• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2013

Бүгіннен – болашаққа!

520 рет
көрсетілді

Алдыңғы лектен көрінуге тиіспіз

Бүгінгі Қазақстан – қо­ғам өмірінің барлық салаларында оң өзгерістерге жетіп, саяси тұрақтылығы қалып­тасқан, экономикасы берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жет­кіз­генімізді төрткүл дүние түгел мойын­дады.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мемле­кет­тің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына былтырғы Жолдауы еліміздің іркіліссіз ілгері қадам басуын айқындаған құжат ретінде ұзақ мерзімді қамтуымен құнды. Жолдаудағы ең басты мақсаттың бірі – 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі.

Алдыңғы лектен көрінуге тиіспіз

Бүгінгі Қазақстан – қо­ғам өмірінің барлық салаларында оң өзгерістерге жетіп, саяси тұрақтылығы қалып­тасқан, экономикасы берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жет­кіз­генімізді төрткүл дүние түгел мойын­дады.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мемле­кет­тің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына былтырғы Жолдауы еліміздің іркіліссіз ілгері қадам басуын айқындаған құжат ретінде ұзақ мерзімді қамтуымен құнды. Жолдаудағы ең басты мақсаттың бірі – 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі. 

Ол үшін мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту, экономикалық даму мен инвестиция тартуды арттыру, денсаулық сақтау мен білім беруді әлемдік дейгейге жеткізу көзделген, сондай-ақ, сыртқы және ішкі саясатқа, адами капиталдың құндылығына, дін мен тілге, халықтардың бірлігі мен татулығына баса назар аударылған.

Бүгінгі күннің түйткілдерінің бірі – тұрғын үй мәселесіне де Елбасы ден қойып отыр. Салық саясаты, білім беру мен кәсіби машық, кәсіпкерлік, қазақстандық демократия мен патрио­тизм мәселелері де Жолдауда айқын көрініс тапқан. Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін де алға тарта отырып, оларды қалай еңсеруге болатынын да терең талдап, таразылайды. Міне, бұл Мемлекет басшысы сая­са­ты­ның көрегендігін әдіп­тейтін қағидаттар екені сөзсіз.

 Елбасы Жолдауындағы міндеттер жастардан да қашанда белсенділік күтеді. Сол себептен Қазақстанның алдағы асулардан сүрінбей өтуі жастарға да байланыс­ты. Біз, жастар еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына, қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерімізді қоса беретін боламыз. Жастар қашанда жасампаздықтың, жаңа бастамалардың жүзеге асырушылары болып табылады. Елбасы Жолдауында: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер», деп айрықша атап айтты.

Бұл – елдіктің сенімі, ертеңіміздің сенімі дер едім. Жолдауда көрсетілген негізгі міндеттерді жүзеге асырушы да біздер, жастар болатынымызды есімізде ұстауымыз керек. Сондықтан Елбасы сенім артқандай, оқуда, жаңа мамандық және жаңа технологияны меңгеруде ізденісте болуымыз керек, еліміздің жарқын болашағы жолында күш-жігерімізді жұмылдыруға дайын болуымыз қажет. Мұның өзі бізді жат әдеттерден аулақ болып, өнегелі де өркенді істерге ұмтылуға, барлық салада да алдыңғы лектен көрінуге шақырады.

Жарқын болашаққа бағдар ұстаған Қазақстанымыздың өркендеуінде жастардың қолтаңбасы айрықша айқын болуы тиіс. Бұл біздің қолымыздан келеді. Ол үшін елімізде жастардың бастамашылдығын қолдаудың үлгілі үрдістері, игі дәстүрлері қалыптасып отырғаны да шындық.

Дариға ИСМАҒАМБЕТОВА,

Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

АҚТӨБЕ.

