• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2013

«Табиғат тілін тануға талпындым»

383 рет
көрсетілді

«Өсімдіктер әлемі» кешенді оқу-әдістемелік жобасының жетекшісі Гөзел Құлжабаевамен сұхбат

– Гөзел Әліпбайқызы, елімізге танымал табиғат жанашыры ретін­де ерекшеленуіңізге не себепші болды?

«Өсімдіктер әлемі» кешенді оқу-әдістемелік жобасының жетекшісі Гөзел Құлжабаевамен сұхбат

– Гөзел Әліпбайқызы, елімізге танымал табиғат жанашыры ретін­де ерекшеленуіңізге не себепші болды?

– Алғашында тек Табиғат-ана­ның көркемдігіне, ғаламаттығына қызығушылығым басым болды. Сосын, біртіндеп табиғатты қамқор­лыққа алу жайлы тың ойлар туын­дай бастады. Жылжыған жылдармен уақыт атты төреші әкелген мүм­кіндіктерді пайдаланып, шетелдерге шыққанда, әсіресе, дамыған мемлекеттермен біздің еліміздегі табиғат саласын салыстырып, олқылықтарды табиғат жанашыры ретінде көре бас­тадым. Саралап отырсам, табиғат бақ­тары мен қорықтарының аздығы, осы саланы жетік меңгерген ұлттық кадрлардың жоқтығы көріне бастады. Мысалы, Словакия мемлекеті жерінің 78 пайызы орман-тоғай болса, Қазақстан Республикасының ұлан-байтақ жерінің 4 пайызы ғана орманды алқап деген статистикалық ақпарат мені ойландырды.

– Жасыл желекті жайқалтып, «Гөзелдің гүлстаны» атандырған әлем­нің бүгінгі ахуалы туралы кеңі­рек айтып берсеңіз?

– Алматы қаласында орналасқан «Гүлстан» гүл бағына 2005 жылдан бастап келушілер саны жыл сайын артып отыр. Осы үлгілі бақ жер жәннаты Жетісу аймағында, нақтылай түссем, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округінде жалғасын тапты. Нұрым, Басши ауылдарында 30 гектар жерге әртүрлі тақырыптық, танымдық бақтар жасалды. Осы бақтар Қазақстанның әрбір елді меке­нінде жасалынатын бақтардың ал­ғашқы қадамы болып табылады. Елімізде ұлттық бақтардың санын көбейтудің жарқын жолы – мемлекет тарапынан белгіленген Отбасы жылы аясында мен «Аналардың құрметіне бақ егейік» деген үндеу жариялап, халықтық қолдау тауып «Батыр ана» бағы дүниеге келді. Бүгінде 10 гектар жерде 27 түрлі ағаштар мен бұталар барлығы 6000 түп жайқала өсіп тұр. Мұны жетісулықтар Анаға деген құрметтің жаңа үлгісі деп бағалап, бақтардың санын көбейтудің тың жолы деп танып отыр. Болашақта әрбір елді мекенде аналардың құрметіне бақтарды өсіріп, жерімізді жасыл желекпен жайқалта білсек, нұр үстіне нұр емес пе?!

Мәдениет жылы аясында 5 гектар жерге алма бағы өсіріліп, сол баққа қазақтың жезтаңдай әншісі, қоғам қайраткері Нұрғали Нүсіпжановтың аты берілді. Біз өмірде 60, 70, 80, 90, 100 жасқа келген қоғам қайраткерлерінің құрметіне мерейтойлар жасап жүрміз. Шапан жабу, ат мінгізу, автокөлік сыйлау рәсімдерімен шектелеміз. Ме­нім ұсынысым – осындай мерейтойлардың орнына неге бақтар жасап, сол азаматтар мен азаматшалардың аттарын бермеске. Бұл жерде қозғап отырған ойым – бақтар келесі ұрпаққа мәңгілік қызмет жасайды. 2011 жы­лы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мере­кесіне орай «Әр ауылдық округте 20 мың түп ағаш» атты үндеу жариялап, алғашқы қадамды өзім туып-өскен өңірім Басши ауылдық округінен бас­тап 10 гектар жерге 36000 түп ағаш көшетін тігіп, өзгелерге үлгі, өнеге көрсете білдік. Нәтижесінде, Басши, Нұрым, Аралтөбе ауылдарындағы мектептер мен балабақшалар аулалары жасыл желекке оранып, бүлдір­шіндер шадыман шаттыққа бөленді. Нұрым ауылында 2008 жылы салынып, пайдалануға берілген мешіттің де айналасына 2 гектар жерге 1000 түп қылқан жапырақты ағаш көшеттері тігілді. 2012 Отбасы жылында Орталық Азия бойынша тұңғыш «Батыр Ана» бағын Басши ауылдық округінде ашып, аядай ауылдан 130 аяулы аналар шыққандықтан сол аналардың құрметіне «Батыр Ана» бағы деген ат бердік. Сондай-ақ, біздің бастап, қол­дауымызбен Жамбыл облысында 400-ден астам мектеп аулаларында ана­ларға арналған аллеялар жасалынды.

 Кең байтақ еліміздің ертеңі, оның экологиялық тұрақтылығы – Елбасының сарабдал саясатының басым бағыттарының бірі екені мәлім. Өскелең ұрпақ санасына өлкені гүлдендіру және көгалдандыру жұ­мыстарын жоғары деңгейде үйрету мақсатымен «Гүлстан» ғылыми-танымдық журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі «Әр ауланың гүл­денгені – мемлекеттің гүлденгені» деген ұранмен республика көлемінде жеті жылдан бері жұмыс істеуде. 2008-2009 оқу жылынан бастап «Өсімдіктер әлемі» кешенді әдістемелік ұсынған едік. Бұл әдістемелік құралдағы «Гүлдер әліппесінде» 40 өсімдік атауы берілген. Ата-аналар, балалар, тәрбиешілер осы әліппе арқылы өсім­діктердің атауларымен танысып, танымдық деңгейлерін көтереді, сөз қорлары толығады. Өсімдіктердің отан­ы, түр-түсі, өсу, гүлдеу мерзімдері туралы құрастырылған өлеңдерді жаттау арқылы бүлдіршіндердің есте сақтау қабілеттері дамиды. «Ертегілер сериясы» айдарымен берілген материалдар мазмұнының мәнділігімен, қызықтылығымен, тілінің жеңілдігімен ұтымды. Дидактикалық ойындар бойынша берілген табиғаттың әсем гүлдері бейнеленген суреттер арқылы балалардың жеке басының білімі мен танымы дамытылып, ойын үстін­дегі қарапайым еңбек дағдылары жетіл­діріледі. Ойын кезінде балалар өсімдіктер әлемімен жақынырақ танысып, бөлме өсімдіктері мен дала гүлдерінің емдік қасиеттерін ұғынып, дәрілік өсімдіктерді ажырата білуге үйренеді. Санамақ әдістемелік құралы балабақша бүлдіршіндері үшін тартымды, мазмұны терең. Боямақтардың түр-түстері анық және алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Міне, осы оқу құрал­дары «Қазақстан Республикасы Бі­лім жә­не ғы­лым министрлігі білім беру ұйым­дарында 2011-2012 оқу жы­лын­да қолдануға рұқсат еткен оқу ба­сылымдарының тізбесін бекіту туралы» 2011 жылғы 21 ақпандағы №68 бұйрығымен бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Жалпы, өсімдіктер әлемі оқу әдістемелік кешенімен 58 кітап шы­­ғарып, ел игілігіне ұсындық. Тағы бір айта кетер жайт, ЭКСПО-2017 қар­саңында Алма­ты облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде 10 гектар жерге «Гүлдер әліппесі» атты та­нымдық бағы бой көтереді.

– Тәуелсіздік сіздің өміріңізге қан­дай өзгерістер енгізіп, жақсы­лық­­тың жолын ашты?

– Тәуелсіздік мен үшін үлкен бақыт. Тәуелсіздік дамыған елдерге жол ашты, керемет жерлерді көруге, білім алуға мүмкіндік берді. Өркениетті елдерге барып тәжірибе жинап, бақ жасауда сол білімімді пайдаланып жүрмін. Иран, Польша, Германия, Тайланд, Қытай, Англия елдерін көріп, таңғажайып табиғатын тамашаладым. Сонымен қатар, көгал­дан­дыру мен гүл көрме­леріне қатысу мүмкіндігі туып, Түркия, Ұлыбритания, Польша, Қытай мемлекеттеріне барған сапарларымда көп ой түйдім.

Әңгімелескен

Нұрбол Әлдібаев,

Алматы облысы.

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар