Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан «СҚ-Фармация» компаниясының міндеттемелерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz
«СҚ-Фармация» компаниясының қандай сын айтылғанын білесіздер. Ол жерге салмақты реформа керек. Осыған байланысты не істелді?», деді Мемлекет басшысы.
Бұл сұраққа жауап берген Алексей Цой компанияның жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті.
«Қазіргі уақытта сіздің тапсырмаңызды орындаудың нақты жоспары құрылған. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бақылауында. Біз қоғамдық жұмыс тобын құрдық. 23 адамнан тұратын жұмыс тобына азаматтық қоғамның, қауымдастықтардың өкілдері мен депутаттар кірді. Біздің бақылаушы оның құрамына қоғам өкілдерін де енгізді», дейді Алексей Цой.
Осы орайда Денсаулық министрі дәрі-дәрмекті сақтау мен тасымалдау жұмысының электронды сатып алу тәртібіне көшкенін өте маңызды мәселе екенін тілге тиек етті.
«Биыл дәрі-дәрмекті сатып алу шаруасын толығымен автоматтанрыуды көздеп отырмыз. Осының арқасында өткен жылдан қарағанда біршама қаражатты үнемдей аламыз», деп толықтырды Денсаулық министрі.