И.С.Тургеневтің ешқандай өзге туындыларға айырбастамайтын «Қарасөзбен жазылған өлең» атты шығармасы бар. Алғаш оқыған бозбала кезден баурап, әлі де сол бір ыстық табы осы күнге дейін жанымды жұбатып жүрген шағын жанрға деген құштарлық қазір де бойымды баурап келеді.
И.С.Тургеневтің ешқандай өзге туындыларға айырбастамайтын «Қарасөзбен жазылған өлең» атты шығармасы бар. Алғаш оқыған бозбала кезден баурап, әлі де сол бір ыстық табы осы күнге дейін жанымды жұбатып жүрген шағын жанрға деген құштарлық қазір де бойымды баурап келеді.Қазақ прозасының балаң тұсында «мұңлы, қоңыр» дауысты бозбала Мұхтардың, кейін кермиық Ғабит дегдардың, содан кейін оркиік Оралханның туындыларында нысаналы сипат алғанымен де, Пришвиннің, Бондаревтің, Курановтың, Халил Жабран Халилдің, Борхестің «қара сөзбен жырлаған» туындыларындағы ұлы поэзиялық құдірет, терең тебіреніс, мөлдір де таза мұң, ойлы да ұғымды астар, шымыр да шынайы сезім араласқан, бір өзі бір повестің желісі мен мағынасын беретін «алақандай әңгімелердің» әсері – сөздің таты кермек татыған кексе қаламгер үшін әлі де таңсық, әлі де сиқырлы, әлі де тылсым қуат көзі. Ол дәмді алғаш татырған сонау алпысыншы жылдардың аяғында «Лениншіл жастың» әдебиет бетіндегі айында бір басылатын И.С.Тургеневтің «Қара сөзбен жазылған өлеңдері» және сонымен жарыса жарияланатын көлемі жарты парақтан аспайтын Құрманғазы Мұстафиннің «Шағын әңгімелері» еді.
Ол тұста бір-бірімізбен сырластығымыз жоқ болса да, сонау алпысыншы жылдардың аяғынан бастап Құрағаңмен жан дүниемізді сырттай жарастырған бір нәзік қыл талшық – осынау құдіретті де сиқырлы «қара сөзбен жазылған өлеңдер» еді. Қазір көз жүгірткенімде байқағаным, жиырма бес жастағы Құрманғазы Қараманұлы Мұстафиннің сол «Алақандай әңгімелері», шындығында да, көркем сөзіміздегі көркемдігі ерекше түйінді туындылар екен. Оған осыдан отыз екі жыл бұрын шыққан «Ақ қайраң» жинағын қайыра оқығанда анық көзім жетті.
Міне, табанына шөгір кірген бала жол шетінде шалқасынан түсіп жатыр. Көк аспанда ақша бұлттар қалықтайды. «Әйтеуір, әлдеқайдан келіп, әлдеқайда кетіп жататын жұмбақ жолаушылар». Бала «аспанға қарап жатып» бұлттан «әжесінің суретін тауып алады. Ал, мынау – атасы. Атасының ар жағындағы бұлт – анасы. Анасы кейде өзінен өзі үнсіз жылап алады. Неге? Енді бала бұлттардан әкесінің суретін іздейді. Ешбір бейне ұнамайды және ешқайсысы әкесіне ұқсамайды. Өйткені, әкесінің зираты да жоқ, себебі, соғыста хабарсыз кеткен. Сондықтан оның бейнесін бұлт та сала алмайды. Қандай жантүршігерлік қасірет. Әкеге деген қандай сартап сағыныш. Бұл балалығын соғыс ұрлаған ұрпақтың қасіреті. Құрағаңның сол сағынышы алпыстан асқан соң ғана, белгісіз жауынгерлер қабірінен әкесінің мүрдесі табылып, баласы Қанағат екеуі атамекенінен бір уыс топырақ алып барып, зиратына шашқан соң ғана басылды. Сағыныш пен үзілмеген үміттің табын енді өксік басты. Жетпіске келсе де әкесі есіне түскенде әлі де Құрекеңнің көзінен мөлдіреп жас шыға келеді. Ал мен шетте жатқан анамның қабіріне қырықтан асқан соң ғана топырақ салып едім.
