Облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «100 аурухана, 100 мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 300 кереуеттік облыстық аурухананың ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Ол Елбасының халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, денсаулығын нығайтуға ұдайы қолдау жасап отыратынын тілге тиек ете келіп, мұнда жұмыс істейтін дәрігерлердің білікті маман болулары қажеттігіне назар аударды. Әр дәрігердің өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру сияқты өзекті мәселелерге тоқталды.

Жаңа аурухананың ашылуымен құттықтаған өңір басшысы Архимед Мұхамбетов өңірдің денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді атап өтті. Ол 2013 жылы пайдалануға берілген 12 медициналық нысанға 2,7 миллиард теңге бөлінгенін, соның нәтижесінде облыс орталығында ауысымына 500 сырқат, ал Шұбарқұдық кентінде 200 ауру қабылдайтын емханалар, 9 дәрігерлік амбулаториялар және осы 300 кереуеттік облыстық аурухана пайдалануға беріліп отырғанын жеткізді. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге барған 30 жас дәрігерге қомақты қаржы бөлінген.
Жаңа облыстық аурухана өзара байланысқан 4 блоктан тұрады. Ғимараттың жалпы көлемі 65 мың шаршы метрді алып жатыр. Жоба құны – 11,8 миллиард теңге. Көп салалы стационар облыстың ересек тұрғындарына әртүрлі аурулар және ауытқуларға қарсы кешенді түрде жоғары сапалы медициналық көмек көрсетеді. Аурухана құрамында 20-дан астам емдеу-диагностикалық бөлімшелер бар. Оларда емделушілер терапевтік, кардиологиялық, кардиохирургиялық, хирургиялық, травматологиялық және нефрология салалары бойынша ем ала алады. Стационар кең көлемде хирургиялық көмек көрсетуге арналған. Онда эндовидеохирургия қолданыла отырып, аз инвазивті операциялар жасалатын, операциядан кейінгі кезеңді қысқартуға мүмкіндік беретін тамыр хирургиясы, нейрохирургия бөлімшелері бар.
Аурухана әлемнің медицина техникаларын шығаратын жетекші өндіріс орындарының заманауи стандарттарға сәйкес диагностикалық және емдеу құралдарымен жарақтандырылған. Компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар, ангиограф, қазіргі заманғы ультрадыбыстық сканерлер, «жасанды бүйрек», «жасанды бауыр» аппараттары және барокамераларымен қамтамасыз етілген. Емдеу орны арнайы медициналық газ беру жүйесімен жарақталған және абактериалдық орта жағдайын қамтамасыз ететін таза бөлмелермен қамтылған. Ауруханада Еуропа елдерінде, Ресейде, Оңтүстік Кореяда біліктілігін жетілдірген жоғары санаттағы медициналық және ғылыми қызметкерлер жұмыс жасайды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.