• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Бизнес 26 Қаңтар, 2021

«Орталық Азия» халықаралық сауда орталығының құрылысы қашан басталады?

423 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысына «Орталық Азия» халықаралық сауда орталығын тезірек салуды жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өзекті бола түсті. Ол мәселені технологиясы жоғары ауыл шаруашылығынсыз және бәсекеге қабілетті өңдеуші өндіріссіз шешу мүмкін емес. Бұл – аксиома. Былтырғы 11 айдың ішінде азық-түлік импортының көлемі 3,6 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы (12 айлық) көрсеткіштің өзінен 9 пайызбен озып кетіп отыр. Оның үстіне АӨК-ты дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі декларацияланған көрсеткіштерге әлі де жете алмай келеміз. Былтыр халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы керісінше қымбаттай берді. Мемлекеттік органдардың бағаларды сақтап қалу бойынша шаралары, сондай-ақ сауда желілеріне жеңілдетілген несие беру – оң нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 11 пайызға артты. Жалпы инфляцияның ішіндегі олардың үлесі – 60 пайызға жетті. Үкімет нарықтық механизмді негізге ала отырып, жоғарыда аталған мәселені шешетін шараларды қабылдауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар Президент 24 жаппай тарату орталықтарын іске қосудан тұратын Ұлттық тауар өткізу жүйесін тезірек жолға қоюды жүктеді.

«Қазіргі таңда көкөністің 90 пайызын Өзбекстаннан импорттап отырмыз. Сонымен қатар бұл мемлекеттің Ресеймен сауда қарым-қатынасы да біздің елдің аумағы арқылы өтеді. Осыған байланысты «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығының жобасы жарияланған еді. Бұл орталық бизнеске тұрақты түрде ақша табуға көмектесуі керек. Ал мемлекет ол арқылы бюлджетті толықтыруы тиіс», деді Қазақстан Президенті.

Бұдан өзге, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы кезінде Елбасының өзі тапсырғанын, бірақ 3 жылдың ішінде келіссөзге қол қоюдан басқа ештеңе істелмегенін мәлім етті.

«Премьер-министр бұл мәселені жеке бақылауына алып, бұл орталықты құру ісін тездетуі керек. Ол жөніндегі қабылданған шаралар жайлы бір айдың ішінде ақпарат беріңдер», деді Мемлекет басшысы.