• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2013

Ең лайықтыларға – елдің ерекше құрметі

307 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік, қоғамдық жұмыстар мен ғылым мен өнерде қол жеткізген айрықша табыстары үшін Мемлекеттік сыйлықтар мен атақтар тапсырды.

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік, қоғамдық жұмыстар мен ғылым мен өнерде қол жеткізген айрықша табыстары үшін Мемлекеттік сыйлықтар мен атақтар тапсырды.

Елбасы Н.Назарбаев алдымен жи­налғандарды еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қазақта «Еңбегіне қарай құрметі» деген қанатты сөз бар. Қалыптасқан дәстүр бойынша мен бүгін – Қазақстанның ұлық мерекесінің қарсаңында елімізге айрықша еңбек сіңірген азаматтарға мемлекеттік марапаттар тапсырамын, дей келіп, Президент Мемлекеттік сыйлық мемлекеттің өсіп-өркендеуіне жан аямай үлес қосып жүрген аза­маттарға берілетінін атап көрсетті. Оны жеке азаматтың ғана емес, тұтас еліміздің табысы деп санау керек. Бүгінгі бағындырған биіктеріңіз әр уақытта сіздер үшін баянды болсын.

Осылай деген Елбасы Мемлекеттік сыйлық алған азаматтарды шын жүректен құттықтады. Одан әрі ол татулық пен тыныштықты бас­ты байлығы деп санайтын елдің Парламенті қабылдаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Бейбітшілік және прогресс сыйлығы» бар екенін еске салып, 2013 жылғы сол сыйлық атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовке тапсырылатынын айтты. О.Сүлейменов еліміздің мәдени-рухани өмірінің өсіп-өркендеуіне, халықаралық ын­тымақтастықты дамытуға, Тәуелсіздік жылдарында халқымыз бірлігінің нығаюына, Қазақстандағы татулық пен тыныштықты дүниежүзіне паш етуге сүбелі үлес қосып келе жатқан айтулы азаматымыз, дей келіп, ол құрған «Невада-Семей» қозғалысының ядролық сынақ полигонын жабуға үлкен көмек көрсеткенін де атап өтті.

Одан әрі Президент ғылым мен техника саласында берілетін Мемлекеттік сыйлықтар тапсырылатынына да тоқталды. Тәуелсіздікті тұғырлы етуге ғалымдарымыздың қосқан үлесі де қомақты, деді осы орайда Мемлекет басшысы. Соның ішінде сыйлық халықаралық деңгейдегі математикалық проблемаларды шешуге ұсынған ғылыми мәні зор еңбегі үшін Тынысбек Кәлменовке, қазіргі медицина саласындағы озық технологияларды енгізуге қол жеткізген Серік Ақшолақов басқаратын «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының» ұжымына, маңызы зор ғылыми қолдан­балы сала – картографиялау ісін­дегі жемісті жұмыстары үшін осы сала­ның бір топ географ-ғалымдарына берілетінін жеткізді. Ел игілігі үшін тер төгіп, ізденістер арқылы зор жетістіктерге жеткен адамдар қашанда ерекше ілтипатқа лайық. Соның дәлелі – олардың елдің зор марапаттарына қол жеткізгендігі. Осылай дей келіп, Елбасы лайықтыларды наградтады.

Өзіне Тұңғыш Президенттің «Бей­бітшілік және прогресс сыйлығы» тапсырылғаннан кейін ақын Олжас Сүлейменов Елбасына өзіне көрсетілген құрмет үшін үлкен алғысын айтты. Мен Президенттің осы сыйлығында көрсетілген жұмыстарымды, Құдай бұйыртса, одан әрі де жалғастырамын, деді ол.

Айта кетерлігі, «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» ұжымында Мемлекеттік сыйлыққа ие болғандар арасында бөлімше меңгерушілері Талғат Керімбаев, Ербол Махамбетов, Айса Нұрпейісов, Марат Рабандияров, Нұржан Рыскелдиев, Атластық картографиялау саласындағы ғылыми жұмыстар топтамасы үшін сыйлық алғандар қатарында «Парасат» АҚ география институтының директоры Ахметқали Медеу, бас ғылыми қызметкер Фарида Акиянова, ғылыми-методикалық орталықтың жетекшісі Әлия Бей­сенова, лаборатория жетекшісі Виктор Благовещенский, т.б. болды.

Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаев осы күні әдебиет пен көркемөнердің бір топ өкілдеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын берді. Олардың арасында әншілер Қарақат Әбілдина, Сембек Жұмағалиев, әртістер Нұрлан Әлімжанов, Венера Нығматулина, балетмейстер Әлила Әлішова, журналист Ерлан Бекхожин, жазушы Смағұл Елубаев, ақын Ұлықбек Есдәулет, дизайнер Тимур Сүлейменов және т.б. болды.

Марапаттау рәсімі аяқталған соң Елбасы Н.Назарбаев оларды жоғары наградаларымен құттықтап, денсаулық және шығармашылық жаңа табыстар тіледі. Сонымен қатар, өзінің Жар­лы­ғымен Тәуелсіздік күні мерекесіне орай 1500-ден астам адамның марапат­талғанын, оларға наградаларын Президенттің атынан жергілікті жерлер­де әкімдер мен орталық органдардың басшылары тапсыратынын айтты. Баршаңыздың марапаттарыңыз құтты болсын, деді Елбасы сөзінің соңында.

 Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Соңғы жаңалықтар