Түп тегі британдық болып табылатын Италия әншісі, сазгер әрі саяхатшы Сон Паскальдың Қазақстанда жүргеніне екі жылға жуықтап қалыпты. Алайда, қазір елімізде бұл жігітті білмейтін жастар аз.
Түп тегі британдық болып табылатын Италия әншісі, сазгер әрі саяхатшы Сон Паскальдың Қазақстанда жүргеніне екі жылға жуықтап қалыпты. Алайда, қазір елімізде бұл жігітті білмейтін жастар аз.
Жат елде жүріп жалыққан соң өз еліне қайтатын шығар деген қонағымыз, біздің елімізге бауыр басып қана қоймай, бақытын да Қазақстаннан тапқан сияқты. Жаңа шығармаларында қазақ тілін қолданып, қазақ халқының әндерін шырқайтын жігіт өзінде ешқандай бөтен ойы жоқ, ұлттық мәселелерге бас қатырмайтындығын, көздегені де, іздегені де тек қана таза музыка екенін айтып-ақ келеді.
Өткен жылы Сон Паскаль өзіміздің танымал актерлердің бірі Әнуар Нұрпейісовпен бірігіп салған «Englishman in Shimkent», «Чайка Айгуль» юморлық клиптері арқылы танымал болып шыға келген-ді. Бастапқыдағы әлемдік чарттарда бұл клиптер ең көп қаралған әндердің қатарында болған. Сонның «Абайдың «Көзімнің қарасын» да аздап өз мақамына салып шырқаған романтикалық клипі көңілден шықты. Қысқасы, ғаламтор арқылы музыка тыңдағанды жақсы көретін жастар арасында бұл әндер рейтингісін жоғалтқан жоқ. Қазір оның «Жаным сол» синглі чарттарда көш бастап тұр.
Қазақ тілінде ән айтып, қазақтың атын алты қырдан асырып жүрген италиялық әнші Сон Паскаль енді өзінің тыңдармандарын кезекті жаңалығымен қуантып қана қоймай, бұл жолы тіпті таңғалдырмақ ниетте. Ол «Махаббат» атты жаңа әніне еліміздің бас қаласы – Астанада реалити-шоу жанрында жаңа бейнеклип түсірген.
«Жігітке жеті өнер де аз», демекші Сон Паскаль өзі әнші, өзі сазгер, тіпті оператор және режиссер болып бағын сынап көрді. Бейнеклипті түсіру үшін әнші қолына камера алып, жаңа туындысы – «Махаббат» әнін айта жүріп, бір күнде Астана қаласын аралап шықты. Басты көшелерден бастау алып, Есілдің бойын жағалаған автор қалалық №4 мектеп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әуежай, «Хан шатыр», «Керуен» ойын-сауық орталықтары, тіпті спорттық жаттығу орындарына дейін барып, халықтың көңілін көтерді, астаналықтарды армансыз билетті. Осының бәрі бейнеклипте қаз-қалпында қамтылған.
«Махаббат» әнінің сөзін жас ақындар жазса, сазын әншінің өзі шығарған. Ғашықтық сезім, сүйіспеншілік – бейнеклиптің негізгі тақырыбы. Ал басты ерекшелігі – мұнда еш жасандылық жоқ. Бұл жерде өнер десе ішкен асын жерге қоятын халықтың шынайы ықыласы ғана бар. Осындай қарапайымдылығымен, талантымен итальяндық әнші халыққа тағы да жақындай түсті.
«Айдаладан келіп», біздің ана тілімізді қолдауға ынта-шынтасымен кірісіп кеткен Сон Паскаль дейтін кім өзі дейтін болсақ, ол өз елінде жап-жақсы танымал әншілердің бірі. Әйгілі «aTunes-2011» музыкалық жобасының финалисі.
Сонымен, өткен жылы ғаламторды кезіп кеткен «You should speak қазақша» клипін түсіруге өзіміздің жергілікті музыканттар септесіп, қазақ продюсері Жомарт Сүлейменов көмектескен-ді.
Сон Паскальдың Қазақстанға тап болуы да қызық. Концерттердің бірінде оны Дина есімді қазақ қызы қазақ жеріне қонаққа шақырған екен. Әнші жігітті әуесқойлық жеңіп, бұрын көрмеген елге қыдырып келуге бел байлайды. Алайда, аз ғана күнге қыдырыстап келген елде ол ұзақ уақытқа қалып қоямын деп тіпті де ойламаған. Шетелдік әнші бір көргеннен ұнатқан елінде өзінің композиторлық қабілетін мүлде жаңа қырынан сынап көруге болатындығын түйсінсе керек. Шоу-бизнестің таптаурын жолынан тайқып шыға келген италиялық өзін мұнда ұдайы турист ретінде сезінбеу үшін бірден тіл үйренуге ден қояды. Қазақ тілін насихаттауға деген идея да осыдан бастау алғаны белгілі. Айналасына жұғымды, ақжарқын, романтиканы жақсы көретін жігітті біздің музыканттар да бөтен көрмей, қатарына қосып алған. Қазір осындағы достарымен Алматыдағы музыкалық кештерден қалмайтын әншінің әлімсақтан келе жатқан қонақжайлыққа қоятын міні жоқ. Жаңа өміріне дән риза.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.