Белгілі көсемсөзші және аудармашы Бигелді Ғабдуллин Қазақ ПЕН-клубының президенті болып сайланды. Қоғамдық бірлестік мүшелерінің кеше болып өткен жалпы жиналысында осындай шешім қабылданды. Жиналысқа Қазақстанның облыстарынан, сондай-ақ, Ресей мен Франциядан жазушылар келді.

Бұған дейін аталмыш міндетті қазақ әдебиетінің классигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов атқарып келген болатын. Бигелді Ғабдуллин көпшілікке публицист жазушы, газет ісінің ілкімді ұйымдастырушысы ретінде танымал. Кейінгі тоғыз жылда «Central Asia Monitor» апталығына басшылық етіп келеді. Сонымен қатар, ол «Радиоточка» мультимедиалық порталына жетекшілік етеді.
Бигелді Ғабдуллин – көптеген көсемсөздік толғамдардың, эсселер мен очерктердің авторы. Бірқатар қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Қазақ ПЕН-клубы 1993 жылы шығармашыл мамандықтар өкілдерінің зияткерлік ынтымақтастығын кеңейту, халықаралық әдеби қоғамдастыққа қатысу, қазақстандық мәдениетті дамыту, қоғамдық санада биік ізгілік мұраттарын тәрбиелеу мақсатында құрылған. Ол кәсіби әдебиетшілер мен журналистерді біріктіреді. Қазақ ПЕН-клубы Лондондағы бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығы – Халықаралық ПЕН-клубтың мүшесі. ЮНЕСКО-да өз мәртебесі және БҰҰ-да кеңесшілік мәртебесі бар.
Қазақ ПЕН-клубының сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Бұл құрметке белгілі қазақ прозашысы Қажығали Мұханбетқалиев пен ресейлік жазушы және дипломат Борис Панкин ие болды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.