• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2010

ДИҚАННЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА...

600 рет
көрсетілді

Құстардың қанатына көктемді ілестіріп жететін көкек айы! Шаруа қазақ “сәуір болмай, тәуір болмас” депті. Қостанайда қалың түскен қардың көбесі сөгілді, “жылғалар­дан су ағып, қаңқыл-қаңқыл қаз келіп” жатыр. Аз күнде топырақ бусанып, шаруаның қырға шығатын кезі де келіп қалады. Ауа райын болжаушылар күннің күрт жылы­натынын да ескертіп отыр. Ал “көктемнің әр күні – жылға азық” ұстанымына берік диқандардың қарбаласы басталды. Дән себуден астықты жинағанға дейін бар жұмысты атқаратын техникалар қыс бойы жөнделді. Егінге алдымен көктің нұры керек, алайда оның сыртында жанар-жағармай, қарымды техника, сапалы тұқым, тыңайтқыш, гербицид сияқты керек-жарақтардың бәрін сайлап алмаса, диқанның бітік бидай баптаймын деуі де бекершілік болып қалады. Биыл облыста 4 миллион 625 мың гектар жерге егін егіледі. Оның 4 миллион 430 мың гектары дәнді дақылдар үлесіне тимек. Бұл өткен жылғы алқаппен қатарлас. Ди­қандар дәнді дақылдың алқабын биыл да азайтқан жоқ. Бұл көктемде де барлық егіс алқабының 95 пайызына дән себіледі. Ға­лымдар айтқан ғылыми негізге сүйенсек, бидай мен арпа, сұлы барлық егіс алқабының тек 70-75 пайызын ғана құрауы керек. Дегенмен, облыста майлы дақылдар алқабы да кеңейіп келеді. Мысалы, биыл оның алқабы өткен жылға қарағанда екі есе көбейді, яғни диқандар 116 мың гектарға майлы дақылдар екпек. Бірақ оның көлемі барлық егіс алқабының 2,5 пайызын ғана құрап отыр. Бұл бірыңғай бидай алқабын азайтып, көп танапты егіске көшуге әлі тым жеткіліксіз. Көп танапты егісті жолға қою үшін дәнді және майлы дақыл­дар­дың сыртында көп жылдық шөп­тер, бұршақ тұқымдас, жармалық дақылдар мен көкөніс түрлерінің де ауқымын кеңейту керек. Бұл ту­ра­лы жақында көктемгі дала жұмыс­тарына диқандардың дайындығын көру мақсатымен облысқа келген Ауыл шаруашылығы министрі А.Кү­рішбаев мырзаның қатысуы­мен өткен кеңесте де кеңінен сөз болды. Тек бидай еге бергенмен ауылшаруашылық рыногында да, халықаралық рынокта да ұтпаймыз. Оған өткен 2009 жыл нақты мысал болып отыр. Егін шаруашылы­ғын­да тепе-теңдікті сақтау үшін алдағы уақытта аудан әкімдері бидай кө­ле­мін барлық егіс көлемінің 70-75 пайызынан арттырмауды жүзеге асы­ратын болады. Бұл топырақты аздырмау жолында басты шаралар­дың бірі болумен қатар, ауыл ша­руа­шылығы рыногын да жүйелеп оты­руға алғышарттардың біріне айналады. Көктемгі дала жұмыстарына об­лыста алдымен тұқым дайын бол­ды. Қазір қамбадағы 581 мың тонна тұқымның 500 мыңнан астам тон­насының сапасы тексерілді. Оның 83 пайызы І және ІІ класқа жат­қы­зылды, яғни бұл көрсеткіш өт­кен жылғыдан да жақсы деген сөз. Қостанай өңірінде майлы дақылдар соңғы жылдары ғана қолға алына бастады. Сондықтан бағасының қымбаттығына сай күтімінің де кілтипаны мол рапстың, зығырдың егу, күту технологиясына әлі қанық емес шаруалардың ұтылған кездері де жоқ емес. Биыл бидай аумағын азайтқысы келетін шаруалар зы­ғыр­дың тұқымын іздеп сарсылатын түрі бар. Әзірге бұл дақылдың тұқымын сатумен “Мельагропром” ЖШС айналысады. Оның шаруа­лар сұранысын қаншалықты орын­дайтындығын биылғы көктем көрсетер. Бүгінде дала төсін