• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2013

Міндетті әлеуметтік сақтандыру – әлеуетті арттыру

1126 рет
көрсетілді

Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту әлбетте күн тәртібінен түспейтін көкейкесті мәселенің бірі. Осы орайда оның бүкіл қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін білу мақсатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының президенті Алмас ҚҰРМА­НОВ­ПЕН әңгімелесудің сәті түсті.

– Алмас Мұхамедкәрімұлы, әлемде әртүрлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің бар екені белгілі. Қазірде Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғаудың қандай жүйесі қолданылуда?

 

Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту әлбетте күн тәртібінен түспейтін көкейкесті мәселенің бірі. Осы орайда оның бүкіл қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін білу мақсатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының президенті Алмас ҚҰРМА­НОВ­ПЕН әңгімелесудің сәті түсті.

– Алмас Мұхамедкәрімұлы, әлемде әртүрлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің бар екені белгілі. Қазірде Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғаудың қандай жүйесі қолданылуда?

– Жалпы, Қазақстандағы халықты әлеуметтік қорғау жүйесі – әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыруды біріктіретін, өзін әлеуметтік қорғау үшін азаматтардың жеке жауапкершілігі мен жұмыс беру­шілердің және мемлекеттің ынтымақты жауапкершілігі қағидаттарына құрылған.

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясымен әрбір азаматқа жалақының төменгі мөлшері, жасына қарай әлеуметтік қамсыздандыру, ауру жағдайына, мүге­дектігіне, асыраушысынан айырылуына және басқа да заңдық негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі. Осыған байланыс­ты әлеуметтік қатер туған жағдайда азаматтарға оның жұмыс істеу-істемеуіне байланыссыз мемлекеттік базалық әлеуметтік жәр­­дем­ақылар мен зейнетақылар тағайындалады.

Жұмыс істейтін халық жинақтаушы зейнетақы жүйесімен және міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесімен қамтыл­ған. Әлеуметтік тәуекел туған жағдайда әлеуметтік төлемдердің мөлшері сақтан­дырылған жалақысына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады.

Сонымен қатар, халық өз өмірін, отбасы мүшелерін жеке сақтандыру ұйымдарында «өмірді сақтандыру» саласы бойынша ерікті сақтандыра алады. Мысалы, ерікті зейнетақы жарналары есебінен сақтандыру өнімдерінің түрлері бойынша (ата-аналардың, балалардың өмірін сақтандыру, балаларды оқыту және т.б.).

– Жалпы, әлеуметтік сақтандыру не үшін керек, көптеген адамдар мұны өздеріне ешқандай қауіп-қатер болмайды деген үмітпен артық ақша жұмсау деп ойлайды?

– Бізде халық әлеуметтік сақтандыру жүйесінің пайдасы туралы әлі де толық білмейді. Шетелде – сақтандыру дегеніміз тұтастай мәдениет. Яғни, жоғары жалақы алатын адамдар өздерінің алдағы өмірін лайықты табыспен қамтамасыз еткілері келеді, сондықтан да сақтандыру компанияларына шарт жасасу үшін ерікті түрде жүгінеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шарт бойынша аударған қаржысымен өзін қаншалықты қамтамасыз етсе, сонша зейнетақы алатын болады. Демек, азамат бұған өзіне лайықты өмірді қамтамасыз ету үшін барады. Әрине, сақтандыру мәдениетін дамыту шарттарының бірі – ол азаматтардың табысын арттыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Жалпы алғанда бір адамның болашағын инвестициялау мәдениеті мен өмір сүру деңгейі бойынша тұтастай мемлекеттің даму деңгейін айқындауға болады.

– Еліміздің әлеуметтік қорғау жүйе­сіндегі міндетті әлеуметтік сақтан­дыру­дың рөлі қандай?

– Әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стандартына өту 2004 жылы жалғыз акционері және құрылтайшысы мемлекет болып табылатын, акционерлік қоғам түріндегі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (Қор) құрылуына себепші болды. Қор әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды және әлеуметтік қатер туған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік төлемдерді төлеуді жүзеге асырады.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жұмыс істейтін халықты әлеу­меттік қамсыздандырудың қосымша түрі ретінде 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.

– Қордан қандай әлеуметтік төлемдер төленеді?

