• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2013

Тағылымды тарту

460 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күніне орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың тұңғыш мерзімді басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінде жарияланған тұшымды мақалаларды қамтыған «Қазақстан» кітабының таныстырылымы болып өтті.

Тәуелсіздік күніне орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың тұңғыш мерзімді басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінде жарияланған тұшымды мақалаларды қамтыған «Қазақстан» кітабының таныстырылымы болып өтті.

«Қазақстан» газеті – 1911 жыл­ғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін еліміздің батыс өңірінде жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Газет сол кезеңдегі ұлт тағдырына қатысты мәселелерді көтере бі­ліп, халыққа өнер-білім жолын ұсынған, отырықшылыққа ша­қырған, нақты кәсіби кеңес берген озық ойлы басылым болды. Газет мақалаларында көтерілген мәселелердің арада бір ғасыр өткенде де өте өзекті екендігі анық көрінеді.

Аз уақыт ішінде  сол кезде­гі заман тынысына орай оқырман­дарына көп жайттарды айта білген басылым  1913 жылы ­патша өкіметінің қысымымен жабылып қалады. Басылым Кеңес өкі­меті жылдары екінші мәрте репрессияға ұшыраса да, тігіндісі Санкт-Петербург пен Мәскеу қа­лаларында ғана сақталған екен. Газетті шығарушы Ғұмар Қа­раш 1921 жылы қастандықпен өлтірілсе, редакторы Елеусін Бұйрин қудаланып, 1932 жы­лы Тәжікстанда аштықтан қаза тапты. Ал өз заманында про­г­рессшіл идеялардың жаршысы бол­ған «Қазақстан» газеті туралы айтуға, жазуға рұқсат болмай, 1947 жылы арнайы қаулы шы­ғып, ақын-ағартушы Ғұмар Қараш­тың шығармаларын оқуға, насихаттауға тыйым салынады.

Газет тарихта «Қазақстан» атау­ын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «кир­гиз», «киргиз-кайсаки» деп бұр­ма­ланып келсе, газет шығару­шы­ла­ры «Қа­зақ» атын ұлттың ғана емес, мем­лекеттің атауы етіп көрсете білді.

«Қазақстан» газетінің ресми редакторы  Елеусін Бұйрин болса, ал басылымды ұйымдастыруға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сәлім­герей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Батырхайыр Ниязов, Бақтыгерей Құлманов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Мәметов, Ғұ­­­бай­долла Бердиев, т.б. үлес қосқан.

2012 жылы тұңғыш рет «Қа­зақстан» газетінің орыс мұра­­ғаттарындағы барлық саны Қа­зақстанға әкелінеді де, араб әр­піндегі мақалалар кириллицаға түгел көшіріліп,  тұпнұсқамен бір­ге кітап болып жарық көрді. Бұл жинақта «Қазақстан» газеті жә­не оны шығарушылар туралы де­ректер топтастырылған. 

Батыс Қазақстан өңірінің азаматтары шығарған «Қазақстан» кітабының тұсаукесер-таныс­ты­рылымында Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттары Шавхат Өте­місов пен Самиғолла Оразов, жазушы, ғалым, журналистер Табыл Құлияс, Әлібек Асқар, Ахмет Аляз, Жамбыл Артықбаев, Қайрат Сақ, Ерлан Сайлаубай, Перизат Сейіт­қазы, Жантас Сафуллин, Мей­рамхан Жәпектер бұл игілікті ша­раға ризашылықтарын білдіріп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар