Соңғы мәліметтер бойынша, елордада шағын және орта бизнестің 33 585 субъектісі бар. Оның ішінде 59,9%-ы өз деректерін ақпараттық жүйеде жаңартқан, ал 40,1%-ы мұны әлі жасаған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес кәсіпкерлері жеңілдікті санаттарына жататын өз қызметкерлерінің деректерін (ЖСН) msb.fms.kz сілтемесі бойынша «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне енгізіп, жаңартып отыруы тиіс екенін еске салады. Уақтылы енгізілмеген жағдайда қызметкерлер сақтандыру мәртебесінің болмауына байланысты МӘМС жүйесінде медициналық көмекке жүгіне алмайды. Бұл іс-шараны шағын және орта бизнес өкілдері тұрақты түрде есепті айдан кейінгі айдың 25-не дейін жүргізуі керек», дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 қазандағы №721 қаулысы шықты, құжатқа сәйкес жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдарды төлеуден босатылған болатын.
Пандемия кезінде «нөлдік мөлшерлемені» қолданған ШОБ тізіміне сауда, көлік және техникалық қызмет көрсету, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана-қонақ үй ісі, ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамтамасыз ету, фитнес және т.б. субъектілер кірді.