Чилидегі президент сайлауында Мишель Бачелет жеңіске жетті. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Сайлау қорытындысы бойынша, 62 жасар Мишель Бачелет 62,2 пайыз дауыс жинаған. Ал оның қарсыласы, биліктегі консервативті «Чили Альянсы» коалициясынан ұсынылған кандидат әрі бұрынғы еңбек министрі Эвелин Маттей сайлаушылардың 37,84 пайыз даусын жинаған. Елдің қазіргі президенті Себастьян Пиньера телефон арқылы Мишель Бачелетті сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
«Жаңа көпшілік» бірлескен солшыл коалициясы тарапынан ұсынылған Мишель Бачелет 2006-2010 жылдары Чили президенті қызметін атқарған болатын. Таяу уақытқа дейін ол БҰҰ Әйелдер ұйымының атқарушы директоры болды. Енді төрт жыл үзілістен кейін Мишель Бачелет үлкен саясатқа қайта оралып отыр.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com