің жаршысы. Ізгі ниетті басылым. Онда тек қана салиқалы, салмақты дүниелер жариялануымен де құнды. Әсіресе, «Етжеңді» сандарын асыға күтемін.
«Егемен Қазақстан» маған несімен ұнайды? Ең алдымен, бұл басылым – елдіктің жаршысы. Ізгі ниетті басылым. Онда тек қана салиқалы, салмақты дүниелер жариялануымен де құнды. Әсіресе, «Етжеңді» сандарын асыға күтемін. Ондағы мәнді де мазмұнды мақалаларды бөлек жинап қоямын. Ал он жылдан бері жыл сайын жеке-жеке жинақ болып жарияланып келе жатқан кітап нұсқасы – аталмыш айдардың тұрақты оқырмандары үшін нағыз сыйлық. Менің өзімде осынау газет-кітаптардың түгел томы сақтаулы.
Ойымша, «Әлемге әйгілі» атты авторлық айдардың мақалаларын да осылай жинақтап, жариялау керек. Белгілі тұлғалар, атақты қалалар мен мемлекеттер туралы мақалалар кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. Менің өзім осы айдармен берілген дүниелерді оқыған соң «Германия күнделігі», «Польша сапарынан жазбалар» атты сапарнамалық мақалалар жаздым. Ол облыстық «Маңғыстау» газетінде жарияланды. «Егеменді» тұрақты оқып бастағалы түрлі тақырыпта өзім жазған шығармаларымды ұсынғым келеді. Бірақ жүрексінемін. Әзірге бұл басылымның белсенді оқырманы болғаным да жарайды.
Кейінгі жылдары бұл газеттің әр санында Маңғыстаудың жаңалықтары ғана жарияланып қоймай, өзекті мәселелері де жиі жазылатын болды. Біздер, жергілікті тұрғындар, аймағымыздағы ахуал туралы бас газетте мәселе көтерілсе, оның міндетті түрде оң нәтижесі болғанын қалаймыз. Өйткені, оны Елбасы, Үкімет мүшелері, шенді-шекпенділер түгел оқиды. «Халықтың көзі, құлағы, һәм тіліне» айналған газетті оқырман асыға күтеді. Заман талабына сай жаңарып, жаңғырып отырса деген тілегі де бар. Елдіктің сөзін айтып, халықты ұйыстыра түсетін бас газетке жазылу – әрбір елге жанашыр, жақсылыққа жаны құштар ағайынның парызы деп білемін және соған шақырамын.
Бақтыбай ЖАЙЛАУ,
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг университеті
жастар ісі комитетінің төрағасы.
Ақтау.