• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2013

Атыраудағы жер телімі пайда табудың көзіне айналған

355 рет
көрсетілді

Атырау облысы Жайық өзені жағалауындағы жер телімдері кейбіреулердің алаяқтық жолмен ақша табу көзіне айналған. Жергілікті табиғат қорғау прокуратурасы облыс орталығы аумағындағы екі телімді, яғни 7 гектарға жуық жерді заңсыз сатып, саудалаған деректі әшкереледі. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Аталған жер телімі қаланың қақ ортасында қорғауға алынған су белдеуінде орналасқан. Прокурорлардың дерегіне жүгінсек, жер телімі 2011-2012 жылдары Атырау қаласы әкімінің шешімімен құрылыс компаниясына берілген екен. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот сол шешімді заңсыз деп тауып отыр. Алайда, соған қарамастан аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылығы жалған құжат жасап, жер телімін сатып жіберген. Кейін де жер телімінің иесі бірнеше рет өзгеріп, соңғы рет осы жылдың көктемінде саудаланған. Ал жалған құжатты әділет басқармасы тіркеуге алған. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл былыққа қандай мемлекеттік орган мамандарының қатысы барын тергеу әшкерелейді.

«Айыпкер заңсыз жер телімін сату арқылы 90 млн теңге алған. Жалпы,тексеру барысында бұл жер телімдерінің Атырау қаласының әділет басқармасында тіркелгені анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде»,-дейді Атырау облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Бахтияр Тоғызбаев.

Телеарна Жайық өзені жағалауында қорғауға алынған су белдеуіндегі жер телімін Үнді азаматына заңсыз саудаланып кеткені жайлы да хабарлаған еді. Негізі, елімізде 5 жылға уақытша тұруға ғана рұқсаты бар Үнді азаматына жер телімі заңсыз сатылған көрінеді. Осы ақпараттан кейін табиғат қорғау прокурорлары өзен жағалауына тексерісті бастады. 14 сотық жерді беру туралы шешімге 2012 жылдың тамызында қаланың экс-әкімі Асқар Керімов қол қойған. Ал шетелдік қонақ ол жерге қонақ үй мен мейрамхана кешенін тұрғызу үшін қоршауға алған екен. Енді аталмыш жер учаскесі мемлекетке қайтарылуы бек мүмкін. Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифинг барысында телеарнаның аймақтағы тілшісі сауалына осылай деп жауап беріпті. 

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: «Астана» телеарнасы

 
Соңғы жаңалықтар