Токиода киокушинкай каратэден Әлем кубогінде 17 жасар Елнұр Дәуілбай үздік нәтижемен жеңімпаз атанды, деп жазады Egemen.kz.
Жас спортшының аталған маңызды жетістікке жетуіне мықты тәртіп, күнделікті жаттығулар және ата-анасының әрдайым қолдауы үлкен рөл атқарды. 2007 жылы 10 қарашада Астанада дүниеге келген ол қаршадайынан ерекше табанды әрі мақсатшыл болған екен. Каратэмен шұғылдануды 7 жасында бастапты. Елнұр Дәуілбай алғашқы қадамдарын «Астана каратэ орталығында» жаттықтырушы Арман Мұхамедрахымның жетекшілігімен жасады. Кейінгі жылдары жас спортшының әлеуетін ҚР Киокушинкай KWF федерациясының жаттықтырушысы Дархан Рахимжанов ашты.
10 жылдық спорттық мансабында Елнұр Дәуілбай 28 қола, 22 күміс, 32 алтын медаль және 26 кубок жеңіп алған. Алайда, оның ең маңызды жетістігі ретінде – 16 жасында каратэден «Спорт шебері» атағын алғанын айта кеткен жөн. Жыл сайын Германия, Нидерланд, Ресей, Түркия, Жапония елдерінде өтетін жарыстарда ол әрдайым жеңіс тұғырларынан көрініп келеді.
Бір қызығы, осындай мол жетістігі бола тұра жас спортшы архитектор болуды армандайды. Сонымен қатар, ол отандық каратэнің көшбасшысы болу мәртебесін сақтап қалуды мақсат етеді.
Отбасы мен мектебінің және бүкіл елдің мақтанышы Елнұр Дәуілбай табандылықтың, жақындарының қолдауының және сүйікті ісіне деген адалдықтың ерекше нәтижелерге әкелетінін әрдайым айғақтап жүр.