• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Қаңтар, 2021

Қор биржасындағы қоңдылар

520 рет
көрсетілді

Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының Қазақстан қор биржасындағы (KASE) акциялары 37 пайызға қымбаттап, жыл соңында бір акцияның құны 7 150 теңгеге жетті. Бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша KASE индексінде тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.

Қазақстан қор биржасының баспа­сөз қызметі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы акциялары жақсы өсім көрсеткен компаниялардың үштігіне «Қазатомөнеркәсіптен» бөлек, «KAZ Minerals PLC» және «Кселл» компания­лары енген.

KASE-нің дерегінше, 2020 жылдың наурыз айында «Қазатомөнеркәсіптің» бір акциясының құны 4 707 теңгеге дейін төмендеген. Бұған жаһандық қор индекстері мен шикізат бағасының құлдырауы себеп болды. Кейін уран бағасы өсті. Тиісінше, компания акциялары да қымбаттай бастады. 2021 жылдың 20 қаңтарындағы жағдайға сүйенсек, Ұлттық атом компаниясының бір акциясы 7 927 теңгеге сатылуда. Демек, акцияның құны 2021 жылдың басынан бері 2,81 пайызға қымбаттаған.

2020 жылы «KAZ Minerals PLC» компаниясының акциялары 33,2 пайызға өскен. Осылайша, компания KASE индексінде өсім жағынан екінші орынға ие болды. Қор биржасының мәліметінше, компанияның акциялары негізінен өткен жылдың қазан-желтоқсан аралығында жақсы өсім көрсеткен. Нақтырақ айтсақ, дәл осы аралықта бірден 15,2 пайызға қым­баттаған. «KAZ Minerals PLC» акция­ларының қымбаттауына әлемдік нарық­тағы мыс бағасының оң динами­касы әсер етті. 2021 жылдың 20 қаңтарындағы жағдай бойынша, компанияның акция­лары осы жылдың басынан бері 2,36 па­йыз­ға өсіп, бір акция 3 997 теңгеге сатылуда.

Үздік үштікті «Кселл» акционерлік қоғамы түйіндеген. Компанияның акция­лары 2020 жылы 18,5 пайызға өскен. Әсіресе өткен жылдың 30 желтоқсанында ерекше өсім көрсетіп, бір акцияның құны 2 780 теңгеге дейін жеткен. «Кселл» акциялары биыл да жақсы өсім көрсетуде. Қазір оның бір акциясын 2 839 теңгеге сатып алуға болады.

Жалпы, өткен жылы KASE индексінің мәні 13,2 пайызға, яғни 2 675,58 пунктке дейін өскен. Жыл қорытындысы бойынша индекстік акциялармен жасалған сауда-саттықтың жиынтық көлемі 150,4 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш 2019 жыл­мен салыстырғанда 39 пайызға артқан.

– Акциялар нарығын капиталдандыру бір жыл ішінде 10,6 пайызға ұлғайып, 19,1 трлн теңгеге тең болды. Акция­лармен жүргізілген сауда-саттық көлемі былтыр 2019 жылға қарағанда 17,1 пайызға немесе 238,4 млрд теңгеге дейін өсті. Тарқата айтсақ, орташа күндік сауда-саттық көлемі 969,1 млн теңгені құрады. Ал орташа күндік мәміле саны – 795, бір мәміленің орташа күндік көлемі – 1,2 млн теңге. Бастапқы нарық көлемі 3,5 млрд теңгеге, қайталама нарық 234,9 млрд теңгеге бағаланды.

Инвесторлар бөлінісінде бастапқы нарықта заңды тұлғалар (сауда-саттық кө­лемінің 84,7 пайызы), қайталама на­рық­та жеке тұлғалар (53,8 пайыз) көш бас­тап тұр. Айта кетейік, 2020 жылы Орта­лық депозитариде жеке тұлғалардың 15 мың­нан астам жаңа шоты ашылған. 2021 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша олар­дың жалпы саны – 132 861, – деп хабар­лады Қазақстан қор биржасының баспасөз қызметі.

Былтыр KASE-дегі сауда-саттықтың жиынтық көлемі 118 трлн теңгені құра­ған. Көрсеткіш 2019 жылмен салыс­тырғанда 0,1 пайызға немесе 152,1 млрд теңгеге төмендеген. Бағалы қағаз­дар нарығындағы сауда-саттық көлемі 49 пайызға өсіп, 7,9 трлн теңгеге жетті. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йын­ша, KASE-нің сауда-саттық тізілімінде 191 эмитенттің (ұйымның) 477 атаулы мемлекеттік емес бағалы қағазы шығарылған.