• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2013

Ұлтымыздың ұйытқысы

330 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Шараның бұл жолғы басты тұлғасы – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов болды. Брифингті жүргізген Алтай Әбибуллаев өңірдің өркенді істері мен халқымыздың мақтанышына айналған ерекшеліктерін айта келіп, сөз кезегін аймақ басшысына берді.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Шараның бұл жолғы басты тұлғасы – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов болды. Брифингті жүргізген Алтай Әбибуллаев өңірдің өркенді істері мен халқымыздың мақтанышына айналған ерекшеліктерін айта келіп, сөз кезегін аймақ басшысына берді.

Бұл жолғы брифингтің бұған дейінгі осындай шаралардан бір өзгешелігі болды. Шараның мақсатын таныстырған модератор қалыптасқан әдетті бұзып, тек қазақша сөйледі. Өз кезегінде облыс әкімі де баяндамасын толығымен мемлекеттік тілде жасады. Бұл игі бастамаға журналистер қауымының еш­қайсысы тосырқаған жоқ. Өйткені, шараны бір тіл­де жүргізу – тілшілердің қат уақытын босқа ысырап қыл­ма­ғаны анық. Содан болар, орыс тілді журналистердің өзі бұл бастаманы құп көріп тұр­ғаны байқалды. Себебі, ол әріп­тестеріміздің де бәрі дерлік қа­зақ емес пе!? Демек, бәрі ана тілін бір кісідей жақсы ұғады. Оның дәлелін әріптестеріміздің баяндаманы толық түсініп, сол бойынша қойған сауалдарынан көруге болады.

Брифинг басталардан бір сағат бұрын Қазмедиа орталығының бірінші қабатында Оңтүстік Қазақстан облысының көрмесі ұсынылды. Онда Шымкент қаласында салынатын жаңа әкімшілік орталығының макеті де қойылған. Заманауи шеберлікпен жасалған макет тілші қауымының назарын өзіне тартып-ақ тұр. Ондағы әкімшілік ғимараттарымен қатар, айналасына түсетін өзге нысандардың да келбеті керім дерлік. Осыған қарап, Елбасының шырайлы Шымқаланы елдегі үшінші мегаполиске айналдыру туралы берген тапсырмасы ойға оралды. Көрмеде орын алған өзге игіліктер де өңірдің өркениетті даму үрдісін әйгілеп тұр. Көрмені тамашалаған жанның Оңтүстік Қазақстан ұлтымыздың ұйытқысы екеніне көзі жетеді.

Облыс әкімі өңірдегі әлеумет­тік-экономикалық даму мен мем­лекеттік және салалық бағ­дар­ламалардың орындалуы, сондай-ақ өзге де маңызды мәселелері жө­нінде әңгімеледі. Соңғы 4 жылда өңірдің өнім көлемі 2 есеге артыпты. Республикадағы үлесі бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Бұйыртса биылғы жылды 2 трлн. теңгеден астам табыспен қорытындылағалы отыр. Осы жетістіктерді тілге тиек еткен әкім Кеңес одағы кезіндегі ірі кәсіпорындар заман талабына сай болмағандықтан тоқырап, мүлде жойылған қазіргі уақытта өңірдегі негізгі табыс шағын және орта бизнестен құралып жатқанын айтты. Әкімнің баяндамасы бойынша әзірленген материалдар бұдан бұрынғы нөмірімізге жарияланғаны мәлім. Сондықтан мақаламызды шараның екінші бөліміне арнағанды жөн санадық.

Брифингтің екінші бөлімі әдеттегідей сұрақ-жауап үлгісінде өтті. Облыс әкіміне сан алуан сұрақтар қойылды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудан бастап, Оңтүстіктегі қыз алып қашуға дейінгі сауалдардың бәріне нақты жауап берілді. Бірінші сұрақ елдегі үшінші мегаполистің құрылысына республикалық бюджеттен қанша қаражат қарастырылатыны жөнінде болды. Әкім жаңа әкімшілік орталықты салу ісі негізінен облыстық бюджет есебінен және жеке кәсіпкерлердің көмегімен, сондай-ақ, инвестициялар тарту арқылы салынатынын айтты. «Бұған қоса, жалпы Шымкент қаласын мегаполиске айналдыру ісіне салынған бір теңге орнына жеке капиталдан екі теңге тартуды көздеп отырмыз. Ал республикалық бюджеттен келесі жылы жаңа орталықтың инфрақұрылымын жасауға 27 млрд. теңге қарастырылмақ», деді А.Мырзахметов.

