Мәскеу мен Тбилисидің достасуы қиын-ау
Ел мен елдің достасуының алғышарты – дипломатиялық қарым-қатынаста болу. Тіпті, сондай қарым-қатынаста болғандардың өзі дүрдараз жүретіні бар. Ал дипломатиялық қарым-қатынастарын үзгендерді дос елдер деу қиын. Грузия мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынас үзілген.
Оған да қазір бес жылдан асты. 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы соғыстан кейін, Ресей жағы осы республика мен Абхазияның тәуелсіздігін танығаннан кейін Тбилиси Мәскеумен дипломатиялық байланысын үзген.
Мәскеу мен Тбилисидің достасуы қиын-ау
Ел мен елдің достасуының алғышарты – дипломатиялық қарым-қатынаста болу. Тіпті, сондай қарым-қатынаста болғандардың өзі дүрдараз жүретіні бар. Ал дипломатиялық қарым-қатынастарын үзгендерді дос елдер деу қиын. Грузия мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынас үзілген.
Оған да қазір бес жылдан асты. 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы соғыстан кейін, Ресей жағы осы республика мен Абхазияның тәуелсіздігін танығаннан кейін Тбилиси Мәскеумен дипломатиялық байланысын үзген.
Сол қарулы қақтығыс болғанға дейін-ақ Ресей Грузияның бұл аймағына өз елінің паспортын таратқаны, ондағы халықты Тбилисиге қарсы қойғаны белгілі.
Сол қақтығыстың шын мәнін ұққан әлем жұртшылығы Ресейдің бұл әрекетін айыптады. Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін де Ресейдің ықпалындағы үш-төрт елден басқа ешкім таныған жоқ. Тіпті, Ресеймен одақ ел саналатын Беларусь те одан бас тартты.
Сөйтсе де саясат бір бөлек, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бір бөлек. Грузиндер мен орыстар арасындағы бұрыннан келе жатқан достық қарым-қатынасты аңсайтындар бар. Әсіресе, зияткер қауым, оның ішінде өнер адамдары сол қарым-қатынасты көбірек аңсайды. Тіпті, әлем мойындаған біраз грузин текті өнер қайраткерлері, сондай-ақ, бизнес өкілдері Ресейде жүр. Олар екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнағанын қалайды. Көрші елдердің табысып, байланыста болғаны екі жаққа да тиімді.
Мұны Ресей жағы да түсінеді. Түсінгенде, онда саясат та бар. Ретін келтіріп, өзінің кешегі жөнсіз ісін ақтап алғысы келеді. Грузиямен тіл табысса, 2008 жылғы озбырлығы кешірілгендей болады. Содан да ретті жерде өзінің Грузиямен дипломатиялық байланыс орнатқысы келетінін айтып қалады. Мұны жақында Брюссельде НАТО-Ресей кеңесінің мәжілісінде де айтты. Оған Грузия жағының жауабы да тез болды. Грузия сыртқы істер министрі Майя Панджикидзе бұл үшін Ресей өз әскерін Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан алып кетіп, бұл республикалардың тәуелсіздігін тануынан бас тартуы керек, деді. Ал оған Ресей бара қоя ма! Бұл екі елдің достасуы қиын-ау дейтініміз де содан.
Сол НАТО-Ресей кеңесінің кезекті мәжілісінде Мәскеу тағы мінез көрсетті. Грузияның НАТО-ға кіру ниетін «айыптап», бұл бөліну сызығын (Ресей мен НАТО аралығын) Шығысқа қарай жылжытады деді. Мұны бұрын да айтқан. Кезінде Шығыс Еуропа елдері (Польша, Чехия, Венгрия, т.б.) НАТО-ға кірмесін, ол Ресейдің мүддесіне қайшы деген мәлімдемелер жасаған. Сонда басқа елдер Ресей мүддесі үшін өз мүдделерінен бас тартуға тиіс пе?! Бірақ олар өз мүдделерінен бас тартқан жоқ, НАТО-ға мүшелікке кірді. Бірақ Мәскеу ескі әнін тағы қайталайды. Оған Грузияның жас сыртқы істер министрі Панджикидзе лайықты тойтарыс берді. Ол былай: «Тек қана НАТО және оның серіктестері өз араларындағы байланыс қандай болатынын өздері шешеді. Үшінші бір жақ оған ықпал ете алмайды. Бұл Ресей көзқарасына қарапайым ғана жауап».
Елдердің достасқаны жақсы. Алдымен оған жақсы негіз қалау керек.