Биікке талпындыратын құжат

Елбасының Жолдаулары – халқымыз асыға күтетін, ел дамуының әрі қарай бағыттарын нақтылайтын бірегей құжат. Ал былтырғы желтоқсан айындағы Жолдау кемел келешекке құрылған келелі жоспарларымен ерекшеленіп, заманның ауыр жүгін арқалай келді. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Ел аузындағы нақыл Елбасының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын қабылдап қана қоймай, оны мерзімінен бұрын сәтті іске асырып, ендігі кезекте жаһандық деңгейдегі міндеттерді межелеуіне арқау болғаны анық.

Ел Тәуелсіздігінің жиырма екінші жылын біз бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қатарын­да тұрып қарсы алдық. Бұл дегеніміз – халқының әл-ауқа­ты артқан, экономикасы қарыш­тап дамыған, айшық­ты астанасын тұрғызып, бір­лік пен татулықтың отын жақ­қан мерейлі мемлекеттің мәрте­бесі. Біздің пайымдауымызша, Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың бұл стратегиялық бағдарламасы ел тұтқасын ұстаған азаматтар үшін, оның ішінде жас ұрпақ өкілдері үшін даңғыл жол көрсететін таптырмас әдістемелік құрал болып табылады. Себебі, құжатта жаһандық деңгейдегі сын-қатерлерді ескере отырып, дербес мемле­кеттің да­му болашағына негіз­делген ау­қымды міндеттер көр­сетілген. Қуатты экономика, қуатты бизнес қалыптастыру арқылы Қазақстанды қуатты державаға айналдырудың тетік­тері кеңі­нен түсіндірілген. Әсі­ресе, жа­һан­дық даму үдерісіне ілесе отырып, өркениеттің көшінен қалмауға баса назар аударылғаны көңіл қуантады.

Жолдауда мемлекеттік тілдің мәрте­бесін арттыру сынды ұлт болашағына қатыс­ты қағидатты мәселелер өте орынды көте­рілді. Әрине, онда Елбасы жердің, ел­дің иесі қазақ халқына уақыт жүктейтін қасиетті міндеттерге де тоқталды. Осы орайда ұлт зиялыларының жауапкершілігі де жоғары болмақ. Бүгінге дейінгі толай­ым табыстарға қол жеткізуіміз, тіпті, осын­дай кең ауқымды стратегиялық жос­пар құ­руы­мыздың өзі – еліміздегі тұрақ­тылықты, халық бірлігінің арқасы екендігі сөзсіз. Сон­дықтан, ендігі кезекте сол бірлігімізді ны­ғайтып, ел мүддесі үшін ерінбей еңбек ете­тін жасампаз жастардың заманы туып отыр.

Біз, жастар, тәуелсіз мемлекетіміздің тағ­дырына жауапты екенімізді бар жан-тәні­мізбен сезіне отырып, ХХІ ғасырды «Қа­зақ­станның алтын ғасыры» етуге атсалы­суымыз керек. Ендеше, ақ жол, замандастар!

Ерлан ҚАЛМАҚОВ,

Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.

ҚОСТАНАЙ.

Келешек келбеті

Былтыр Елбасымыз еліміздің ең қас­терлі мейрамы – Тәуелсіздік мере­кесі қар­саңында Қазақстан халқына өрке­ниеттің шыңына жетуді мақсат ететін маңызды  құжат «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жария еткені белгілі.

Бүгін еліміз өз дамуының жаңа ке­зеңінде тұр. Елбасы еліміздің 2050 жыл­­ға дейінгі жаңа саяси бағытын айқын­дап, бар­шамыздың алдымызға маңыз­ды мін­деттер қойып отыр. Әрбір қазақ­стан­дық былтырғы Жолдаудан да өзінің, отба­сының, тұтас елінің және ке­лер ұрпағының алаңсыз да бақуатты тұр­мыс-тірлігін көре алғаны еш күмән туғызбаса керек.

