Коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in белсенділігі жойылған (инактивтелген) вакцинасы – Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру аясында әзірлеген өнімі. Аталған екпе клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңінен сәтті өтті.
Осы екі кезеңнің нәтижесі бойынша вакцина өзінің иммуногендігін және тиімділігін көрсетті. Егер екпенің иммунногендігін сөз етсек, онда оның қауіпсіздігі жөнінде де айтып отырғанымыз анық. Бұл – тұтынушы үшін ең басты көңіл аударатын мәселе.
Клиникалық зерттеудің алғашқы кезеңінде 44 еріктіге екпе егілді. Ал екінші кезеңде 200 волонтер отандық екпені сынақтан өткізуге қатысты. Екі кезеңнің нәтижесінде айтарлықтай теріс көрсеткіштер анықталмады. Тек екпені қабылдағандар инені салған кезде шаншудың әсерінен кішкене ісінудің болғанын, бірақ алғашқы 2-3 күнде жағымсыз әсердің жойылғанын жеткізген. Қазір вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өтті. Өйткені 2020 жылдың 18 желтоқсанында Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті QazCovid-in инактивтелген вакцинасын клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өткізуге рұқсат берді. Содан 25 желтоқсанда клиникалық сынақтың үшінші кезеңі бойынша вакциналау басталып, 3 мың еріктіге екпе егілді.
Зерттеудің хаттамасына сәйкес, клиникалық сынақтың үшінші кезеңі 180 күнді құрайды. Соңғы кезеңнің аяқталуы шамамен биылғы маусымға жоспарланып отыр. Дегенмен мұның өзі өзгермейтін мерзім емес. Бәрі де зерттеудің барысына байланысты. Себебі әлгінде айтқанымыздай, сынақ субъектілерін бақылаудың өзіне 180 күн керек, одан кейін зерттеудің сараптамалық қорытындысы дайындалады.
Вакцинаны өндіруге уақытша тіркеу берілген. Сондықтан алдағы сәуір айынан бастап отандық өнім өндіріле бастайды. Өндіріс жұмыстары биылғы қыркүйек айының соңында аяқталады. Ал сәуір айының соңында отандық вакцинаның бірінші партиясы дайын болады. Содан соң отандық екпені салдыру басталады.
Нұрлан ӘУКЕНОВ,
Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің басқарма басшысы