Жезқазғандағы тарихи-археологиялық музейде бапкер Мейірімхан Ерәлиев садақ атудан шеберлік сыныбын өткізді. «Бес қару» деп аталған бұл дәріске жас өлкентанушылар ғана емес, мұражай қызметкерлері де қатты қызығушылық танытты.
Тағылымды іс-шараның аталған музей қабырғасында өтуі тегін емес еді. Мұнда Орталық Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған жебелердің ұштары көптеп сақталған. Бапкер Мейірімхан Ералиев осы жәдігерлерді мысалға келтіре отырып, балаларға садақ ату өнерінің тарихы туралы қызғылықты әңгімелер айтып берді.
Жалпы Мейірімхан Ералиев өскелең ұрпақ өкілдерін садақ ату өнеріне тегін баулып жүр. Оның пікірінше, алдағы уақытта қалада садақ ату спорты міндетті түрде дамиды екен. «Өйткені, – дейді бапкер, – Жезқазғанда спорттың осы түріне деген жастар арасындағы қызығушылық өте зор. Олардың ішінде таланттылары да баршылық. Тіпті, үлкендердің өзі келіп, үйретуге қолқа салып жатады».
Коронавирус инфекциясына байланысты қазіргі уақытта садақ ату үйірмесіне келушілердің саны біршама кеміген. Әйтсе де, көрші Сәтбаев қаласынан бірнеше ата-ана келіп, балаларын үйірмеге әкелуге ниет білдіріпті. Ал Мейірімхан Ералиевтің өзі маңайдағы ауылдарға шығып, ондағы балаларға садақ ату өнерінің әліпбиін үйретіп жүр.
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы