• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2010

ӘРТАРАПТАНДЫРУ – БАСТЫ БАҒЫТ

1168 рет
көрсетілді

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 29 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауының ел тарихында алатын орны ерек­ше. Себебі, бұл Жолдау мемлекетіміздің да­муын­дағы үлкен бір белесті бас­тап беретін бас­ты құжат, бағдарлама іспетті болды. Елбасының “Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты Жолдауы “Қазақ­стан-2030” стратегия­сының бірінші онжылдығын қорытындылап, осы уақытқа дейін не атқардық, нені шештік, қандай кемшіл тұстарымыз бар, енді алдағы онжылдықта не істеу керек, оны қалай шешу керек деген сұрақтарға жауап береді. Өткен онжылдықта Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев­тың көрегендік саясатының арқасында Қа­зақстан саясатта болсын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын өзгелерге үлгі ете­тін­дей дәрежеде алға дамыды. Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасына сәйкес, еліміз эко­номикалық реформаларды жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының алды­на шығып, біз ұстанған экономикалық модель да­мушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бас­­тады. Елбасымыздың сара саясатының ар­қа­сында еліміз әлемдік дағдарыстан да қинал­май өтуде. Қоғамның саяси жүйесін реформалаудың нәтижесінде халықаралық, демократиялық та­лаптардың үдесінен шыға білдік. Осыған дәлел ретінде Қазақстан үстіміздегі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Қазақстан әлемдегі түркі тілдес, мұсылман және азиялық мемлекет­тер­дің, кешегі Кеңес Одағы республикаларының ішінде аталған Ұйымға бірінші болып төраға­лық еткен мемлекет ретінде тарихқа енді. Елбасы өз Жолдауында “Қазақстан-2030” бағ­дарламасының екінші онжылдығына арнал­ған міндеттерді іс жүзіне асырудың Жолдарын көрсетіп берді. Бұл онжылдықта алда тұрған міндеттерді 2 бесжылдық жоспар бойынша жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті. Жол­дауда ел экономикасын тұрақты дамытудың бірден-бір жолы индустрияландыру мен инфра­құрылымды үдемелі дамыту екеніне баса көңіл аударылды. Бұл міндеттерді орындауда эконо­микамызды әртараптандырудың алатын орны ерекше екендігі және шикізат емес секторды дамытуға басым бағыт берілгені айтылды. Жолдауда индустриялық-инновациялық даму­дың негізі еңбек өнімділігін көтеру екендігі де баса айтылды. Экономика заңдылығына сүйен­сек, қай қоғамда еңбек өнімділігі жоғары, сол қоғамның мерейі үстем, сол қоғам бәсекеге қабілетті, түптеп келгенде, сол қоғам жеңіске жетеді. Кеңес Одағы мемлекеттерінің ыды­рауы­ның да негізгі себептерінің бірі еңбек өнім­ділігінің төмен болуына байла­ныс­ты болғаны белгілі. Еңбек өнім­ділігін көтеру үшін өндіріске ин­но­вациялық жетістіктерді ендіру керек. Сапалы инновациялық даму мемлекеттік қолдауды жүзеге асы­рудың пәрменді тетіктерін талап етеді. Осыған байланысты 2009 жылы инновациялық грант­тар бе­ру, кешенді шаралар мен иннова­циялық жобаларды қай­та­рымды не­гізде және өзге де ны­сандарды инновация­лық даму инс­титуттары арқылы қаржылан­дыру, сондай-ақ ғылым мен өндірістің байланысын нығайту жолымен инновациялық қызметті қолдау шараларын көз­дейтін “Инно­вациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елбасы Жолдауында агро­өнер­кәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Алайда, біз ірі аграрлық ел болып, өзіміздің толық мүмкіндігіміз бола тұра, тамақ өнім­де­рінің көптеген түрлерін шетелдерден әкелеміз. Мәселен, консервіленген жеміс-жидектің 70 пайызын, ет өнім­де­рінің 29 пайызын, құрғақ сүт өнім­дерінің 40 пайызын, өсімдік майының 30 пайызын сырттан жеткіземіз. Еліміз ерте пісетін көк­өніспен 4,2 пайыз ғана қа­нағат­тандырылады. Сондықтан Президент Жол­дауында біздің алдымызға қойған міндеттер: ауылшаруашылық өнімдерін мол әрі сапалы өндіріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; әлем­дегі азық-түлікке деген сұраныстың артып, баға­сының жыл санап өсуін ұтымды пайда­ла­нып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және оны шетелге экспорттау арқылы республикалық бюджетке қомақты қаржы түсіру болып табылады. Бұл міндеттерді агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және еңбек өнімділігін көтеру арқылы шешуіміз керек. Жолдауда еліміздің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 3 мың АҚШ долларын, ал дамыған елдерде 50-70 мың АҚШ долларын құрайтындығы айтыла келе, 2014 жылға дейін еңбек өнімділігін екі есеге, ал 2020 жылы төрт есеге арттыру міндеті қойылды. Бүгінгі таңда ауылда 194 мың ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері жұмыс істейді. Алайда, бұл шаруашылықтардың көпшілігі ұсақ, жер көлемдері 3, 5, 10 гектар ғана. Олар­дың басым көпшілігі оңтүстікте, суармалы жер­лерде орналасқан. Бұл шаруалар үшін біздің бас­ты саясатымыз оларды ірілендіру болуы керек. Себебі, тек іріленген шаруашылықтар ғана озат тәжіриебе мен жаңа технологияның, ғылымның жетістіктерін ендіре алады, тех­никаны тиімді пайдаланады. Еңбек өнімділігі жоғары болып, өндірілген өнімнің өзіндік құны арзандайды, өнім бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан да шаруа қожалықтарын мемлекет тарапынан қолдауда басымдық ірілендірілген шаруа қожалықтарына берілуі тиіс. Субсидия, лизинг, несие, салық жеңілдіктері осылай бағыт­талуы тиіс. Бұл, әрине, ұсақ тауар өндіру­шілерді қолдауға болмайды деген сөз емес. Бұларға да қолдау көрсетілуі керек, бірақ басым­дық іріленген шаруаларға берілу керек. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет тарапынан аграрлық саланы технологиялық қайта жарақтандыруға және жаңғыртуға бағытталған үлкен іс-шаралар атқарыла бастады. Ұлттық қордан Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын индустрияландыруға, оның өнімдерін терең өңдеуге миллиардтаған теңге қаржы бөлінуде. Бөлінген қаржыға агроөнер­кә­сіп кешенін индустрияландырудың 11 бағы­ты бойынша жаңа жобалар жасалып, іске асы­рылуда. Олардың ішінде ірі мал бордақылау, сүт өнімдері кешендері, құс фабрикалары, ет, сүт өңдеу кәсіпорындары, жылыжайлар, көкө­ніс, жеміс-жидек қоймалары салынуда. Астана мен Алматы қалалары және облыс орталық­тары­ның айналасында қала тұрғындарын жыл он екі ай сапалы әрі арзан тамақ өнімдерімен қам­тамасыз ететін азық-түлік белдеулері ұйым­дастырылуда. Алға қойған үлкен міндеттердің бірі ет өнім­дерін мол өндіріп, өзімізді толық қамта­ма­­сыз етіп, артығын бүгінде мұхиттың арғы жа­ғы­нан Бразилия, Аргентина елдерінен 1 миллион тоннаға жуық ет импорттайтын көр­ші­міз Ресейге сату мәселесін шешсек, Қазақ­стан қазынасына жыл сайын тек ет сатудан миллиардтаған теңге түскен болар еді. Мал бор­дақылау мен сүт өндіру үшін мал азығын өсі­ретін, етті, сүтті терең өңдейтін кәсіп­орын­дар­да мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашы­лып, еліміздегі жұмыссыздардың санын азайтуға әсер етер еді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығын мем­ле­кет­тік қолдау артып келеді. Жыл сайын көк­темгі егіс жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағар май мен басқа да тауарлық құндылықтарды арзандатуға, ет, сүт жұмыртқа өндіруді, ағын су мен ауыз суды, тұқым шаруашылығы мен мал тұқымын асыл­дандыруға, жеміс-жидек дақылдарының, жү­зім­діктің көшеттерін отырғызуға субсидия бөлініп келеді. Егін егу мен оны