Өмірдің өзінен ойып алынған тотияйындай осынау ащы запыранның орнын келесі бетте жарқын шуақ алмастырады. Әне, «көбелек қуған бүлдіршін қыздар «ақ көйлектері көк шалғында ақ сәуледей ағараңдап ұзап барады. Ата-аналары бойлап-бойлап, күн сала қарайды. Қайсысы көбелек, қайсысы қызы екенін ажырата алмайды...». Қандай жан жадыратар бақытты көрініс, риза көңіл десеңші! Әлгі әкесіз жетім бала мен мына уайымсыз көбелек қуған балбөбек қыздардың арасында шырқырап жылап жатқан шындық қана бар. Әрине, ол балауса балғындар жоғалмайды. Себебі, қалай барсаң да, қай қиянда жүрсең де ауылға – «бетеге, жусан арасымен ирелең қағып, сүттіген, тобылғы арасымен бұралаңдап Қалдығайтыға бастап алып келетін жалғыз аяқ жол» бар. Ол жолдың «өмірі де сол маң даладағы құлаған қыстаулар жанында, қаңыраған мекенжайлар мен тозған тамдар төңірегінде өтіп жатыр». Сол «жалғыз аяқ жолмен адамдар бір-бірлеп кетіп жатады. Жалғыз аяқ жол бел асып, бөгде өңірлерге, жұрт білмейтін мекендерге бағыт алып барады. Әне, ол байтақ даланың кең құшағына еніп көрінбей де кетті. Бірақ жоғалып кеткен жоқ. Өйткені, жолдар орағытып отырып отанын қайта табады...». Жол шетіндегі әкесіз жетім ұлды да, күміс күлкілі қыздарды да сол жол табыстырады. Сол «жалғыз аяқ жол» жыл сайын шатыры мен қармағын мәшинесінің қорабына салып алып: «Қоғалы көлдер, қом сулар, Шырайын көріп, шаттандым. Құм суырған көлдердің, Бедерін көріп бажайлап, Әрмен қарай аттандым...» деп ыңылдай әндеткен Құрекеңді бір жылы – Алакөл, Аягөз, Шыңғыстау, Баянауыл, Есіл, Торғай, Ырғыз арқылы – Қалдығайтыға, келесі жылы – Әулиеата, Қорқытата, Шалқар арқылы тағы да Қалдығайтыға, содан кейін және де – Үстірт, Атырау, Орал арқылы Қалдығайтыдағы Құрманғазының қарасуына бастап әкеледі.
Ол шатырын тігіп алып, оңаша Қалдығайтының қарасуына жападан жалғыз барып қармақ салады. Менің ойымша, Құрекең Қалдығайтының балығын емес, жоғалтып алған, соғыс тартып алып кеткен балалық бақытын іздеп қармақ салып отырғандай сезіледі. Жазушы барлық шығармасындағы басты оқиға Қалдығайтыдан өріс алып, Қалдығайтыға қайтып келумен аяқталады. Теңізге де, көлге де құймайтын, тек Қаратөбені айналып қана тыным табатын Қалдығайты – Құрманғазы үшін Ақ Жайықтан да, Сырдариядан да, Ертістен де ұлы өмір дариясы. Сол бір шолақ та ұлы дарияның бір иірімі Құрманғазының қарасуы деп аталады. Ауылдастары солай деп атап, картаға түсіртіпті. Бұл жазушының тағдырына, Қалдығайтыға деген ұлы махаббатына, соғыстан қайтпаған боздақтарға, сол боздақтарды сағынып ғұмыр кешкен жесірлер мен әкесіз жетімдердің көз жасына, жалғыз аяқ жолға көрсетілген құрмет. Осындайда өзіңнің туған жеріңе бастап апаратын жалғыз аяқ жолдар еске түседі. Сол сүрлеу сақталды ма екен, жоқ, өшіп кетті ме, кім білсін. Сол соқпақты салғанның бірі біздің табанымыз емес пе еді. Ізіміз сақталды ма екен? Қайдам.