қуатты тех­ни­каларсыз елестету қиын. Оны ша­руалар да түсінген. Шетелдік қа­рымы мол техникалармен мәшине паркін түгел жаңалаған шаруашы­лық­тар аз емес. Мысалы, Меңді­ға­ра ауданындағы “Каркен” ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов сияқты ша­руа­ны үйірілдіретін кәсіпкерлер тех­ни­касын 100 пайыз жаңалап алған. Ка­нададан, Германиядан шығарыл­ған, компьютерлендіріл­ген ком­байн­дар мен тракторлар қыс ай­ла­рында суытылған тұл­пардай жа­бу­ланып, қар, жаңбыр, шаң тимейтін арнайы орындарда сақталды. – Бұрынғы “Енисей” комбайн­дарының алтауының орғанын мына канадалық комбаиндар бір өзі атқарады. Ауылдағы басқа тірлікті ысырып қоя тұрып, алдымен тех­ни­каны жаңалаған себебім, көк­темгі дала жұмыстарын да, күзгі жиын-терінді де қысқа уақытта ат­қаруға қол жеткізуді мақсат тұттым. Бұл астықтың да, көкөністің де, майлы дақылдың да алдымен сапа­сына оң әсер етеді. Ал сапалы ас­тық қандай бәсекеге де төтеп бе­ре­ді, шіреніп отырып сатасың, – дейді Сәкең. – Көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін жыл сайынғы дайын­дық жұмыстары кезінде жанар-жағармай проблемасы көлденең тұ­ратын. Диқандарды оның баға­сы­ның ойлантқан немесе жетім­сіздігі қинаған кездері де болды. Биыл көк­темгі дала жұмыстары үшін об­лыс­қа 70 мың тонна ди­зель отыны, 7,7 мың тонна бен­зин, бес мың тоннадай дизель майы қажет. Қа­зір­дің өзінде Аты­рау мен Павлодар зауыттарынан осы көлемнің 44 мың тоннасы Қостанай үшін бөлі­ніп қойды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Нұралы Сәдуақасов. Биыл минералды тыңайтқыш­тар үшін облыс диқандарына бө­лін­ген субсидия былтырғыға қара­ғанда едәуір көп. Оны диқандар қо­­лы­на уақытылы жеткізу меха­низмі де биыл бұрынғыға қарағанда қо­лайлы ұйымдастырылып отыр. Тыңайт­қыш­ты диқан қазақстандық зауыт­тардан алатын болса, оған арналып бөлінген көмек қаржы тікелей зауыттарға аударылады. Ал ди­қан жет­кізушілерден сатып алғы­сы келсе онда қаржы оның қолына беріледі. Қостанай өңірінде жаздың жаңбырлы немесе қуаңшылық бо­ла­рын әлі тап басып ешкім білмей­ді. Мамандардың айтуына қараған­да, биыл қар қалың түскенмен 586 мил­лион текше метр сыйымдылы­ғы бар су қоймаларының үштен бірі ғана толатын көрінеді. Сон­дық­тан дәнді дақылдар мен екпе шөптердің шегіртке бұлты мен басқа да зиянкестерден жыл сайын болатын қауіп биыл да сейілмейді. Бюджеттен бөлінген қаржыға осы зиянкестерге қарсы өңделетін жер­дің көлемі биыл 900 мың гектарға жеткізілді. Ал өсімдіктің түрлі зиян­кестеріне қарсы өңделетін жар­ты миллионнан астам гектар жерге диқандар қаржыны өздері та­буы керек. Көкектен басталған қарбалас қыркүйек айында жайқалған ас­тық­тың орағымен аяқталады. Бірақ диқан көңілі тыншымайды. Осын­ша бейнетпен алақанға түскен дән­ді, қамбаға құйылған астықты ор­ны­на сатуы керек. Астық ры­но­гында құлдырап кеткен баға был­тыр қостанайлық диқандарды біраз дағдартып қойды. Өткен жылы диқандар өндірген 5,4 миллион тонна астықтың 1,3 миллион тоннасы әлі қамбада жатыр. Соған қара­мастан биыл алқап көлемі қыс­қарған жоқ. Уақыт не көрсетсе де диқан тәуекелі берік, “қолда бар­дың есебі табылады” деген қазе­кемнің қанағатын қостанайлық диқандар да ұстанып отыр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.