• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2010

ҚЫРҒЫЗСТАН АЛҒЫС АЙТАДЫ, КӨМЕК СҰРАЙДЫ

694 рет
көрсетілді

Қырғыз Республикасы Уақытша үкі­метінің төрайымы Роза Отунбаева Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаевқа  жеделхат жолдап, онда Қырғызстандағы ахуалды  реттеудегі баға жетпес көмегі мен жәр­де­мі үшін ел халқының атынан шынайы ризашылығын білдіріп, бірқатар мәсе­ле­лер­ді шешуге Қазақстаннан көмек көр­се­туді сұрады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. “Сіздің тікелей қатысуыңызбен Қырғызстандағы қатерлі де шиеліністі ахуалды реттеу мүмкін болды, қазір елдің құқықтық арнаға нақты бетбұрысы жасалды”, делінген жеделхатта. Одан әрі халықтың шұғыл мәселе­лерін шешуге қазіргі экономикалық жағдайлары мүмкіндік бермейтінін айта келіп, Елбасынан, туысқан қазақ хал­қы­нан қазіргі кезде Ресей мұнай өңдеу зауыттары шығарған мұнай өнімдері түсіп жатпауына байланысты қырғыз опера­тор­ларының қоймаларындағы мұнай өнім­де­рі бітудің алдында тұрғандықтан, көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін 10-15 мың тонна жанар-жағармай мате­риал­дарын несиеге және 10 мың тон­на­сын гуманитарлық көмек ретінде, сондай-ақ тыңайтқыштар мен тұқым материал­дарын  беру жөнінде көмек сұрайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр К.Мәсімовке осы мәселелерді шешу жөнінде келіссөз жүргізуді тапсырды. *  *  * Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қырғыз Республикасы Уақытша үкіметі  басшысының орын­ба­сары Алмазбек Атамбаевты қабылдады. Кәрім Мәсімов Қазақстанның Қырғызстан Республикасында барынша қысқа мерзімде тұрақтылық орнауына мүдделі екендігін айта келіп, туысқан халыққа барынша көмек көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ Премьер-Министр бұрын қол жет­кізілген екіжақты сауда-экономикалық келісімдердің жүзеге асырылуында жал­ғастылық болатындығы­на үміт білдіріп, Қырғыз елінің эконо­микасына Қазақ­стан­ның ірі инвестор болып отырған­ды­ғын, алдағы уақытта да инвестициялық байланыстарды жалғас­тыруға әзір екендігін атап көрсетті. Өз кезегінде Алмазбек Атамбаев Қыр­ғызстанға жасалып жатқан туысқандық көмек үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысын жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономи­калық байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді. Кездесуден кейін Қырғыз Республи­ка­сы Уақытша үкіметі басшысының орын­басары Алмазбек Атамбаев БАҚ өкіл­дерімен жүздесті. Ол Қазақстан Үкіметінің басшысымен болған кездесуде екі ел арасындағы шекараны ашу, Қазақ­станға келіп еңбек етіп жатқан қырғыз­стандықтарға бұрынғы режімді қолдану, көктемгі егіске байланысты Қырғыз еліне жанар-жағармай үшін арнаулы лимит бөлу мәселелері талқыланғандығын айтты. Кездесуде осы үш маңызды мәселе бойынша да келісімге қол жеткізілген. Қа­зақстан көрші елге көктемгі егіс жұмыстарына қажетті жанар-жағармайды толық мөлшерде босататын болды. Ше­караны ашу мәселесінде де уағдаластыққа қол жеткізілді. А.Атамбаев Қазақ елінің Қыр­ғызстанға туысқандық көмек қолын созғанына шынайы алғыс айтты. Жур­налистердің қойған сұрақтарына жауап бере келіп, А.Атамбаев Жалалабад өңірін­де әлі де тұрақсыздықтың орын алып отыр­ғандығын хабарлады. Бұрынғы пре­зидент Қ.Бакиевтің маңайындағы билік елдегі қылмыстық топпен біте қайнасып кеткендігін, қазіргі күні сол күштердің елде тұрақсыздықты қалыптастыруға күш салып жатқандығын айтты. Уақытша үкі­мет өкілі қандай жағдай болса да бейбіт халыққа қарсы күш қолданыл­май­тындығын атап көрсетті.