Құрманғазы Қараманұлы Мұстафиннің бір парақтан тұратын «Сүйіспеншілік сәкісінің» сюжетінде тұтас бір хикаяттың желісі жатыр. Тақырыбы – адалдық. Адалдық болғанда – мінезді адалдық. Сәрсен шалдың ауласында сәкі бар. Түнде терезесін ашып қойып ұйықтайтын әдеті. Бір түні екі ғашық әлгі сәкіге паналайды. Таң атқанша ғашық жігіттің тілінен бал тамады. Сәрсекеңнің жастық кешуі есіне түсіп, бойы ғашықтармен бірге балқиды. Оларды келесі түнде асыға, сүйіне күтеді. Арада ай өтеді. Көз жаздырған әлгі жігіт тағы да сәкіге жайғасып, сол баяғы жаттанды сөздерін қайталай жөнеледі. Бірақ қыздың дауысы басқа. Ыза болған қарт: «Әй, Саясат, тап сол әкеңнің!.. Не оттап отырсың!», – деп ақырып жібереді. «Ғашықтар» табанда ғайып болады. Көпке дейін көзі ілінбейді. «Ертеңгісін қарт әлі сыры да оңып үлгермеген сәкі тақтайларын тігінен қақырата сөгіп бөлшектеді де, отын қораға апарып балта-малтасымен қоса лақтырып жіберді». Осы мінезі арқылы Сәрсен қарт өзінің адалдығын ғана емес, махаббатын да қорғап отыр. Осы тазалық қаламгер емес, азамат Құрманғазының өз бойында бар қасиет. Өзі жоғалтқан құжатын іздеп жүріп, біреудің түсіріп алған дүниесін соңынан қуып жүріп апарып беретін «ізшілдігі» соның айғағы.
«Музейдегі мұң» атты алақандай әңгімесінде сондай ар тазалығының нысанасы бар. Кейуана мұражайдың еденін жуып жатыр. Мұражай қызметкері балшық жабысқан табанымен жуылған еденді айғыздап өте шықты. Кейуана үнсіз сүртіп алды. Енді әлгі қызметкер темекісін будақтата өте беріп тұқылын еденге лақтыра салды. Кейуана үнсіз күрсінеді. Сонда кім мәдениетті? Мәдени құндылықты сақтайтын қызметкердің мәдениеті әлгі ме? Маған әлгі мәдениет қайраткерінің арын кейуана тазалап жүргендей әсер қалдырды. Тобылғылы сайдан өтіп бара жатып Ерқара аттан түсіп, таңдап жүріп қамшыға сап қиып алды. «Сосын ләм деместен, кідірместен, атын жетектеп сайдан шыға берді. Қарт жүзіне жаутаңдай қараған жүз жасаған қарғалар оның тобылғылы сайға соңғы рет келгенін, соңғы рет қамшы сап алғанын айтпай-ақ аңғарғандай, көңілсіз қарқылдасып, қош-қош айтысып жатыр...».
Иә, біз білетін Тобылғысай қазір жоқ. Трактормен жыртылып кеткен. Еркеқара Тобылғысай иесіз қалды деп өкінеді. Ал біз сол Тобылғысайды іздеп таба алмай өкінеміз. Жастары қарайлас екі қарттың ойы біреу, уайымының себебі екеу. Міне, боямасыз өмір, боямасыз өмір шындығы, өлмейтін көркемдік шындық деген осы. Соншама терең тебіреніске құрылған, оқиғасы шымыр, сөзі орынды, ішкі ырғағы үндес, жалған дауыссыз, артық демі білінбейтін бір жұтым ауа сияқты «қара сөзбен жазылған жырдың» азабы – бір түйірлеп санап отырып құмнан ғимарат тұрғызғанмен бірдей. Бір ғана артық қолданылған сөз сүйел сияқты көрініп тұрады. Мен Құрманғазы Қараманұлы Мұстафиннің «Ақ қайраң» әңгімелер жинағын қайыра оқығанда автордың қалам қарымының қуаттылығына, ерте есейгеніне, демін ішіне тарта отырып емеурін танытқан талғамына тәнті болдым. Шын шығармашылық шеберлікке отыз жасқа жетпей жеткен екен. Шағын әңгімелер бір-бірінің мазмұнын толықтыра келе ағысы тереңде жатқан тұғырлы туындының деңгейіне көтерілген екен. Өзімнің қолымнан келмеген аңсарды жазушы Құрманғазы орындапты. Шығармашылық психологияға тән сыңарластық деген де осы емес пе.
Осынау «алақандай әңгімелердегі» көркемдік шындық пен сезім шынайылығы, поэзиялық тегеурін, ырғақ пен ұғымы терең емеурін қазақ прозасындағы шоғыры оқшау туынды болып ұзақ кезеңдер өмір сүретініне мен кәміл сенемін. Оның осы тосын ізденісін «Айта жүрер әңгіме» атты туындысындағы қызықты хикаялар мен құбылыстар одан әрі толықтыра түседі. Бұл біз білмеген, қазақ прозасында көненің көкжиегінен көрініп қап, жалт беріп кеткен тақырып. Ал жетпісінші жылдары алаш жауынгері туралы, әрине, қашқын, қарақшы ретінде суреттелсе де, үшінші болып қалам тартқан қаламгердің «Салт атты жолаушы» шығармасының Мәскеудің «Детская литература» баспасынан жариялануының өзі де бұл туындының көркемдік құнын танытса керек.
Осы мақаланы жазсам деп жүрген таяу күндері түн қоюлана үйге Жантас Сафуллин деген жас жігіт мырзақонақ болды. Өткен ғасырдың басында шығып, үш саны ғана сақталған 1911-1913 жылдары шығып тұрған «Қазақстан» газетінің тігіндісін Алматы мен Мәскеудің мұрағаттарынан тауып, жеке жинақ етіп шығарып, алаштың жоғын жоқтаған азамат сонау Оралдан соның бір данасын маған табыс етуге ала келіпті. Ұстаздарым Қайыржан Бекхожиннің, Зейнолла Тұрарбековтің, тарихшылар Мұстафа Ысмағұлов пен Исатай Кенжалиевтің тірнектеп дерек жиғандарынан мағлұмдар болғандықтан да, Елеусіз Бұйрин сияқты тағы бір алаш ұранды қаламгердің еңбегі жанып, белгісіздіктен арылғанына қатты қуандым. Риза болғаным сонша, немерелерім Күнікей, Сұлтансейіт, Байжігітке: «Міне, нағашыларың үшеуіңнің де қырық шұбар тайларыңа қырық серкештеріңді қосып әкеп берді», – дедім. Жөн сұрасқан Жантас Құрекеңмен құда екендігімді білген соң: «Мен де Егіндікөлдікімін. Қалдығайты өзенінің бір иірімі «Құрманғазы» деп аталады. Әкем Нәбиолла Құрағаңды жақсы біледі, дәмдес, сапарлас болған», – дегені. Үй-ішіміз жадырап сала бердік. Аңсаған мен Сұңқар да жымыңдасып қалды. «Иә, интернетте сондай жер аты бар», – деді мақтанышпен келінім. Кештетіп келген мырзақонақ кеткен соң Аңсаған: «Ет аспадық па, көжемен қайтатын болды ғой деп ұялып отыр едім. Қалдығайтыдан екенін білгенде «ух» деп еркінсіп қалдым», – дегені. Демек, Қалдығайтыны және оның адамдарын Құрағаң ғана емес, Аңсаған да өзімсініп сағынатын болғаны ғой. Бұл картаға бірде түсіп, бірде түспейтін Қалдығайтының құдіреті неткен керемет десеңші! Ішімде: «Ендеше, нағыз жамбас әлгі нағыз қалдығайтайлық құда балаға лайық еді-ау. Баяғыда ұзатылған әпекесінің соңынан құда бала іздеп келіп, ауылдың мырза-қонағына айналушы еді ғой. Сый да, сияпат та, ойын-сауық та сол құда баланың құрметіне арналушы еді ғой», – деген ой лүп ете қалды.
Еш өкініші жоқ. Алдымнан орағытып шыға берген, құт болып жолыққан Қалдығайтының өзіңіз жазатындай: «Бел асып, бөгде өңірлерге, біз білмейтін мекендерге бағыт алып бара» жатқан, «байтақ даланың кең құшағына еніп, көрінбей де кеткен «жалғызаяқ жолы» «жоғалып кетпес». «Өйткені, жолдар орағытып отырып отанын қайта табады...». Сонда, есесі кеткен сыбағалар толық өтелер! Бізді жолықтыратын жалғызаяқ жолдар алда, Құраға», – деген үмітті тілекпен тыныс белгісін қойғым келеді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы.
АСТАНА.