• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тағайындау 22 Қаңтар, 2021

Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

298 рет
көрсетілді

Осыған дейін әкім қызметін атқарып келген Балғабай Ыбыраев қала басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Ақсу әкімі қызметінде екі жылдан астам уақыт бойы атқарған жұмысы үшін Балғабай Ыбыраевқа алғысын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

"Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілді, көптеген ірі әлеуметтік жобалар іске асырылды, Сіздің тәжірибеңіз бен біліміңіз біздің өңір тұрғындары үшін пайдалы болады деп сенемін. Сізге алдағы жұмыстарыңызға табыс, отбасыңызға амандық және зор денсаулық тілеймін", деді өңір басшысы Балғабай Ыбыраевқа.

Ақсу қаласының әкімі лауазымына ұсынылған Нұржан Әшімбетовтің кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Жаңа қала басшысын таныстыра отырып, облыс әкімі Нұржан Әшімбетовтің биліктің атқарушы және өкілетті органдарында мол тәжірибесі бар екенін атап өтіп, оның алдына бірінші кезектегі міндеттер қойды.

"Өнеркәсіп өндірісінің, электр энергиясының өсуін, өңдеу өнеркәсібін дамытуды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті, шағын индустриялық аймақтарды дамыту және жеке инвестицияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізу қажет. Ақсу ауылдық аймағының әлеуеті зор – бұған назар аудару керек", деді өңір басшысы.

Бұдан басқа, Ақсу қаласында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және тұрғын үй құрылысын аяқтау облыс басшылығының ерекше бақылауында болады. Нұржан Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «Зооинженер» мамандығы бойынша, 2002 жылы Алматы Экономика және статистика институтын «Бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша, ал 2014 жылы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1993 жылы Павлодарда «Сәуле» концернінің қызметкері болып бастаған. Сол жылы Павлодар мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитетінде істеді.

1994-1995 жылдары – «Мақсат» жастар тұрғын үй кооперативінің маманы.

1995 жылдан Павлодар аумақтық мемлекеттік мүлік комитетінің маманы, бас маманы.

1996 жылы USAID жобасының Павлодар облысындағы «Карана» корпорациясының кеңесшісі болды.

1996 жылғы желтоқсаннан 1997 жылға дейін «Ремек» консалтингтік фирмасының директоры, 1997-1998 жылдары Лебяжі ауданындағы өндірістік кооперативтің төрағасы, 1998-1999 жылдары сол аудандағы агрофирманың директоры.

1999 жылы Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2001 жылдан 2006 жылға дейін Лебяжі ауданының әкімі қызметін атқарды. 2006-2008 жылдары Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.

2009 жылы Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалды. 2012-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары. 2016 жылы Павлодар қаласының әкімі лауазымына тағайындалды, ал 2018 жылдан 2019 жылға дейін Екібастұз қаласының әкімі болды.

2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VI шақырылымындағы депутаты болды.