Еліміз бейбітшіліксүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді. Кешегі Парламент Мәжілісінде өткен “Қазақстан – бейбітшілік елі” тақырыбындағы дөңгелек үстел соның бір айғағы. Аталған шарада Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов кіріспе сөз сөйледі.
Ж.Кәрібжанов қырық жылдан астам уақыт ішінде Семей полигонында жүргізілген 450 сынақтан 1,5 миллион адам зардап шеккендігін атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылуы және бейбітшілік жолында жасаған басқа да шаралары халықаралық антиядролық қозғалысқа тың серпін беріп, оны жаңа даму деңгейіне шығарғанын айтты. Таяуда ғана ресми сапармен келіп кеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун: “Мен барлық державаларды Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын” дей отырып, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаһандық антиядролық қозғалысты басқаруды ұсынды. Осы ретте Вашингтон қаласында өткен саммит барысында АҚШ президенті Барак Обама Қазақстанның ядролық қауіпсіздік бағытындағы ұстанымын жоғары бағалап, оны АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау жөніндегі ең сенімді стратегиялық әріптесі санайтынын ерекше жеткізді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудың алапат қуатынан барынша зардап тартқан ел ретінде Қазақстан жер бетінде қауіпсіздік пен татулықтың орнауын жақтайтынын мәлімдеп, оны дамыту үшін бірнеше нақты ұсыныстар айтты. “Соның ішінде ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ қарарын қабылдау туралы мәселе де бар. Бұл – халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру жолындағы аса маңызды ұсыныс. Біз енді осы ұсыныстардың иесі ретінде оларды барынша ілгерілете жылжытуға күш салуымыз қажет. Бұл бағытта біздің Парламент депутаттары да белсене атсалысуға тиіс, деді Жәнібек Сәлімұлы.
Жиналғандар алдында “Қазақстан – бейбітшілік елі” атты жаңа деректі фильм көрсетілді. Бұл фильмде Семей сынақ аймағының 40 жыл бойы жарылыстар жасағаны көрсетілді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан ел ретіндегі Мемлекет басшысының рөлі көрініс тапқан және ядролық қауіпсіздік жолындағы күрестер бейнеленген.
Дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Виктор Рогалев “Ядролық қарусыз әлемге жету жолында” деген тақырыпта баяндама жасады. “Қазақ жерінің дерті” тақырыбында “Азғыр” полигонында жүргізілген ядролық сынақтардың зардаптары жөнінде парламентші Виктор Киянский өз ойларын ортаға салды. Семей сынақ аймағының қасіреттері жайлы депутат Нұртай Сабильянов жан-жақты ашып көрсетті. 1992 жылғы 18 желтоқсанда “Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заң қабылданған. Мемлекет осы заңдық құжатқа сәйкес 2006-2009 жылдары осы зардап шеккен азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы төлеуге 14 млрд. теңге бөлген. Н.Сабильяновтың пайымынша, полигон зардабын жоюға жалғыз Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының күш-жігері жұмылдырылуы қажет. Халықты емдеу, сауықтыру, денсаулығын қалпына келтіру, әлеуметтік қорғау жөнінде арнаулы мемлекеттік бағдарлама мен кешенді шаралар қабылдау керек.
Депутаттардан соң, Ж.Кәрібжанов дөңгелек үстелді қорытындылады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.