жинап алуға мемлекет тарапынан ондаған миллиард теңге көлемінде несие бөлінуде. Еңбек өнімділігін көтеруде аграрлық ғылымды одан әрі дамыту, оның жетістіктерін өндіріске енгізудің алатын орны ерекше. Осы бағытта да үлкен іс-шаралар атқарылуда. Бірақ ғылыми негіздерге сүйенсек, ет, сүт өнімдерін мол әрі сапалы өндіру үшін асыл тұқымды мал басының үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс екен. Соңғы жылдары елімізде асыл тұқымды мал басының өсуіне қарамастан, олардың үлесі мынадай: ірі қара мал – 3,6 пайыз, қой – 6,9 пайыз, жылқы – 2,5 пайыз, шошқа – 6,5 пайыз. Сондықтан, мал тұқымын асылдандыруда ірі көлемді селекцияны қолға ала отырып, шаруашылықтарды жоғары сапалы тұқымдық материалдармен қамтамасыз ету, эмбриондарды телу технологиясын ендіру арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтіп мал шаруашылығы саласындағы жағдайды түбегейлі жақсарту қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешімін таппай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Солардың бірі науқандық жұмыстар кезінде жанар-жағар майдың қымбаттауы болып отыр. Мұнай өнімдерінің қымбаттауының негізгі себептерінің бірі – мұнай өндірушілер мен мұнай өңдеуші зауыт және жанар май құю бекеттері арасындағы делдалдардың көп болуы. Елімізде жыл сайын 70-75 миллион тонна мұнай өндіріледі. Ал, ауыл шаруашылығына қа­жетті мұнай көлемі небәрі 2,2 миллион тонна не­месе өндірілген мұнайдың 3%-ын ғана құ­райды. Жанар-жағар майдың бағасын тұрақтан­дыру үшін елімізде жер қойнауын пайдалану­шылар өндірген мұнайдың 3 пайызын Үкімет бекіткен сатып алу бағасымен мұнай мен мұнай өнімдерінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру жөніндегі агентке (ҚазМұнайГаз) беріп, (астық ресурстарын мемлекеттік тұрақтандыру қорын құрған сияқты) сол арқылы делдалдарсыз мұнай зауыттарына жеткізіп, шығарылған мұнай өнімдерін тағы да делдалдарсыз жанар май құю бекеттері арқылы шаруаларға сатуға болады. Осы мәселені Үкімет жан-жақты зерттеп, оң шешімін таба­тын болса, жанар май бағасын тұрақтандыруға, керек болса төмендетуге де болады. Тағы бір толық шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – ауылшаруашылық тауар өндірушілерін несиелендіру. Бүгінде екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие бермейді, кепіл­дікке жер мен олардың ауылдағы ғимарат­тарын, техникаларын алмайды. Ал, арнайы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға құ­рылған “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ қаржылық инсти­туттары ауыл шаруашылығы субъектілеріне несие беру үшін екінші деңгейлі банктердің кепілдігін сұрайды. Мәселен, 2009 жылы егін егу мен жиын-терін жұмыстарына республи­калық бюджеттен несиеге бөлінген қаржының 96 пайызын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының ірі агрофирмалары алды. Қалған 11 облыс диқандары бөлінген не­сие­нің 4 пайызына ғана ие болды. Ал, берілген несие бүкіл республика көлеміндегі салық төлеушілерден жиналғанын ескерсек, бұл жерде үлкен әділетсіздіктің орын алғанын байқаймыз. Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешені­нің алдында қойылған үлкен міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін іске асыру. Бұл міндеттерді орындау үшін біз бірінші кезекте Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктарын игеруіміз керек. Елімізде агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін көтерудің заңнамалық базасы толық жасалды. Президент Жолдауларында айтылған кө­кейкесті мәселелер Парламент депутаттары – біздерге де қатысты. Бұл міндеттерді орындауда біздер өз үлестерімізді қосуымыз керек. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.