• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2013

Алматыда екі жылдан кейін жаңа жаймабазар қатарға қосылады

242 рет
көрсетілді

Алматы қаласында жаймабазарларды ретке келтіру мәселесі қолға алынды. Осы бағыттағы жұмыстар екі жыл көлемінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.

«Біз жаймабазарларды реттеуге арналған жобаны екі жыл ішінде жүзеге асыруымыз керек. Бірінші кезекте Северное кольцо көшесін босатуымыз керек. Әр бейсенбі сайын «барахолка» құрылысына жауапты жеке кәсіпкерлерді шақырып, келіссөздер жүргізудеміз», - дейді сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Ғабит Садырбаев.Оның айтуынша, қазіргі кезде «барахолка» аумағындағы алпыс төрт базардың төртеуінің ғана («Болашақ», «Сауран», «Строй-сити», «Сәлем») жобалық жоспары бар. Ал қызыл линияда салынған базарлар бұзылатын болады. Сонымен, жоспарға сәйкес, «Құлагер» базары бұзылып, орны тазартылып жатыр. Себебі, жаңа жобада қызыл сызықтың бойында тұрған базарлардың 130 метрге кейінге шегерілуі керектігі көрсетілген.

«Солтүстік айналымда қызыл сызықта тұрған аймақты тазартамыз. Орнына заманауи сауда үйлері салынады. Әрбір кешеннің жанынан ашық көлік тұрақтары мен сыйымдылығы 21 мың орындық көпқабатты паркинг салынбақшы. Бұл кешендердің жертөлесі паркинг және қойма ретінде пайдаланылады»,-деді Солтүстік айналым жобасының авторы Алтай Сатыбалдиев.

Жобада қарастырылған жайлы кешеннің құрылысына әзірге бюджеттен 14 млн.теңге  бөлініпті. Талапқа сай келмейтін қала ішілік 34 сауда орнын ретке келтіру ісі де күн тәртібінде тұр. «Қала бойынша 74 сауда орны бар. Соның ішінде Әуезов ауданында 4, Алмалы ауданында 6, Алатау ауданында 10, Бостандық ауданында 4, Жетісуда 7, Медеуде 1, Түрксібте 2 сауда орнының тұрған жері біздің бас жобаға сәйкес келмейді», – деді сөз орайында құрылыс және сәулет басқармасының бастығы Ғ.Садырбаев.

Біз жергілікті билік өкілдерімен әңгімелесу барысында солтүстік айналымдағы «Адем», «Рахат», «Ялян» сияқты соңғы жылдары салынған базарлар бұзылмайтынын білдік. Оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен. Жалпы, қаланың солтүстік бөлігіндегі айналма жолды қалыпқа келтіруге бар күш жұмылдырылады.

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: Nur.kz

Соңғы жаңалықтар