Әсіресе,  Елбасының жастарға қатысты айтқан сөздері жан тебірентерлік болғаны есте. Елім, жерім деген жастың жүрегіне қозғау салғаны кәміл. Жасыратыны жоқ, аға буын ертеңгі ел тұтқалары деп сенім артып отырса, кейбір жастардың ата салт, дәстүрлі дін­нен адасып, азғыр­ған­ның жете­гін­де кетіп жүр­ген­дері – барша­мыз­дың ортақ қасіретіміз. Елбасы осы ке­лең­сіздіктің алдын алуға шақырды. Нұр­сұлтан Әбішұлы жаңа буын қазақ­стан­дықтарға сенім артып: «Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айна­луға тиіссіздер», деп атап көрсетті. Қазақстанның болашағын білімді де, білікті жастарға қатысты деп білетін Елбасы жас буынды ел өміріне етене араластыру, оларға мейлінше жағдай жасауға жаңа стратегиядан айрықша орын берді. Жолдаудағы: «Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш», деген сөздер жастарға тың жігер бермек.

Барша қазақстандық жас буынның Елбасы алдымызға қойған ауқымды мін­деттерін абыроймен іске асыруға атсалысып, еліміздің әлемдегі дамыған 30 ел­дің қатарына кіруі үшін аянбай еңбек ететіндігіне зор сенім білдіремін.

Бауыржан ТҰЯҚОВ,

Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері

басқармасының басшысы.

Ақтау.

Стратегия және жастар саясаты

Халықтың болашаққа деген үкілі үмітінің үзілмеуі үшін, алғы күнге деген сенімінің артуы үшін үлкен бағдарламалар жасалынады. Мемлекет тарапынан жа­салған жоспарлар елді ұйыстырып, береке-бірлігінің нығаюына, қажыр-қайраты мен мақсат-жігерінің бір арнада тоғысуына жол ашады. Ашуға тиіс те. Өйткені, халықтан биік асқар жоқ. Кәрі тарих мұндай жоспарлардың талайына куә болған.

Екі алпауыттың ортасында отырған Қазақстанымыздың бұрынғысы мен бүгінгісін сарапқа салып, алдағы ғұмыр-болашағын бағдарлау, соған сай сәтті жос­пар жасау – уақыт оздырмайтын толғақты мәселе еді. Бүгін ерте боп көрініп, ертең кеш боп кетуі мүмкін екенін ертерек ұққан Елбасы 1997 жылы «Қазақстан-2030» бағдарламасын жұртқа жария етті. ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға көз тігіп, сөз салып тұрғандай көрінген сол кезде. Бүгін өткен жолымызға қарап, ізімізді айқын танимыз. «Әттеген-айымыздан» «әп-бәрекелді!» деген кездеріміз көп болыпты. Бірен-cаранын тілге тиек етейік. Біздің ең үлкен жеңісіміздің бірі – халықаралық дәрежеде 14 мың шақырымдық шекарамызды бекіттік. 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдердің бестігіне енді. Қазақ елінде 140 ұлттың өкілдері өзара ынтымақ-бірлігі жарасып өмір сүруде. ХХ ғасырдың басында Ахаң, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әлхамдулилла, аз емеспіз, алты миллион алашпыз», деп еді. Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 млн.-нан 17 млн. адамға дейін өсіпті. Демек, бүгін біз де Ахаңша қуанып, Ахаңша шүкір айтуға ынталымыз.

Арпалысын ала келген жаһандау үдерісінде Қазақстан қай бағытта дамуы қажет? Күрделі де күрмеулі мәселелер аз емес, әрине. Қазақстанның экономикасы, жалпы, саяси һәм мәдени-әлеуметтік жай-күйіміз қандай болмақ? Осы секілді сауалдарға Елбасы Жолдауында терең мәнді жауаптар берілді. Н.Назарбаев аталмыш бағдарламада ең ірі деген он бағыт бойынша мәселе көтерді. Онда саяси-әлеуметтік, қоғамдық-мәдени салалардың қай-қайсысына да тиесілі түйткілдер түсіндіріліпті. «Қазақстан-2050-де» ұлт денсаулығы, ауыл шаруашылығын дамыту мен еңбек саясатын ұтымды шешу жолдары, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау мен саламатты ұрпақ тәрбиелеу, ана мен баланы қорғау, білім беру ісін жетілдіру секілді маңызды дүниелерге мән берілді. Мұның өзі ұлт ертеңінің анық та жарық болуына жасалған кезекті қадам деуге болады. Президентіміз аға буын аманатын да, үмітін де артып отыр жастарға. Аманатқа қия­нат қылу жасқа жараспас. Жолдау жария­лан­ғанда жастар қарап қалған жоқ, қайта қар­манып қалуды құп көрді. Жер-жерде осы бағдарламаны насихаттау мақса­тында әртүрлі турнирлер, ойындар мен дөң­гелек үстелдер, ән байқаулары мен түрлі бас­қосулар өткізіп жатыр. Өткізіле береді де.