– Жұмыс берушілер олар үшін Қорға әлеуметтік аударымдар төлеген жұмыс істейтін халық Қордан әлеуметтік төлем алушы болып табылады.

2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордан еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы (жұмыссыздыққа жәрдемақы) жағдайларына әлеуметтік төлемдер төленіп келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2007 жылғы 28 қаңтардағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру аясында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап ана мен баланы міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Осыған байланысты Қордан:

- жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына;

- бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Еңбек ету қабілетінен айырылуы, жұмысынан айырылуы жағдайларына және ана мен баланы қорғауға Қордан тағайындайтын әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру кімдер үшін міндетті болып табылады?

– Жұмыс істейтін зейнеткерлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және табыс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, барлық қызметкерлер мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.

Халықтың жұмысқа орналасуы кезінде жұмыс берушімен келісімшарт жасауы өте маңызды, өйткені, мұндай жағдайда жұмыс беруші Қорға ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленуіне жауапты болады.

Мысалы, еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік тәуекел туған жағдайда, адам үш жерден әлеуметтік көмек алады: бірінші – республикалық бюджет қаржысы есебінен мемлекеттік жәрдемақы; екінші – Қордың қаражаты есебінен әлеуметтік төлемдер, үшінші – «өмірді сақтандыру» саласы бойынша жеке сақтандыру компаниялары қаржысы есебінен төленетін сақтандыру төлемдері (егер жұмыс берушімен өндірісте жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған болса) немесе жұмыс берушіден (егер жұмыс берушімен өндірісте жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалмаған болса).

– Қорға төленетін әлеуметтік аударым­дардың мөлшерлемесі қандай. Осы жө­нінде тарқатып өтсеңіз?

– Жұмыс берушілер және (немесе) өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар Қорға әлеуметтік аударымдарды төлеушілер болып табылады. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға салық органдарында ресми тір­келген, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариус­тар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар жатады.

Әлеуметтік аударымдардың мөлшер­лемесі қызметкердің ай сайынғы табысының 5%-ын құрайды. Әлеуметтік аударымдар төленетін табыстың ең жоғарғы және ең төменгі шегі белгіленген. Әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің (бұдан әрі – ЕТЖ) 5 % кем болмауы керек, ал ең жоғарғы мөлшері 10 еселенген ЕТЖ көлемінің 5 % артық болмауы ке­рек. Әлеуметтік сақтандыру бойынша сақ­тандыру аударымдары төленетін табысқа шектеу белгілеу халықаралық тәжірибеде ке­ңінен қолданылады, осылайша мемлекет халықты орташа табыс деңгейінде әлеу­меттік қамсыздандыруға кепілдік береді.

Төлеушілердің әлеуметтік аударымдарды уақытында және толық төлеуі әлеуметтік қатер туған жағдайда тәуекелге ұшыраған адамға заңмен көзделген Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің тиісті деңгейін қамта­масыз етеді.

Сондай-ақ ай сайынғы әлеуметтік аударымдар қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, ол жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленеді.

– Әлеуметтік аударымдар қайда жиналады? Олар сөйтіп, неге жұмсалады? Олардың сақталуына қандай да бір кепілдік бар ма?

– Әрине, әлеуметтік аударымдар Зей­нет­ақы төлеу жөніндегі мемлекеттік ор­талық арқылы, олардың түсуі бойынша дербестендірілген есеп жүргізілген соң Қордың банктік шотына түседі. Қордың активтері тек қана әлеуметтік төлемдерді төлеуге және уақытша бос қаржыны қаржы құралдарына орналастыруға жұмсалады.

Қордың инвестициялық қызметін, ті­зімін Қазақстан Республикасының Үкі­­меті айқындайтын Қордың активтерін ор­наластыру жолымен Ұлттық Банк жүргізеді. Негізгі қаржы құралдары – Қаржы министрлігі айналысқа шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар және Ұлттық Банктің ноталары. Осылайша, қазіргі уақытта Қор активтері экономика мен қоғамды дамытуға орналастырылған институционалды инвестор болып табылады.

– Қазіргі күнге Қордан төленген әлеу­меттік төлемдердің көлемі қандай болып отыр?

