Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 29 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауының ел тарихында алатын орны ерекше. Себебі, бұл Жолдау мемлекетіміздің дамуындағы үлкен бір белесті бастап беретін басты құжат, бағдарлама іспетті болды. Елбасының “Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы “Қазақстан-2030” стратегиясының бірінші онжылдығын қорытындылап, осы уақытқа дейін не атқардық, нені шештік, қандай кемшіл тұстарымыз бар, енді алдағы онжылдықта не істеу керек, оны қалай шешу керек деген сұрақтарға жауап береді.
Өткен онжылдықта Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында Қазақстан саясатта болсын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын өзгелерге үлгі ететіндей дәрежеде алға дамыды. Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасына сәйкес, еліміз экономикалық реформаларды жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының алдына шығып, біз ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады. Елбасымыздың сара саясатының арқасында еліміз әлемдік дағдарыстан да қиналмай өтуде.
Қоғамның саяси жүйесін реформалаудың нәтижесінде халықаралық, демократиялық талаптардың үдесінен шыға білдік. Осыған дәлел ретінде Қазақстан үстіміздегі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Қазақстан әлемдегі түркі тілдес, мұсылман және азиялық мемлекеттердің, кешегі Кеңес Одағы республикаларының ішінде аталған Ұйымға бірінші болып төрағалық еткен мемлекет ретінде тарихқа енді.
Елбасы өз Жолдауында “Қазақстан-2030” бағдарламасының екінші онжылдығына арналған міндеттерді іс жүзіне асырудың Жолдарын көрсетіп берді. Бұл онжылдықта алда тұрған міндеттерді 2 бесжылдық жоспар бойынша жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті. Жолдауда ел экономикасын тұрақты дамытудың бірден-бір жолы индустрияландыру мен инфрақұрылымды үдемелі дамыту екеніне баса көңіл аударылды. Бұл міндеттерді орындауда экономикамызды әртараптандырудың алатын орны ерекше екендігі және шикізат емес секторды дамытуға басым бағыт берілгені айтылды.
Жолдауда индустриялық-инновациялық дамудың негізі еңбек өнімділігін көтеру екендігі де баса айтылды. Экономика заңдылығына сүйенсек, қай қоғамда еңбек өнімділігі жоғары, сол қоғамның мерейі үстем, сол қоғам бәсекеге қабілетті, түптеп келгенде, сол қоғам жеңіске жетеді. Кеңес Одағы мемлекеттерінің ыдырауының да негізгі себептерінің бірі еңбек өнімділігінің төмен болуына байланысты болғаны белгілі. Еңбек өнімділігін көтеру үшін өндіріске инновациялық жетістіктерді ендіру керек.
Сапалы инновациялық даму мемлекеттік қолдауды жүзеге асырудың пәрменді тетіктерін талап етеді. Осыған байланысты 2009 жылы инновациялық гранттар беру, кешенді шаралар мен инновациялық жобаларды қайтарымды негізде және өзге де нысандарды инновациялық даму институттары арқылы қаржыландыру, сондай-ақ ғылым мен өндірістің байланысын нығайту жолымен инновациялық қызметті қолдау шараларын көздейтін “Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Алайда, біз ірі аграрлық ел болып, өзіміздің толық мүмкіндігіміз бола тұра, тамақ өнімдерінің көптеген түрлерін шетелдерден әкелеміз. Мәселен, консервіленген жеміс-жидектің 70 пайызын, ет өнімдерінің 29 пайызын, құрғақ сүт өнімдерінің 40 пайызын, өсімдік майының 30 пайызын сырттан жеткіземіз. Еліміз ерте пісетін көкөніспен 4,2 пайыз ғана қанағаттандырылады.
Сондықтан Президент Жолдауында біздің алдымызға қойған міндеттер: ауылшаруашылық өнімдерін мол әрі сапалы өндіріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; әлемдегі азық-түлікке деген сұраныстың артып, бағасының жыл санап өсуін ұтымды пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және оны шетелге экспорттау арқылы республикалық бюджетке қомақты қаржы түсіру болып табылады.
Бұл міндеттерді агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және еңбек өнімділігін көтеру арқылы шешуіміз керек. Жолдауда еліміздің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 3 мың АҚШ долларын, ал дамыған елдерде 50-70 мың АҚШ долларын құрайтындығы айтыла келе, 2014 жылға дейін еңбек өнімділігін екі есеге, ал 2020 жылы төрт есеге арттыру міндеті қойылды.
Бүгінгі таңда ауылда 194 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жұмыс істейді. Алайда, бұл шаруашылықтардың көпшілігі ұсақ, жер көлемдері 3, 5, 10 гектар ғана. Олардың басым көпшілігі оңтүстікте, суармалы жерлерде орналасқан. Бұл шаруалар үшін біздің басты саясатымыз оларды ірілендіру болуы керек. Себебі, тек іріленген шаруашылықтар ғана озат тәжіриебе мен жаңа технологияның, ғылымның жетістіктерін ендіре алады, техниканы тиімді пайдаланады. Еңбек өнімділігі жоғары болып, өндірілген өнімнің өзіндік құны арзандайды, өнім бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан да шаруа қожалықтарын мемлекет тарапынан қолдауда басымдық ірілендірілген шаруа қожалықтарына берілуі тиіс. Субсидия, лизинг, несие, салық жеңілдіктері осылай бағытталуы тиіс. Бұл, әрине, ұсақ тауар өндірушілерді қолдауға болмайды деген сөз емес. Бұларға да қолдау көрсетілуі керек, бірақ басымдық іріленген шаруаларға берілу керек.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекет тарапынан аграрлық саланы технологиялық қайта жарақтандыруға және жаңғыртуға бағытталған үлкен іс-шаралар атқарыла бастады. Ұлттық қордан Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын индустрияландыруға, оның өнімдерін терең өңдеуге миллиардтаған теңге қаржы бөлінуде. Бөлінген қаржыға агроөнеркәсіп кешенін индустрияландырудың 11 бағыты бойынша жаңа жобалар жасалып, іске асырылуда. Олардың ішінде ірі мал бордақылау, сүт өнімдері кешендері, құс фабрикалары, ет, сүт өңдеу кәсіпорындары, жылыжайлар, көкөніс, жеміс-жидек қоймалары салынуда. Астана мен Алматы қалалары және облыс орталықтарының айналасында қала тұрғындарын жыл он екі ай сапалы әрі арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін азық-түлік белдеулері ұйымдастырылуда.