Елбасы Жолдауында ғылым-білім саласына ерекше көңіл бөлініпті. «Ел мен елді теңестіретін басты нәрсе – білім» демеп пе еді заңғар М. Әуезов?! Әсіресе, бүгінгі қым-қуыт, аласапыран заманда жастардың біліммен қарулануы маңызды, жас буынның бәсеке-бәйгеде оқ бойы оза шауып шығуы үшін білім саласына көбірек көңіл бөлінгені көкейге қуаныш ұялатты. Мемлекет басшысы соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржының 9,5 есе өскенін, ал соңғы 12 жылда жоғары білім алуға берілетін гранттар санының 182 %-ға ұлғайғанын тілге тиек етті. 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы қабылданған еді. Содан бері 8, 5 мың білімгер шетелдің озық оқу орындарында оқыды. Енді өз елімізде де әлемдік университеттермен теңесе алатын үздік білім ошақтарын ашу, зияткерлік мектептерді көбейту және инновациялық зерттеулерді дамытудың тетіктерін жасау жағы да Жолдауда ескеріліпті. Бұл 2050 жылға дейін жүйелі жоспар жасап отырған Қазақстанның жастар саясатына оң көзбен қарайтынын көрсетеді. Президентіміз өз сөзінде: «Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер», деп жастарға үлкен үміт артты. Статистикалық деректерге сүйенейік. Елімізде ғылыммен айналысатын жастар саны 18 мың адамға жетті. Тек соңғы екі жарым жыл ішінде 3000-ға жуық жас өрен ғылым табалдырығын аттапты. Демек, жыл сайын бұл үдеріс үдеп жатыр деген сөз. «Қазақстан-2050» бағдарламасы аясында атқарылатын іс-шаралар бұл игі дәстүрді қарқындатып әкетеді деген берік сенім бар бізде.

Жолдауда ең үздік 100 классикалық шығарманы мемлекеттік тілге аудару мәселесі көтерілді. Қазірдің өзінде ғаламтор беттерінде іріктеу байқауы басталып кетті. Қазір жастардың дені ғаламторда өз ойларын ашық білдіретінін ескерсек, Елбасының аталмыш идеясының іске асуына жастар қауымы да үлес қосып жатыр деуге болады. «Қазақстан-2050» бағдарламасындағы қолжетімді тұрғын үй мәселесін шешу, оның ішінде жатақханаларды көптеп салу, жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу туралы айтылған міндеттер, бүгінде үйсіз, күйсіз жүрген жас мамандар жүрегіне шуақ түсірді.

Демографиялық жағдай, әсіресе, біздің қазақ үшін салғырт қарауға болмайтын келелі мәселе екені белгілі. Қазақстан халқының қазіргі өсімінің 60 пайыздан астамы 20-30 арасындағы жастардың үлесiнде. Республика тұрғындарының әрбір екінші азаматы жасы отызға толмаған адам екен. Демек, Қазақстан – жастар мемлекеті. Әрине, жастар туралы айтқанда, шешуін таппай отырған мәселелер жоқ деуге болмайды. Деректер еліміздегі жасы 25-тен асқан бойдақтар санының 3 миллионнан асып жығылатынын айтады. Суицидтен пайыздық көрсеткіш бойынша әлемнің алғашқы үштігіне кіретініміз де жастар арасындағы рухани дерттердің аз емес екенін көрсетеді. Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданған. «Жасыл ел», «Ауыл жастары», «Дипломмен – ауылға!», «Болашақ» сынды бағдарламалардың бәрі де жас буынның, жас шыбықтың тура әрі жемісті ағаш боп жайқалуына жасалған жағдай деуіміз керек. Президент Н.Назарбаев арнайы жастар саясаты жөніндегі тұжырымдама талқыланып жатқанын өз Жолдауында айтты. Жастар туралы жаңа заңға да өзгерістер енбек. Республиканың әр өңірінде жастар саясаты мәселелері жөнінде басқармалар құрылып жатыр. Биыл еліміздің жастар ұйымдары ақылдаса келе, 2013 жылды ауыл жастары жылы деп жария етті.

Шерағаң – Шерхан Мұртазаша айтсақ, «Елбасы – біреу, қалғандарымыз – тіреу». Ендеше, Жолдауды қолдау – халыққа міндет, бізге сын. Өйткені, 2050 деген – болашақ, болашақ дегеніміз – жастар, мына біз.

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері.

Алматы.

Алтын ғасыр –  біздің ғасыр

Елбасы Нұр­­сұлтан На­зарбаев Қазақ­стан халқына был­тырғы Жол­дауында жаңа Қазақстанның 2050 дамудың жар­қын жолын айқындап бер­гені белгілі. «Жас келсе – іс­ке», дей­ді да­на халқы­мыз. Әр істі өз дең­гейінде ат­қа­ру үшін әр­бір жасқа білім мен тәжірибе ке­рек. Жолдауда білім ақысын өз кү­шімен төлей алмайтын жастарға көмек көрсету шаралары: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісін, көпсалалы оқу гранттары, мамандандырылған оқу орындары жүйелерін құру, ең қуантатыны – өндірістік тәжірибеден өтуді заңнамалық тұрғыда бекіту тасқа таңба басқандай көрсетілген. Елдің келешегін кемелдендірушілерге қамқорлықты замандастарымыз қуана қарсы алғаны да ұмытыла қойған жоқ. Лайықты білім алуға та­лаптанушыларға бұдан былай үлкен мүмкіндіктің ашылмақтығы білімді де білікті буынның қатарын толықтыра түсері даусыз.

Мемлекет басшысы «Жаңа ба­ғыттың қозғаушы күші – жас­тар», деп жас қазақстандықтардың алдына үлкен міндеттер қойды. Қол жеткізген бүгінгі табыстарымызды сақтау және еселеу, жаңа бастамаларды жүзеге асыру бүгінгі толқынның еншісінде. Бұл – баға жетпес бақ және жүгі ауыр жауапкершілік. Әлемдік нарықта жыл санап күшейіп келе жатқан бәсекеге, ХХІ ғасырдағы одан сайынғы қиын сындарға төтеп беруге құлқысы мен еңбек етуге ынтасы жоқ, білімі таяз, рухы аласа қоғамның қолынан келмейтіні анық. Сондықтан Елбасы көрегендікпен көрсетіп отырғандай, одан алып шығар жол қолдарынан бәрі келуге тиісті жаңа күшке тиесілі. Ондай күш біздерміз деп білемін. Жаһандық дамудың бел ортасынан табылып, жас елімізді алдыңғы 30-дың қатарына қосуға жігеріміз бен білімімізді аямайтынымызға сенім мол.

АҚШ-тың 26-шы Президенті Теодор Рузвельт: «Адамзат бала­сы­ның өмірлік іс-әрекетінде қай­таланып отыратын құпия құбылыс бар – кейбір толқынға қойылатын талап пен артылатын үміт ерекше болады», деген екен. Бұл Қазақстан тарихындағы жаңа толқын – тәуел­сіздік құрдастарына арнап айтыл­ғандай да. Алтын ғасыр – біздің ғасыр болуы қолымызда. Оны жасау біздің үлес. Жолдау жігерлендірген замандастарым соған дайын.

Мирас ҚҰТТЫБАЙ,

Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

ҚАРАҒАНДЫ.

Соңғы жаңалықтар