Атырау қаласының тұрғындары медициналық бетпердені 15 теңгеден сатып алуына болады, деп хабарлайды Egemen.kz
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Диас Жәнібековтің айтуынша, монополияға қарсы комплаенс жасалып отыр.
«Монополияға қарсы комплаенс ашық сауда өткізу саясатын көздейді. Бұл – монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтың алдын алу, болдырмау жөніндегі тиімді тәсіл. Сондай-ақ Атырауда медициналық бетперде шығаратын цехтың ашылуы бағаны төмендетуге ықпал етті», дейді Диас Жәнібек.
Медициналық бетперде бағасын төмендету үшін аталған департамент пен «Семейное здоровье» дәріханалар желісінің басшылары келісімшартқа қол қойды.
«Тұрғындардың Атырау қаласындағы Нұрсая, Авангард, Алмагүл шағын аудандарында орналасқан «Семейное здоровье» дәріханасынан медициналық бетпердені 15 теңгеге сатып алуына мүмкіндік жасалды. Бетперденің мұндай төмен бағасы карантиндік шектеу шаралары алынғанға дейін сақталады», дейді дәріханалар желісінің басшысы Сұңқар Мәлікұлы.