– Жалпы 2005-2012 жылдары әлеу­меттік қатерлердің барлық түрлері бойынша Қордан 285 млрд.-тан аса теңге әлеу­меттік төлемдер төленді, оның ішінде 264 млрд.теңге немесе 93 % ана мен баланы қол­дау бойынша әлеуметтік төлемдерге жұмсалды.

Бұл ретте, әлеуметтік төлемдердің екі түрі ұзақ мерзімді болып табылатынын атап өткен жөн. Мысалы, егер жұмысшыға 25 жасында мүгедектік шексіз мерзімге белгіленсе, онда әлеуметтік төлемдер оған 40 жыл бойы Қор есебінен зейнетақы жасына жеткенге дейін төленеді. Сондай-ақ, егер жұмысшы қайтыс болса және оның 1 жасқа толмаған баласы қалса, онда асырауындағы жан ретінде 18 жасқа толғанға дейін Қордан әлеуметтік төлем төленеді, жоғары білім орнының күндізгі бөлімінде оқыған жағдайда 23 жасқа толғанға дейін төленеді.

Айтылып отырған ұзақ мерзімді әлеу­меттік төлемдердің сатып алу қабілеттілігін сақтау мақсатында жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әлеуметтік төлемдердің көлемі артып отырады.

– Халық арасында ақпараттық-тү­сіндіру жұмысы қалайша жүргізіледі? Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құ­қығы барын білмейтін азаматтар болуы  мүмкін емес пе?

– Қор бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін, міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері жөніндегі ақпа­раттық-түсіндіру жұмыстарына үлкен мән береді. Бұл ретте, радиоарналарда аудиороликтер, телеарналарда бейнероликтер және деректі фильмдер орластырылады, сонымен қатар жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасында буклеттер, парақшалар, плакаттар кеңінен таратылуда. Қор мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және халықтың өкілдерінің қатысуымен өңірлерде міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері жөнінде семинарлар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырып өткізеді.

Осыған қоса, азаматтардың Қазақ­стан­дағы міндетті әлеуметтік сақтандыру саласы бойынша әлемнің кез келген жері­нен www.gfss.kz сайтына кіріп қажетті сұрақ­тарға жауап алу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, Зейнетақы төлеу жө­нін­дегі орталықтың және аумақтық бақы­лау және әлеуметтік қорғау депар­та­мент­терінің қызметкерлері әлеуметтік қор­­ғау мәселелері бойынша ақпараттық-түсін­діру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақ­тандыру мәселелері жөнінде кең ауқым­ды жұмыстар жүргізеді.

Әлеуметтік саладағы жұмыс бізді әр­бір өтінішке түсіністікпен қарауға және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңыздылығын әрбір адамға жеткілікті түрде түсіндіруге міндеттейді.

– Алмас Мұхамедкәрімұлы, енді әңгі­мені әлеуметтік сақтандыру жүйесінің бо­ла­шағы қандай деген сұрақпен түйін­десек.

– ҚР Конституциясының нормаларын орындап сақтаумен және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына ар­наған Жолдауында және Елбасының «Әлеу­меттік жаңғырту: «Жалпыға Ор­тақ Ең­бек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында қойылған міндеттер мен талаптарды жүзеге асыру тұрғысында мемлекет саясатының басты басымдығы адам капиталының дамуы, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының өсуі болып саналады. Осы мақсатта іске асырылатын әлеуметтік бағдарламалар – жұмыспен қамтуды сақтауға, табыс көлемін арттыруға, халықты әлеуметтік қорғауға және масылдықты жоюға бағытталған.

Міндетті әлеуметтік сақтандырудың келешектегі негізгі міндеттері – әлеу­мет­­тік сақтандырудың қаржылық тұрақ­тылығын қамтамасыз ету, жалпыға таныл­ған сақтандырудың қағидаттарын сақ­тау, сатып алу қабілеті ескеріле отырып, ұзақ мерзімді негіздегі әлеуметтік төлем­дердің теңгерілімін қамтамасыз ету, Қор активтерін инвестициялық басқарудағы тиімділігін арттыру, міндетті әлеуметтік сақтандырудың ұйымдастырушылық-функционалдық моделін жақсарту және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен халықтың қанағаттандырылуын арттыру болып табылады. Міне, сонда ғана әлеуметтің әлеуеті арта түсетіні сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Марат АҚҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар