• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қаңтар, 2021

Жамбыл облысында алғаш рет ауылда мұз айдыны ашылды

189 рет
көрсетілді

Меркі ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жеміс-жидек ауылында мұз айдыны ашылды. Мұндай жабық мұз айдыны облыс бойынша ауылда алғаш рет салынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ұзындығы – 30, ені – 15 метрді құрайтын нысан балалардың сырғанақ теуіп, бір мезгіл дене шынықтырумен айналысуына тамаша мүмкіндік беріп отыр. Жобаны жас кәсіпкер Ержан Қырғабақов жүзеге асырған. Кәсіпкер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жобасын ұсынып, олардың қаржыландыруының арқасында көптен бері ойында жүрген жоспарын іске асырған.

Нысанның құрылысын жүргізіп, құрал-жабдығын сатып алуға ол 10,5 миллион теңге жұмсапты. Ең алдымен жаңа нысан аудандағы бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізері анық. Жаңа спорт нысанының ашылуына аудан әкімі Мейірхан Өмірбек қатысып, жас кәсіпкерге аудан тұрғындары атынан алғысын жеткізді.

«Неге ауылда мұз айдынын салмасқа деген ой келді. Жобамды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсындым. Олар жобамды қаржыландырған соң осы мұз айдыны кешенін тұрғыздым. Қажетті құрал-жабдықты Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдым», дейді жас кәсіпкер.

Ержан мұз айдынын жыл он екі ай жұмыс істетпек. Алдағы уақытта нысан ғимаратын заманауи тұрғыда жетілдіруге ниеттеніп отыр. Бүгінгі таңда кәсіпкер мұз айдыны арқылы төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Сырғанақ тебуге арналған конькидің 35 жұбын әкеліп қойған. Балалар мен үлкендерге арналған конькидің барлық өлшемі бар. Мұз айдынына келушілер 500 теңге төлеп, бір сағат алаңсыз сырғанақ тебе алады. Бұдан бөлек, кәсіпкер жабық мұз айдынының қасындағы 50 соттық жерге ашық аспан астындағы мұз айдынын және жабық бассейн салуды жоспарлап отыр.