Алға қойған үлкен міндеттердің бірі ет өнімдерін мол өндіріп, өзімізді толық қамтамасыз етіп, артығын бүгінде мұхиттың арғы жағынан Бразилия, Аргентина елдерінен 1 миллион тоннаға жуық ет импорттайтын көршіміз Ресейге сату мәселесін шешсек, Қазақстан қазынасына жыл сайын тек ет сатудан миллиардтаған теңге түскен болар еді. Мал бордақылау мен сүт өндіру үшін мал азығын өсіретін, етті, сүтті терең өңдейтін кәсіпорындарда мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздегі жұмыссыздардың санын азайтуға әсер етер еді.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау артып келеді. Жыл сайын көктемгі егіс жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағар май мен басқа да тауарлық құндылықтарды арзандатуға, ет, сүт жұмыртқа өндіруді, ағын су мен ауыз суды, тұқым шаруашылығы мен мал тұқымын асылдандыруға, жеміс-жидек дақылдарының, жүзімдіктің көшеттерін отырғызуға субсидия бөлініп келеді. Егін егу мен оны жинап алуға мемлекет тарапынан ондаған миллиард теңге көлемінде несие бөлінуде.
Еңбек өнімділігін көтеруде аграрлық ғылымды одан әрі дамыту, оның жетістіктерін өндіріске енгізудің алатын орны ерекше. Осы бағытта да үлкен іс-шаралар атқарылуда.
Бірақ ғылыми негіздерге сүйенсек, ет, сүт өнімдерін мол әрі сапалы өндіру үшін асыл тұқымды мал басының үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс екен. Соңғы жылдары елімізде асыл тұқымды мал басының өсуіне қарамастан, олардың үлесі мынадай: ірі қара мал – 3,6 пайыз, қой – 6,9 пайыз, жылқы – 2,5 пайыз, шошқа – 6,5 пайыз. Сондықтан, мал тұқымын асылдандыруда ірі көлемді селекцияны қолға ала отырып, шаруашылықтарды жоғары сапалы тұқымдық материалдармен қамтамасыз ету, эмбриондарды телу технологиясын ендіру арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтіп мал шаруашылығы саласындағы жағдайды түбегейлі жақсарту қажет.
Жалпы, ауыл шаруашылығында шешімін таппай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Солардың бірі науқандық жұмыстар кезінде жанар-жағар майдың қымбаттауы болып отыр. Мұнай өнімдерінің қымбаттауының негізгі себептерінің бірі – мұнай өндірушілер мен мұнай өңдеуші зауыт және жанар май құю бекеттері арасындағы делдалдардың көп болуы. Елімізде жыл сайын 70-75 миллион тонна мұнай өндіріледі. Ал, ауыл шаруашылығына қажетті мұнай көлемі небәрі 2,2 миллион тонна немесе өндірілген мұнайдың 3%-ын ғана құрайды. Жанар-жағар майдың бағасын тұрақтандыру үшін елімізде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген мұнайдың 3 пайызын Үкімет бекіткен сатып алу бағасымен мұнай мен мұнай өнімдерінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру жөніндегі агентке (ҚазМұнайГаз) беріп, (астық ресурстарын мемлекеттік тұрақтандыру қорын құрған сияқты) сол арқылы делдалдарсыз мұнай зауыттарына жеткізіп, шығарылған мұнай өнімдерін тағы да делдалдарсыз жанар май құю бекеттері арқылы шаруаларға сатуға болады. Осы мәселені Үкімет жан-жақты зерттеп, оң шешімін табатын болса, жанар май бағасын тұрақтандыруға, керек болса төмендетуге де болады.
Тағы бір толық шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – ауылшаруашылық тауар өндірушілерін несиелендіру. Бүгінде екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие бермейді, кепілдікке жер мен олардың ауылдағы ғимараттарын, техникаларын алмайды. Ал, арнайы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға құрылған “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ қаржылық институттары ауыл шаруашылығы субъектілеріне несие беру үшін екінші деңгейлі банктердің кепілдігін сұрайды. Мәселен, 2009 жылы егін егу мен жиын-терін жұмыстарына республикалық бюджеттен несиеге бөлінген қаржының 96 пайызын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының ірі агрофирмалары алды. Қалған 11 облыс диқандары бөлінген несиенің 4 пайызына ғана ие болды. Ал, берілген несие бүкіл республика көлеміндегі салық төлеушілерден жиналғанын ескерсек, бұл жерде үлкен әділетсіздіктің орын алғанын байқаймыз.
Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің алдында қойылған үлкен міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін іске асыру. Бұл міндеттерді орындау үшін біз бірінші кезекте Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктарын игеруіміз керек. Елімізде агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін көтерудің заңнамалық базасы толық жасалды.
Президент Жолдауларында айтылған көкейкесті мәселелер Парламент депутаттары – біздерге де қатысты. Бұл міндеттерді орындауда біздер өз үлестерімізді қосуымыз керек.
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.