Келесі бір сұрақ елге шетелден оралған қандастардың неге Оңтүстік Қазақстан облысына көп орналасатыны туралы болды. «Біздің аймақтың ауа райының қолайлылығы мен өмір сүруге ыңғайлылығы бауырларымызды өзіне көбірек тартса керек. Сондай-ақ, Өзбекстанмен көрші болғандығымыз да бұған себеп. Бұрыннан бір аймақты жайлаған қазақ халқы мемлекеттік шекараға орай екі жарылды дегенмен, ағайын-туғанымен, жекжат-жұрағатымен ежелден араласып жатыр. Осы жағдай көрші елдегі ағайындардың біздің облыста тұрақтап қалуына себеп болып отыр», деді әкім.

 Шымкент қаласының аумағына уран өндіруші мамандар дайындайтын колледж салынбақ екен. «31 телеарна» тілшісіне келген мәлімет бойынша осы колледж ендігі де Қызылорда қаласына салынатын болыпты. Журналист осы мәселенің мән-жайын сұрады. «Аталған оқу орнына қала аумағынан 4 гектар жер бөлінген. Ол жерде тек білім ошағының ғимараты ғана емес, тұтас қалашық орын тебеді. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тың президенті Владимир Школьникпен бұл мәселе тыңғылықты қарастырылған. Ал оның құрылыс жобасы Қызылордаға көшіріліп жатқаны туралы менде мәлімет жоқ. Ондай жағдай орын алған болса, маған ресми түрде хабарланған болар еді», деді өңір басшысы.

Оңтүстіктегі жастар арасында жасалып жүрген қылмыстар да тілшілер назарынан тыс қалмады. Оған облыс әкімі тиянақты жауабын берді. Бүгінгі таңда осыған орай Шымкент қаласында, сондай-ақ, аудандарда жастар орталықтары құрылып, соған орай жастар бас қосып отыратын арнайы ғимараттар да бой көтеріп жатыр екен. Бұл орындарда тәлім-тәрбие тұрғысында түрлі мәдени шаралар өткізілуімен қатар, жастар бос уақытын пайдалы өткізуіне барлық жағдайлар жасалатын көрінеді. Мұнымен бірге, облыс әкімдігі мен зиялы қауым екі жыл бұрын Ішкі істер министрлігіне қолданыстағы заңға толықтырулар енгізуді ұсыныпты. Ол бойынша қару сатып алуға рұқсат сұраушылардың жасын 25-ке дейін көтеру көзделген. Сондай-ақ, қару сатып алушының ата-анасын да бұл шараға қатыстыру керектігі көрсетіліпті. Бұл ұсыныстар мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тауып жатқан көрінеді. Ал жастар арасындағы қылмыстың көптігі, облыстағы жастар санына байланысты көрінеді. Бүгінгі статистикаға қарағанда, аймақта 780 мыңнан астам жас азамат бар екен.

Еліміз Кеден одағына кіргелі де бірқыдыру уақыт өтті. Біздің тара­пы­мыздан осы Кеден одағын оңтүс­тікқазақстандықтар қалай пайдаланып жатқандығы туралы сұрақ қойылды. «Кеден одағы біз үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Біздің облыс көкөніс өнімін көптеп өндіретін болғандықтан, оның бір бөлігін одақтас елдер нарығына жіберетініміз белгілі. Мәселен, биыл 2 млн. 200 мың тонна көкөніс өндірілді. Ал сауда айналымы бойынша айтар болсам, ол ағымдағы жылдың 10 айында 3,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Осыған қарағанда Кеден одағы бізге тиімді деп айтуға әбден болады. Тек оның пайдалы жақтарын дұрыс қолдана білу керек», деді А.Мырзахметов.

Осыдан біршама уақыт бұрын Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова оңтүстіктегі тығыз орналасқан халықтың бір бөлігін солтүстік өңірге көшіру ұсынысын алға тартқаны мәлім. Келесі журналист осы ойға байланысты облыс әкімінің пікірін білгісі келді. «Бірінші кезекте бұл істің қаншалықты тиімді екенін електен өткеру керек. Содан кейін ғана пікір білдіруге болады. Ал көшіру, басқа орынға қоныстандыру мәселесіне келсек, біз өз облысымыздың ішінде де миграция мәселесін қарастырып жатырмыз. Мәселен, Мақтаарал ауданында халық тығыз орналасқан, ондағы халық саны 300 мыңнан асып жығылады, ал Отырар ауданындағы халықтың саны 50 мыңның ғана төңірегінде. Жалпы, осы айтылған мәселе біздің назарымызда екенін айтқым келеді», деді облыс әкімі.

Бұл жолғы брифинг бұрынғыларынан ұзағырақ болғанында айта кеткен жөн. Өйткені, сұрақ қоюшы журналистер көп болумен қатар, әр сұраққа толымды жауаптар қайтарылды.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар