• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қаңтар, 2021

Бауырбектің батылдығы

845 рет
көрсетілді

Жуырда Әулиеата өңірінде бір адамды ажалдан аман алып қалған азаматтардың ерлікпен бірдей әрекеті көптің назарына ілінді. Оқиға Т.Рысқұлов ауданы, Луговое кенті маңындағы тасжолда болған. Осы жерде өз жұмыстарымен кетіп бара жатқан Меркі ауданы №9 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс капитаны Бауырбек Мырзахан мен оның досы Жандос Утбекбаев мінген көлікті жол бойында бейтаныс кісілер тоқтатып, көмек сұрайды.

Көліктен түскен екі азамат жолдың шетіндегі жеңіл автокөліктің жанында есінен танып жатқан, жасы елулер шамасындағы әйелді көреді. Оның жанындағы кісілердің шарасыздықтан абдырап тұрғаны байқалады. Бауырбек дереу батыл қимылдап, бейтаныс әйелдің қарысып қалған жағын сыр бояй­­­тын таяқшамен күштеп ашып, тілін жұтып қоймауы үшін жанталасады. Мұнан әрі «Жедел жәрдем» келгенге дейін науқастың жанында болады.

Кенеттен қиын жағдайға тап болған әйел отбасымен бірге көрші ауылға бір шаруамен кетіп бара жатқан екен. Оның талма ауруы бар болып шықты. Дер кезінде анасын ажалдан арашалап қалған азаматтарға риза болған қызы Гүлмарал Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментіне алғыс хат жолдапты.

 

Жамбыл облысы