Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жас тұлпар» жастар сыйлығы иегерлерін салтанатты марапаттау өтті. Әйгілі «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығы мен ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай алғаш рет өткізілген бұл шараны «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөзбен ашты.
Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жас тұлпар» жастар сыйлығы иегерлерін салтанатты марапаттау өтті. Әйгілі «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығы мен ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай алғаш рет өткізілген бұл шараны «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөзбен ашты.
«Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасында «Жастарды отаншылдықтың арқауында тәрбиелеу әрқашанда Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ», деп көрсетілген. Сондықтан жастар арасында төл мәдениетті дамыту мен отаншылдықты нығайтуға қосқан үлесі үшін тұңғыш рет партия тарапынан «Жас тұлпар» сыйлығын табыстау туралы шешім қабылданды», деді Б.Байбек.
Сонымен, «Жас тұлпар» сыйлығының тұңғыш иегерлері деп төмендегі азаматтар танылды.
Нұрлан Әлімжан. Актер, сазгер, әнші. Қазақстандықтарға ел Президенті жайлы түсірілген «Елбасы жолы» атты киноэпопеяның басты кейіпкері ретінде танылған талант иесі.
Данияр Елеусінов. Бокстан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 69 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионы атанып, ел мерейін үстем еткен саңлақ.
Жансая Әбдімәлік. Оқушылар арасындағы үздік шахматшы титулының иегері. Жеті жасында бірінші разряд нормасын орындаған ол 2008 жылы 20 жасқа дейінгі қыздар арасында еліміздің абсолюттік чемпионы болды. Дәл сол жылы Ж.Әбдімәлік Иранда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, шахмат тарихында ең жас Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ, ол өткен жылы маусымда қыздар арасындағы ең жас гроссмейстер атағын иеленді.
Ибрагим Ескендір. «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі, патриоттық әндер байқауларының жеңімпазы. Оның жүрегінен шыққан «Көк тудың желбірегені», «Аманат», «Бірлік ұраны», «Ләйла», «Ғашықтың тілі», «Қызды неге жылаттың?» әндері халыққа кеңінен танымал. Оның «Көк тудың желбірегені» әні Лондон Олимпиадасы кезінде спортшыларымыз бен жанкүйерлерге патриоттық рух сыйлап, сенім отын жалындатты.
Тұрар Артықбаев. Полиция капитаны, Шымкент қаласында учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Мемлекеттік марапат – «Ерлігі үшін» медалінің иегері. Өзінің қызметтік міндетін орындау кезінде ерлікке барып, қылмыскердің жолына тосқауыл қою үшін атылған оққа кеудесін тосқан болатын.
Еркін Бейсекенов. Ақтөбеде өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет етеді. «Ерлігі үшін» және ІІІ дәрежелі «ІІМ-ге адал қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. 2013 жылдың шілдесінде түн ішінде тұрғын үйлердің бірінде болған өрттен 4 баланы арашалап қалған ол өзі де үш баланың әкесі.
Артур Сулейманов. Шығармашылық лақап аты – Emir France. Әртіс, Алматы қаласының Blow Money лэйблінің рэпері. Оның бейнеклиптері үлкен сұранысқа ие болып, ғаламторда тамашалаушылардың саны бірнеше есеге артқан. Атап айтсақ, UpGrade feat-пен бірлесіп жазған шығармалары: «Kazakhstan» – 230 384 рет, «Киелi мекен» – 78 359 рет қаралыпты.
Жүлделерді Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Мұрат Әуезов, Мәулен Әшімбаев, Бекболат Тілеухан сынды елімізге белгілі азаматтар табыс етті. «Жас тұлпар» сыйлығы кәсіби ерен табысы үшін 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға жылына бір рет берілмек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».