Бас қалалар басшыларына келген зауал
Қырғызстанда Бішкек ресми астана болса, Ош қаласын оңтүстік астана дейтін дәстүр бар. Міне, елдің бас қалалары саналатын осынау екі қаланың басшылары өткен аптада, бір мезгілде дерлік орындарынан алынды.
Көп елде астаналарымен қатар аталатын ірі қалалары болады. Айталық, АҚШ-та Вашингтон мен Нью-Йорк, түріктерде Анкара мен Ыстамбұл, орыстарда Мәскеу мен Петербург, ал бізде – Астана мен Алматы. Сол қалалардың ел үшін айтарлықтай экономикалық та, саяси да мәні бар. Әдетте олардағы өмір елдің де өмірін сипаттап жатады. Ал қырғыз ағайындар үшін бұл қалалардың орны тіпті бөлегірек. Басқасын айтпағанда, оларда ел халқының айтарлықтай бөлігі тұрады.
Енді сол басты екі қаланың да басшылары қуылып жатыр. Бір мезгілде! Таңданарлық жағдай ма? Әрине. Басқа елдерде бұл мүмкін еместей де. Бұл оқиға қырғыз ағайындарға да тосын көрінген болар, сөйтсе де, оның заңдылығы көп адамға күмән тудыра қоймас.
Екі басшы да жайсыз кетті. Бішкек әкімі Иса Өмірқұлов баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен өзі кететінін мәлімдесе де, одан біраз бұрын Бас прокурордың қала әкімшілігіне, сонымен бірге, әкімге де астананың саябағынан мықтыларға жер үлестіргені үшін іс қозғаған болатын. Өмірқұлов өзі кетемін демесе де, кетіретіні анық еді.
Оның таза еместігі жайында әңгіме бұрыннан айтылып келе жатқан. 90-шы жылдары Қырғыз теміржолын басқарған кезде-ақ КСРО-дан қалған вагондар мен тепловоздарды металл сынығы ретінде Қытайға өткізіп, ол жақтан біраз дүние әкеліп, қалтасын қампайтқан деген әңгімеден депутаттыққа сайланып барып құтылған. 2005 жылы одан әрі сайлана алмай, сонан соң екінші президент Бакиевтің қуғынына ұшырағанда, ол оппозиция жағына шыққан. Осы кезде қазіргі президент Атамбаевпен табысып, онымен партиялас (ҚСДП) болды. Бакиев қуылып, уақытша үкімет құрылып, онда Атамбаев премьер-министрдің қызметін атқарушы болғанда, ҚСДП билік партиясына айналғанда, Өмірқұлов Бішкектің мэрі болып шыға келді.
Бұл қызметте де оның жақсы аты шыға қойған жоқ. Қайта одан бұрынғы әкім Нариман Төлеевтің тындырған біраз жұмысын бүлдірді деген әңгімеге ұшырады. Қала шаруашылығы қожырап, тіпті, оның кетуін талап еткен дауыс та шықты. Онан соң баласы Азаматтың бұзықтығы да оған таяқ болып тиді. Мас күйінде көлікпен қағысып, одан екі адам қаза тауып, сотталар болғанда, оған әкесі қыруар ақша жұмсап, құтқарып алған көрінеді. Елдің бас қаласы басшысының сиқы осындай екен.
Оштың мэрі Мелисбек Мырзахматовтың ісі бөлектеу. Ол – елдің екінші президенті Бакиев тағайындаған басшылардан қалған жалғыз мықты. Оны уақытша президент Отынбаева да, қазіргі президент Атамбаев та орнынан ала алмаған. Ала алмағанда, шамасы келмейтіндерін біліп, ондай әрекетке бармаған. Ош қаласы ғана емес, елдің бүкіл оңтүстігі оны қолдады. Ал ондай әрекет жасалғанда, бүкіл елде айтарлықтай күрделі жағдай қалыптасуы мүмкін еді. Оның үстіне Ош қаласында айтарлықтай тәртіп те, жұмыс та бар. Бұл жұрттың көз алдында.
Міне, сондай адамның орнынан оп-оңай алына салынуына жұрттың бәрі: оның жақтастары да, қарсылар да таңданған. Және ол президент жарлығымен де емес, үкімет басшысы Жантөре Сатыбалдиевтің шешімімен босатыла салған.
Бір елдің бас қалаларының басшылары қайда ауыспай жатыр дейміз ғой. Бірақ көзге ұратындай, науқаншылықтай болып ауысқандары ойға қалдырады. Оның ар жағында айтыс-тартыс болмаса екен дейсің. Бұл елдегі сондай жағдайдан жүрек шайлығып қалған.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».